Су – ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі ресурстардың бірі. Әсіресе, Түркістан облысы сияқты аграрлық әлеуеті жоғары өңір үшін су қорларын тиімді пайдалану, оны үнемдеу және заманауи технологияларды енгізу аса маңызды бағыттардың қатарында.
Бүгінде Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республика көлемінде стратегиялық маңызға ие. Өңір еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жетекші орындардың бірін иеленіп отыр. Қазақстандағы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің шамамен 13 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі.
Өңірдің басты ерекшеліктерінің бірі – суармалы егіншіліктің кең дамуы. Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі, яғни 554 мың гектардан астам алқап Түркістан облысының аумағында орналасқан. Бұл көрсеткіш өңірдің аграрлық әлеуетін айқындап қана қоймай, су ресурстарын тиімді басқарудың маңызын арттыра түседі.
Қазіргі таңда әлемде су тапшылығы мәселесі өзекті болып отырған кезеңде ауыл шаруашылығында суды үнемдеу технологияларын қолдану – уақыт талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталып, су үнемдейтін озық технологияларды енгізу жұмыстарын жеделдету қажеттігін атап өткен болатын.
Президент ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану үшін заманауи технологиялардың қолданылу аясын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту міндетін қойған еді. Бұл тапсырма Түркістан облысында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Өңірде су үнемдеу технологияларын дамыту тек ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттырумен шектелмейді. Бұл бағыт жаңа өндіріс орындарын ашуға, инвестиция тартуға, жұмыс орындарын көбейтуге және өңір экономикасының тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Түркістан облысында бүгінде су үнемдеу технологияларын шығаратын 4 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында BNK GROUP LTD, KAZ KIOTI, ХИНЖИН Ирригейшн және TURAN SU кәсіпорындары бар.
Бұл өндіріс орындары ауыл шаруашылығы саласына қажетті заманауи құрал-жабдықтарды шығарып, шаруалардың жаңа технологияларға қолжетімділігін арттыруға ықпал етіп отыр. Жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрайтын аталған жобалардың жылдық өндірістік қуаты 163 мың гектар алқапты қамтуға мүмкіндік береді.
Оның ішінде 73 мың гектар жерге тамшылатып суару жүйелерін, 90 мың гектар аумаққа жаңбырлатып суару технологияларын енгізу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетерлігі, Қазақстандағы жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын алғашқы зауыт та Түркістан облысында іске қосылған болатын. Бұл өңірдің су үнемдеу саласындағы өндірістік әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі 114 мың гектарға жетті. Бұл жалпы суармалы жерлердің шамамен 20 пайызын құрайды.
Сала мамандарының айтуынша, су үнемдеу технологияларының тиімділігі жоғары. Тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері арқылы ағын суды 1,5-2 есеге дейін үнемдеуге болады. Сонымен қатар бұл технологиялар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 2-3 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Сондықтан Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу аграрлық саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде белгіленген.
Алдағы кезеңде бұл жұмыстарды одан әрі күшейту жоспарланып отыр. Қосымша құны 6 млрд теңгені құрайтын, 30 мың гектар алқапты қамтитын тағы екі кәсіпорынды іске қосу көзделген. Бұл жобалар шаруалардың заманауи суару жүйелерін пайдалану мүмкіндігін кеңейтіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға жол ашады.
Өңірде су тапшылығы мәселесін шешу, сыртқы су көздеріне тәуелділікті азайту және су ресурстарын тиімді басқару мақсатында жыл сайын кемінде 50 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр.
Өткен жылы Түркістан облысының оңтүстік аудандарында су тапшылығы мәселесінің айқын сезілуі бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетудің қажеттігін көрсетті. Сондықтан су қорларын тиімді пайдалану, суару жүйелерін жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу алдағы уақытта да басты назарда болады.
Су үнемдеу – тек бүгінгі күннің талабы емес, болашақтың кепілі. Әрбір тамшы суды тиімді пайдалану арқылы ғана ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, табиғи ресурстарды сақтауға және келешек ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік бар.
