Су – тіршіліктің өзегі, ауыл шаруашылығының басты байлығы әрі экономиканың тұрақты дамуына негіз болатын стратегиялық ресурс. Әсіресе табиғаты қуаң оңтүстік өңірлерде су қорын тиімді пайдалану, оны үнемдеу және көбейту мәселесі жыл сайын өзектілігін арттырып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысының Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан су шаруашылығы жобалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр.
Былтыр көктемде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Созақ ауданына жұмыс сапарымен келуі осы бағыттағы жұмыстардың маңызын айқындай түсті. Су ресурстары және ирригация министрі Жамбыл облысының «Қазсушар» филиалы мен Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшылары Созақ ауданына барды. Тексеріс барысында Шу өзені арнасын өз бетінше бұру және заңсыз бөгет тұрғызу дерегі анықталмаған. Барлық суармалы алқаптар және су пайдаланушылар су ресурстарының бөлінген көлемінде сумен қамтамасыз етілуде. Министрлік өкілдері аудан тұрғындарымен кездесіп, халықты сумен қамту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Сапар барысында Шу өзені арқылы келетін су көлемін арттыру, Тасөткел су қоймасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту және шаруаларды сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды. Мемлекет тарапынан қолға алынған бұл жұмыстар ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырумен қатар, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға да оң ықпалын тигізуде.
Шу өзені – Қазақстан мен Қырғызстан аумағы арқылы ағатын, тарихи әрі стратегиялық маңызы зор өзендердің бірі. Ұзындығы мың шақырымнан асатын өзен ежелгі заманнан бері Жетісу мен оңтүстік өңірлердегі елді мекендердің тіршілік көзі болып келеді. Тарихи деректерде Шу аңғары Ұлы Жібек жолының маңызды бағыттарының бірі ретінде сипатталады. Өзен бойында сауда-саттық дамып, егіншілік пен мал шаруашылығы қатар өркендеген. Кейін патшалық Ресей кезеңінде және кеңестік дәуірде көптеген ирригациялық жүйелер салынып, өзен суы ауыл шаруашылығына кеңінен пайдаланылды.
Созақ ауданы табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты жауын-шашын аз түсетін, шөлейт белдеуде орналасқан. Сондықтан аудан халқы үшін судың әрбір тамшысы аса құнды. Жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауы су тапшылығын күшейтіп, ауыл шаруашылығы жұмыстарына едәуір қиындық туғызады. Бұрын көптеген шаруашылықтар егістік алқаптарын толық көлемде суара алмай, өнім көлемі төмендеп, мал азығын дайындауда да қиындықтарға кезігетін. Бұл жағдай шаруалардың шығынын көбейтіп, ауыл экономикасына кері әсерін тигізіп келді.
Соңғы жылдары мемлекет қолдауымен бұл мәселелерді шешуге бағытталған кешенді жұмыстар қолға алынды. Ең алдымен су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға басымдық берілді. Тасөткел су қоймасы мен оған жалғасатын каналдар кезең-кезеңімен жөндеуден өткізіліп, су өткізу қабілеті арттырылды. Заманауи цифрлық технологиялардың енгізілуі су шығынын азайтып, әрбір текше метр суды тиімді басқаруға мүмкіндік беруде.
Шу өзеніндегі ең ірі гидротехникалық нысан саналатын Тасөткел су қоймасының сыйымдылығы 620 миллион текше метрді құрайды. Биіктігі 38 метр болатын бөгет пен ұзындығы 1,2 шақырымдық су торабы толықтай жаңғыртылып, автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықталған. Ал ұзындығы 120 шақырымға жуық Фурманов каналы қайта жөнделіп, оның су өткізу мүмкіндігі секундына 90 текше метрге дейін жеткізілді. Нысандарға GPS бақылау құрылғылары, автоматты су деңгейін өлшейтін сенсорлар, дренаждық сорғы жүйелері орнатылып, инженерлік бақылау күшейтілді.
Жүргізілген жұмыстар нақты нәтижесін бере бастады. 2025 жылдың көктемінде Созақ ауданына жеткізілген су көлемі 1 миллиард 380 миллион текше метрге жетіп, соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 300 миллион текше метрге артық. Сонымен қатар суару маусымы бір ай бұрын басталып, шаруалар көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде жүргізуге мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде өнім көлемін арттырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін көтеруге негіз болды.
Мамандардың айтуынша, су көлемінің артуы тек егін шаруашылығына ғана емес, мал шаруашылығының дамуына да оң әсер етеді. Себебі жайылымдық жерлердің ылғалдануы жақсарып, табиғи шөптің шығымы артады. Бұл мал азығының қорын молайтып, шаруалардың шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа суармалы алқаптарды игеру арқылы көкөніс, мал азықтық және жем-шөп дақылдарының егіс көлемін ұлғайтуға жол ашылады.
Су ресурстарының көбеюі өңірдің экологиялық жағдайына да игі ықпал етуде. Соңғы жылдары Шу өзенінің табиғи арнасындағы су деңгейінің көтерілуі балық қорының қалпына келуіне әсер етіп отыр. Су құстарының маусымдық қоныс аудару бағыттары қайта жанданып, өзен бойындағы табиғи экожүйе біртіндеп қалпына келуде. Сонымен бірге жерасты суларының деңгейі көтеріліп, суармалы жерлердің тұздану қаупі азайып келеді. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылығын сақтауға мүмкіндік береді.
