Түркістан облысы, Ордабасы ауданы әкімінің өкімімен арнайы құрылған жұмысшы топ аудан аумағында жөндеуден өтіп жатқан мектептерді аралап, нысандардағы жұмыстың барысын бақылады. Аудан басшысы Азат Оралбаев Қ.Бектаев атындағы мектепке арнайы барып, ондағы жөндеу жұмыстарының орындалу барысын тексерді. Биыл аудан бойынша 6 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қ.Бектаев, Б.Оңтаев, Ө.Тұрманжанов, «Қызылжар», «Жусансай» және Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектептерінің шатырларын ауыстыру, жылу жүйелерін жаңарту, жаңа трансформатор орнату, ішкі санитарлық тораптарын жаңарту, ғимараттардың сыртын қаптау және еден жабындыларын жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Бірқатар мектептерде сыртқы қаптау жұмыстары толық аяқталған. Ал кейбір нысандарда ішкі санитарлық тораптардың кафельдері жаңартылып, сантехникалық жабдықтар ауыстырылуда. Аудан әкімі Азат Оралбаев мектептердегі жөндеу жұмыстарының қарқынын сынға алып, жаңа оқу жылына санаулы ғана уақыт қалғанын ескертті. Жауапты тұлғалар мен мердігерлерге жұмысты жандандырып, жаңарту жұмыстарын белгіленген мерзімге дейін толық әрі сапалы аяқтау жөнінде қатаң тапсырма берілді.
