Түркістан қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ірі жобалар жүзеге асуда. Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын Бектұрсын Қалаби көшесін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан қаласының әкімі құрылыс алаңына арнайы барып, мердігер ұйым өкілдері және жауапты сала мамандарымен бірге жобаның орындалу қарқынын бақылады.
Қазіргі таңда жоба аясында 2,4 шақырым жолға асфальт-бетон жабыны төселіп, су бұру науалары орнатылған және жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, ұзындығы 198 метрлік көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Аталған жоба толық аяқталғаннан кейін Индустриалды аймақтан шығатын ауыр жүк көліктері мен Балтакөл бағытынан келетін автокөліктердің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне кедергісіз шығуына мүмкіндік жасалады. Нәтижесінде қала орталығындағы көлік қозғалысы жеңілдеп, жол кептелісі азаяды.

Нысанды аралау барысында қала әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, ауыз су және сарқынды су жүйелеріне қатысты мәселелердің алдын алып, инженерлік инфрақұрылым жұмыстарының үйлесімді жүргізілуін қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұдан бөлек, жаңғырту жұмыстарының қарқынына кедергі келтірмеу мақсатында мемлекет мұқтаждығы үшін қайтарылатын жер телімдері мен тұрғын үйлерге қатысты құжаттарды жедел рәсімдеп, заңнама талаптарына сәйкес өтемақы төлемдерін уақытылы жүзеге асыру қажеттігі атап өтілді.
