СОЗАҚ: ЭКОЖҮЙЕНІ ЖАҚСАРТУ ҮШІН АУДАНҒА 1 МЛРД ТЕКШЕ МЕТРГЕ ЖУЫҚ СУ ЖІБЕРІЛДІ

 

Созақ ауданындағы экологиялық ахуалды жақсарту, табиғи су көздерін сақтау және жайылымдық алқаптардың жағдайын тұрақтандыру бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта Су ресурстары және ирригация министрлігінің ұйымдастыруымен Тасөткел су қоймасынан Шу өзені арқылы Түркістан облысының Созақ ауданына экологиялық мақсатта мол көлемде су жіберілуде.

Бүгінгі таңда аудан аумағына 950 млн текше метрге жуық су жетті. Бұл – табиғи экожүйе үшін аса маңызды көрсеткіш. Су көлемінің артуы өзен арналары мен оған іргелес аумақтардың табиғи тепе-теңдігін сақтауға, қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға және жергілікті тұрғындардың шаруашылығына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Экологиялық мақсатта жіберілген су ең алдымен табиғи ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Өзен арнасында судың жеткілікті болуы құм мен тұзды шаңның көтерілуін тежеп, қоршаған ортаға келетін кері әсерді азайтады. Сонымен қатар су қорының молаюы табиғи өсімдіктердің қалыптасуына оң ықпал етіп, мал шаруашылығына қажетті жайылымдық жерлердің жағдайын жақсартуға және жем-шөп қорының артуына мүмкіндік береді.

Бұл аумақ «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан филиалының теңгерімінде. Су ресурстарын тиімді пайдалану, оның аудан аумағына ысырапсыз жетуін қамтамасыз ету және су өткізу арналарының техникалық жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Су жеткізу тиімділігін арттырып, су шығынын азайту мақсатында бұған дейін маңызды инфрақұрылымдық жұмыс атқарылды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен ұзындығы 120 шақырым, ені 30–40 метр болатын Фурманов айналма каналы соңғы 40 жыл ішінде алғаш рет механикалық тазалаудан өткізілді.

Каналдың тазалануы су қозғалысын жақсартып, су өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде экологиялық мақсатта жіберілетін судың аудан аумағына тиімді әрі аз шығынмен жетуіне жағдай жасалды.

Фурманов айналма каналын механикалық тазалау жұмыстары өткен жылдың шілде айында басталып, желтоқсан айының соңында толық аяқталды. Жұмыс ауқымының кеңдігіне қарамастан, тиісті мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде жоспарланған міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырылды.

Бұл жұмыстар басталған кезде облыс әкімінің тапсырмасымен Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы жұмысшы топ құрды. Оның құрамына аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің жауапты мамандары, ауыл және кент әкімдері енгізіліп, канал тазалау жұмыстарына ұйымдастырушылық және практикалық қолдау көрсетілді.

Аудан аумағындағы жұмыстарды үйлестіру барысында жауапты мекемелер өзара бірлесіп жұмыс атқарып, каналдың жекелеген учаскелерін тазалау, техникаларды жұмылдыру және қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешті.

Жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер де қолдау көрсетті. Кәсіпкерлердің демеушілігімен канал тазалау жұмыстарына қажетті 218 тонна дизель отыны жеткізілді. Бұл – мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті қоғамдастықтың ортақ мәселеге бірлесе атсалысуының нақты көрінісі.

Су мәселесі Созақ ауданы үшін әрдайым маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Әсіресе аудан экономикасында елеулі орын алатын мал шаруашылығы үшін су қорының жеткілікті болуы аса қажет. Жайылымдардың жағдайы мен мал азығының молдығы табиғи су көздерінің ахуалына тікелей байланысты.

Созақ аудандық мәслихатының төрағасы Ордабек Жәмиев тұрғындар үшін келген судың маңыздылығына тоқталды.

«Тұрғындар бұл суды көптен күткен. Ауданымыз үшін, әсіресе мал шаруашылығына, бұл өте қажет. Сонымен қатар су келмесе, өзен табанынан тұз көтеріліп, экологияға зиян келтіреді», – деді ол.

Мұндағы мәселе тек су тапшылығын азайтумен шектелмейді. Өзен арналарының құрғауы табиғи ортаның тепе-теңдігіне әсер етіп, топырақтың тұздануына, шаң-тозаңның көбеюіне және өсімдік жамылғысының сиреуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан экологиялық мақсатта су жіберу – табиғи ортаны сақтауға бағытталған маңызды шара.

Тұрғындардың өтініші де назардан тыс қалған жоқ. Су деңгейінің нақты қозғалысын бақылау және өзендегі жағдай туралы тұрақты ақпарат алу мақсатында «Қазсушар» РМК-ның «Су-метрология» филиалының мамандары арнайы гидрометриялық рейка орнатты.

Бұл құрал су деңгейін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Су көлемінің өзгерісін жүйелі түрде қадағалау арқылы тиісті мамандар өзендегі жағдайды нақты бағалап, қажет болған жағдайда тиісті шараларды уақытылы қабылдай алады.

Қазіргі таңда су Тасты ауылынан өтіп, тағы 12 шақырымға жеткен. Бұл – аудан тұрғындары үшін көптен күтілген су ресурсының табиғи арнамен қозғалысы жалғасып жатқанын көрсетеді.

Жалпы, Созақ ауданына экологиялық мақсатта жіберіліп жатқан 950 млн текше метрге жуық су – өңірдің табиғи экожүйесін сақтау үшін маңызды қадам. Су көлемінің жеткілікті болуы табиғатқа оң әсер етіп қана қоймай, жайылымдық жерлердің жағдайын жақсартуға, мал шаруашылығын дамытуға және тұрғындардың тұрмыстық-экономикалық жағдайына жанама түрде ықпал етеді.

Ал Фурманов айналма каналының тазалануы су ресурстарын тиімді жеткізуге жасалған маңызды қадам болды. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі бүгінде нақты байқалып отыр.

Су – тіршіліктің негізгі көзі. Сондықтан оны сақтау, тиімді пайдалану және табиғи су көздерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Созақ ауданындағы атқарылып жатқан жұмыстар да осы мақсатқа бағытталған.

Алдағы уақытта су деңгейі мен өзен арнасының жағдайы тұрақты бақылауда болып, табиғи экожүйені сақтау, су ресурстарын тиімді пайдалану және аудан тұрғындарының шаруашылығына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *