СОЗАҚ: МЕКТЕПТЕРДЕ «ЖАСЫЛ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ТАБЫСТЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

 

Созақ ауданындағы білім беру ұйымдарында қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға және жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Жасыл мектеп» жобасы табысты жүзеге асуда. «KATKO» компаниясының бастамасымен қолға алынған жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін арттыруды көздейді.

Қазіргі таңда экологиялық тәрбие беру – білім беру саласының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Себебі табиғатты қорғау мәдениеті тек арнайы сабақтар арқылы емес, күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден қалыптасады. Қалдықты сұрыптау, қоршаған ортаны таза ұстау, табиғи байлықты ысырап етпеу секілді дағдыларды бала кезден бойға сіңіру – келешекке жасалған маңызды қадам.

2025–2026 оқу жылында «Жасыл мектеп» жобасы Созақ ауданындағы бес білім беру ұйымын қамтыды. Ауқымды бастама аудан орталығындағы А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектептен бастау алды. Жобаның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова сөз сөйлеп, оқушыларға экологиялық тәрбие берудің маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілік ең алдымен отбасында және мектеп қабырғасында қалыптасады. Табиғатты аялау, оның байлығын қадірлеу, туған жердің тазалығына үлес қосу – әр азаматтың міндеті. Сондықтан өскелең ұрпақтың бойына осындай құндылықтарды ерте жастан сіңіру – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі.

Жоба аясында мектеп оқушылары тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеуге жіберу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бастама балаларға қоршаған ортаның тазалығына тек бақылаушы ретінде емес, нақты іс арқылы үлес қосуға мүмкіндік беруде.

Нәтиже де көңіл қуантады. Бүгінгі күнге дейін жобаға қатысушылар 1 321 келі макулатура, 102 келі пластик бөтелке, 56 келі пластик қақпақ және 52 келі алюминий қалдықтарын жинаған. Бұл көрсеткіштердің әрқайсысы – оқушылардың ортақ іске деген қызығушылығы мен белсенділігінің айқын көрінісі.

Жиналған қалдықтардың көлемі ғана емес, оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралардың мазмұны да ерекше. Бағдарлама аясында мектептерде 30-дан астам экологиялық дәріс, танымдық кездесу және тәжірибелік сабақ ұйымдастырылды. Оқушылар қоршаған ортаны қорғаудың маңызы, қалдықтарды дұрыс сұрыптау, қайта өңдеу және тұрмыстық қалдықтардың табиғатқа әсері жөнінде кеңінен мағлұмат алды.

Сонымен қатар, ұйымдастырылған эко-фестиваль балалардың қызығушылығын одан әрі арттыра түсті. Іс-шара барысында оқушылар пластик қақпақтарды қайта өңдеу үдерісімен танысып, олардың қарапайым тұрмыстық қалдықтан пайдалы өнімге айналу жолын көрді. Мұндай тәжірибелік сабақтар экологиялық білімді теориямен шектемей, оны нақты әрекетпен ұштастыруға мүмкіндік береді.

«Жасыл мектеп» жобасының басты ерекшелігі де осында. Ол оқушыларға табиғатты қорғау туралы айтып қана қоймай, экологиялық жауапкершілікті күнделікті әдетке айналдыруға жағдай жасайды. Мектеп ауласын таза ұстау, қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеуге болатын заттарды ажырату секілді қарапайым әрекеттер уақыт өте келе үлкен мәдениеттің қалыптасуына жол ашады.

Алдағы уақытта жоба Сүгір Әліұлы, І.Кеңесбаев, Абай және Ж.Қаламбаев атындағы мектептерде жалғасын табады. Бұл – бастаманың ауқымы кеңейіп, аудан мектептеріндегі экологиялық жұмыстардың жаңа деңгейге көтерілетінін көрсетеді.

Табиғатқа жанашырлық – туған жерге деген сүйіспеншіліктің бір көрінісі. Сондықтан «Жасыл мектеп» секілді жобалардың білім ордаларында тұрақты түрде жүзеге асуының маңызы зор. Мұндай бастамалар арқылы оқушылар тек экологиялық білім алып қана қоймай, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, қоғамдық іске жауапкершілікпен қатысуды және өз әрекетінің табиғатқа әсерін бағалауды үйренеді.

Айта кетейік, «KATKO» компаниясы Созақ ауданында әлеуметтік-экономикалық бағыттағы 500-ге жуық жобаны жүзеге асырып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Әлеуметтік бастамалармен қатар, экологиялық бағыттағы жобаларға қолдау көрсетуі де компанияның жергілікті қоғамдастықпен бірлескен жұмысының маңызды бөлігі.

«Жасыл мектеп» – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қарапайым бастама ғана емес, өскелең ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыратын тағылымды жоба. Бүгін мектеп қабырғасында қалыптасқан жауапты көзқарас ертең табиғатты қорғайтын, туған жердің тазалығы мен болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың қалыптасуына негіз болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *