ҚР Президентінің «Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы» Жарлығын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет Іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Жоспар цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізудің үш негізгі бағытын қамтиды, олар – азаматтардың, бизнес пен экономиканың мүддесі үшін, сондай-ақ мемлекеттік аппаратта енгізу.
Жоспардың басымдықтарының бірі – білім берудің барлық деңгейінде ЖИ-ді жаппай енгізу. AI-SANA бағдарламасын кеңінен тарату шеңберінде 2029 жылға қарай мектептер, колледждер мен ЖОО түлектерінің кемінде 80%-ы ЖИ-дің базалық дағдыларын меңгеруі тиіс. Сонымен бір мезгілде студенттерді тереңдетіп оқыту және педагогтердің біліктілігін арттыру шаралары да кеңейтіледі. 2028 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждердің кемінде 80%-ы білім беру процестеріне жасанды интеллект технологияларын енгізеді және экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес бағдарламаларды жаңартады.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру деректерді басқарудың бірыңғай жүйесіне көшуге және бетпе-бет жүгінудің қажет етпейтін сервистерді кеңінен пайдалануға бағытталатын болады. 2029 жылға қарай медициналық self-service сервистерін пайдаланатын азаматтар санын едәуір ұлғайту, нақты уақыт режимінде деректер алмасу арқылы бірыңғай цифрлық контурға көбірек медициналық ұйымдарды біріктіру және клиникалық шешімдер қабылдау кезінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейту жоспарлануда.
