1 қазаннан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден «Кең дала – 2» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады.
Қазақстанда шаруаларды қаржыландыруды егіс науқанына дейін ертерек бастау тетігі енгізіліп жатыр. Бұған дейін жеңілдетілген несие қаражатының негізгі бөлігі көктемгі дала жұмыстары басталған кезде берілсе, енді шаруалар қажетті қаржыны алдын ала алып, маусымға ертерек дайындала алады.
Бұл тәсіл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 15 қарашада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – егін егу науқаны басталғанға дейін шаруаларды қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз етіп, дайындық жұмыстарын сапалы жүргізуге мүмкіндік беру.
Ауыл шаруашылығында уақыт факторы ерекше маңызды. Тұқым, минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектерді шаруалар техника алқапқа шыққанға дейін дайындауы қажет.
Ерте қаржыландыру шаруашылықтарға қажетті ресурстарды алдын ала сатып алуға, техниканы дайындауға және көктемгі жұмыстар басталғанға дейін қаржылық жүктемені жоспарлауға мүмкіндік береді.
Осылайша, «Кең дала – 2» бағдарламасы арқылы қаржыландыру мерзімін ертерек бастау ауыл шаруашылығы өндірушілерінің егіс науқанына жүйелі әрі уақытылы дайындалуына жағдай жасайды.
