Түркістанда қарттарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді

Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан облысында 1253 жалғызілікті қартқа материалдық көмек көрсетіледі.

Жергілікті бюджет есебінен үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын жалғызілікті қарттарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай қолдау қарастырылған. Бұл көмек аудан және қала мәслихаттарының тиісті шешімдері негізінде беріледі.

Мерекеге орай өңірдің барлық аудан-қалаларында аға буын өкілдеріне арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 212 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың арасында 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2145 тыл еңбеккері және жасы 100-ден асқан 39 қария бар.

Өңірде қарттардың денсаулығын нығайтып, белсенді өмір сүруіне жағдай жасау бағытында да тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын облыстағы екі «Ардагерлер үйінде» шамамен 7,8 мың адам 14 күндік сауықтыру қызметтерін алады. Оның ішінде «Ардагерлер үйінде» 4 мыңға жуық, ал «Мейір» ардагерлер үйінде 3,8 мыңға жуық азамат емдік-сауықтыру шараларымен қамтылады.

Сонымен бірге облыстың барлық аудан-қалаларында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары жұмыс істейді. Мұнда егде жастағы азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын күтуіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасалған.

Орталықтарда салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, қарттардың әлеуметтік және психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.

Қарияға құрмет – ұрпаққа өнеге. Өңірде аға буын өкілдеріне қамқорлық көрсету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *