Адам денсаулығы – қоғамның басты құндылықтарының бірі. Медициналық көмектің қолжетімді болуы, әсіресе ауылдық елді мекендерде тұратын азаматтар үшін маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның жаңа Конституциясында денсаулық сақтау құқығының бекітілуі ерекше мәнге ие.
Жаңа Конституцияның 32-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар екені көрсетілген. Ал 2-тармағына сәйкес, азаматтар заңда белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін ақысыз алуға құқылы.
Бұл норма әрбір азаматтың медициналық көмек алу құқығын конституциялық деңгейде бекітеді. Яғни адамның тұрғылықты жеріне қарамастан, денсаулығын қорғау мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Түркістан облысында осы бағытта ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңірде 25 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатқанын денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Сонымен қатар Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді облыстық аурухана, Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданының Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталық салу жобалары жүзеге асырылуда.
Мұндай жобалар медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, мамандандырылған көмектің мүмкіндігін кеңейтуге және өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.
Менің ойымша, Конституцияның 32-бабында бекітілген денсаулық сақтау құқығының басты әлеуметтік маңызы – әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға бағытталған мемлекеттік кепілдіктердің құқықтық негізін қалыптастыруында.
Түркістан облысы үшін ауыл медицинасының дамуы, білікті дәрігерлерді тарту, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және алғашқы медициналық көмекті жетілдіру маңызды міндет болып саналады.
Дені сау қоғам – өңірдің де, мемлекеттің де тұрақты дамуының негізі.
