ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ – ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

 

Еңбек – адамның әл-ауқатын арттыратын ғана емес, қоғамның экономикалық дамуына серпін беретін маңызды құндылық. Сондықтан әр азаматтың еңбек етуіне, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуіне және атқарған еңбегіне сай ақы алуына мүмкіндік болуы қажет.

Қазақстанның жаңа Конституциясының 27-бабында әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бекітілген. Сонымен қатар мемлекеттің қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға және әлеуметтік қорғалуға кепілдік беретіні көрсетілген.

Бұл конституциялық норма әрбір азамат үшін маңызды. Өйткені ол адамның мамандығын еркін таңдауына, еңбек нарығында өз орнын табуына, қауіпсіз жұмыс ортасында еңбек етуіне және құқықтарының қорғалуына негіз болады.

Түркістан облысындағы еңбек нарығының көрсеткіштері бұл мәселенің өңір үшін өзектілігін айқын көрсетеді. 2026 жылдың сегіз айында облыста 79 069 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы 2 305 жұмыс орны құрылған. Ал «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 19 878 жұмыс орны ашылған.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті қолдау шаралары аясында 727 азаматқа мемлекеттік грант берілген. Бұл тұрғындардың өз кәсібін бастап, табыс көзін қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Аталған көрсеткіштер өңірде жұмыспен қамтуды арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымын көрсетеді. Дегенмен еңбек нарығының тиімділігін тек жұмыс орындарының санымен емес, олардың тұрақтылығы, жалақы деңгейі, еңбек қауіпсіздігі және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуымен де бағалау маңызды.

Меніңше, Конституцияның 27-бабындағы еңбек құқықтарының маңызы – азаматтың тек жұмысқа орналасуын ғана емес, оның лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайына ие болуын да құқықтық тұрғыдан бекітуінде.

Әсіресе, Түркістан облысындағы жастарды тұрақты жұмыспен қамту, ауыл тұрғындарына жаңа кәсіп түрлерін меңгерту, өндіріс орындарында қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру және кәсіби мамандардың әлеуетін арттыру өзекті.

Еңбек адамының құқығы қорғалған қоғамда әлеуметтік тұрақтылық нығайып, экономикалық даму мүмкіндігі кеңейеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *