ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, заңды мүдделерін сақтау және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейде жалғасуда. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан шаралар мен алдағы міндеттер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен өткен арнайы мәжілісте қаралды.

Басқосуда облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова саладағы қазіргі ахуалға тоқталып, жүзеге асырылған жұмыстар мен шешімін күткен мәселелерді баяндады. Аталған басқарма қорғаншылық және қамқоршылық саласындағы мемлекеттік міндеттерді орындау, балаларға психологиялық қолдау көрсететін орталықтардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізеді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 18 жасқа дейінгі 927 106 бала тұрады. Олардың 148 174-і мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленсе, 524 256 оқушы жалпы білім беретін мектептерде білім алуда. Бұдан бөлек, 46 343 жасөспірім колледждерде оқиды. Сондай-ақ өңірде 1000-ға жуық бала қорғаншылық пен қамқоршылыққа алынған, патронаттық тәрбиеге берілген немесе арнайы мекемелерде тәрбиеленіп жатыр.

888205963 1460801596238737 8449583375785160264 N

Балалардың әл-ауқатын жақсарту және оларға төнуі мүмкін қауіптердің алдын алу мақсатында облыста жүйелі мониторинг жүргізілуде. Оның аясында жасөспірімдердің психологиялық ахуалы, отбасындағы жағдайы мен әлеуметтік ортасы зерделеніп, тиісті іс-шаралар жоспары әзірленген. Биылғы оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында «Balazhan» цифрлық платформасы қолданысқа енгізілді. Сонымен бірге қиын жағдайға тап болған балаларға жедел қолдау көрсету және олардың құқықтарын қорғау үшін жұмыс істейтін «111» байланыс орталығының мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстары жандандырылды. Негізгі назар балалардың қауіпсіздігін сақтау, мемлекеттік органдар арасындағы байланысты жолға қою және көмекке мұқтаж жасөспірімдерге дер кезінде қолдау көрсетуге бағытталған.

Мәжіліс соңында облыс әкімі жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдеріне кәмелетке толмағандармен жүргізілетін жұмыстың тиімділігін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Нұралхан Көшеров жас ұрпақтың тәрбиесі мен амандығына жағдай жасау тек бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді.

– Бала – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Сол себепті оның тәрбиесіне, құқығының қорғалуына және қауіпсіздігіне ерекше мән берілуі қажет. Әрбір жасөспірімнің сапалы білім алып, дұрыс тәрбие көріп, қолайлы ортада өсуіне барлық жағдай жасалуы тиіс. Бұл мәселеде ата-ананың жауапкершілігімен бірге мемлекеттік органдардың да атқарар міндеті үлкен. Балаларға қатысты түйткілдерді назардан тыс қалдырмай, олардың тұрмыс-тіршілігі мен жағдайын үнемі бақылауда ұстау керек. Әсіресе тәуекел тобындағы балаларға назар аударып, отбасындағы ахуалын зерттеу және қажетті көмекті кешіктірмей ұйымдастыру маңызды. Қауіпсіздік пен тәрбие мәселесіндегі әрбір жұмыс нақты нәтижемен өлшенуі тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.

Жиын қорытындысы бойынша тиісті басқармаларға, аудан және қала әкімдеріне балалардың заңды құқықтарын сақтау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналармен және отбасылармен жұмысты жандандыру, тәрбиелік бағыттағы іс-шаралардың сапасын арттыру тапсырылды. Сонымен қатар жауапты мекемелердің бірлескен жұмысын үйлестіру, қабылданған шешімдердің орындалуын қадағалау және әрбір тапсырманың белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асуын бақылау міндеттелді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *