Президент Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау мақсатында Түркістан облысында әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жұмыстары қолға алынған. Негізгі мақсат – мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттап, әлеуметтік қолдаудың тиімділігі мен атаулылығын күшейту. Осыған байланысты өңірде келесі жылдан бастап мұқтаждық қағидатын кезең-кезеңімен енгізу тетіктері жетілдірілмек. Сондай-ақ облыстағы 500 мыңға жуық отбасының әлеуметтік жағдайын жан-жақты бағалау міндеті қойылған. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Жиында өңір басшысы жауапты мекемелерге отбасылардың жағдайын зерделеу барысында үстірттік пен формалдылыққа жол бермеуді, әрбір жұмыстың сапалы әрі нақты жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
– Белгіленген индикаторлар мен көрсеткіштер толық орындалуы тиіс. Мүгедектігі бар азаматтарды қайта куәландыру шараларын бекітілген мерзімде аяқтаңыздар. Оңалту бағытындағы көрсеткіштерді орындап, қажетті қолдау шараларын толық қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар саланы цифрландыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленуі керек. Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау шараларының нәтижелілігін арттыру, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау басты назарда болуы тиіс, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Аппарат мәжілісінде Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы салада атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, мұқтаждық қағидатын енгізуге арналған пилоттық жобаны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба төрт кезеңнен тұрады. Оның аясында әр азамат пен отбасының нақты әлеуметтік ахуалына баға беріліп, мемлекеттік көмекті шынайы қажеттілігі бар тұрғындарға ұсыну көзделген.
Бұдан бөлек, Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтерді жаңарту мақсатында «А» және «В» санаттарына жататын азаматтардың деректері қайта қаралды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде «А» санатындағы әлеуметтік төлем алушылардың 200-ге жуық адамы мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан.

Облыста тұрмыстық жағдайы төмен және мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасылардың табысын көбейту, олардың әл-ауқатын жақсарту бағытында да кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде қайта өңдеу саласында жалпы құны 1 679,0 млн теңге болатын 55 кооператив құру жоспарланған. Бұл бастамалар арқылы 220 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сонымен бірге бағдарлама аясында 10-нан астам азаматқа кәсіп ашу және табыс көзін қалыптастыру үшін 81,5 млн теңге көлемінде несие берілген.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде облыс тұрғындарына кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік жасалуда. Осы бағытта 100-ге жуық азаматқа жаңа кәсіп бастауға және қолданыстағы ісін дамытуға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант табысталды.
Алдағы кезеңде де аз қамтылған және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың кірісін арттыру, еңбекпен қамту, кәсіпкерлікке тарту және өз ісін дамытуына жағдай жасау шаралары жалғасын табады.
Мәжіліс барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік қорғалуына қатысты мәселелер де кеңінен талқыланды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 104 313 мүгедектігі бар азамат есепте тұр. Бұл өңір халқының жалпы санының 5 пайызына тең. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аталған санаттағы тұрғындар саны 1 912 адамға көбейген.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін аудан және қала әкімдіктерінің өкілдері қатысатын арнайы жұмыс тобы құрылған. Топ мүшелері мүгедектікті тағайындаудың негізділігін, сондай-ақ азаматтардың техникалық оңалту құралдарына деген нақты қажеттілігін тексеру бойынша зерделеу жүргізуде. Тексеру нәтижесінде 6 758 азаматтың тіркеу жүйесінде көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны белгілі болды. Бұған қоса, 8 949 адамды қайта куәландыру қажеттілігі анықталып, олардың оңалту құралдарына мұқтаждығын қосымша тексеру керектігі нақтыланған.
Зерделеу жұмыстары кезінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері тарапынан оңалту құралдарын негізсіз тағайындау жағдайлары да белгілі болуда. Аталған деректер бойынша құзырлы органдар тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, заң аясында шаралар қабылдауда.
Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қызмет көрсетуші өнім берушілердің жұмысына бақылау күшейтілген.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман Нұрмаханов пен Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауды жүктеді. Әсіресе әлеуметтік көмектің шын мұқтаж отбасыларға жетуіне басымдық беріп, әрбір шаңырақтың тұрмыс жағдайын толық әрі жан-жақты зерделеу қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ өңір басшысы әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсарту, мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Жауапты тұлғаларға бекітілген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік салаға заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуді міндеттеді.
