ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ ҚУАТТЫЛЫҒЫ 100 МВТ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНУДА

 

Түркістан облысының Келес ауданында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Ақтөбе ауылдық округінің аумағында «Дамона» ЖШС тарапынан қуаттылығы 100 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы инвестициялық құны 27,5 млрд теңгені құрайды.

Аталған жоба өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып, баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, станция пайдалануға берілгеннен кейін 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында бірқатар негізгі жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, күн панельдерін орналастыруға арналған тірек қадалары 60 гектар аумаққа қағылып, монтаждау жұмыстарына қажетті инфрақұрылым дайындалуда. Сонымен қатар құрылыс алаңына 27 мың дана күн панелі жеткізілген. Бүгінде жеткізілген жабдықтардың техникалық талаптарға сәйкестігін анықтау мақсатында сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, алдағы 10 күн ішінде күн панельдерін толық орнату кезеңі басталады.

Жобаны іске асыру аясында жер мәселесі де шешімін тапқан. Қажетті 206,4 гектар жер телімін елді мекен аумағына енгізу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік акт алынған. Сондай-ақ электр энергиясын ұлттық желіге қосу бағытында «KEGOC» АҚ-мен келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта станцияны «Қызыләскер» қосалқы станциясына қосу нүктелері мен электр желілерінің бағыттарын айқындау жұмыстары атқарылуда.

Жалпы, қуаттылығы 100 МВт болатын күн электр станциясының іске қосылуы Келес ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық дамуына серпін береді. Сонымен бірге жоба еліміздің энергетикалық жүйесін әртараптандыруға, электр энергиясын өндіруде жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ұлғайтуға және экологиялық таза энергияны пайдалануды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Мұндай инвестициялық жобалардың жүзеге асуы өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, заманауи технологиялардың енгізілуіне және аудан экономикасының тұрақты дамуына оң ықпал етеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *