Бүгін Сауран ауданында Түркістан облысы дін істер басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани керуен» жобасы аясында аудан тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуді Сауран ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Қалеке ашып, жүргізіп отырды. Кездесу басында «Қаралы күннің қаһарманы» атты деректі фильм көпшілікке ұсынылды.

Кездесудің негізгі мақсаты — жастарды дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, қоғамда діни сауаттылықты арттыру, сондай-ақ шетелде діни білім алудың ықтимал қауіптері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталды.
Жиынға жайдарманшы, актер, сценарист Хамит Ердехан, жайдарманшы, блогер Бақдаулет Жаманқұлов, блогер Жақсыбек Қабылбай және Түркістан облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Медет Халықов қатысты.
Кездесу барысында спикерлер тақырып аясында өз ой-пікірлерін білдіріп, қазіргі қоғамдағы діни ахуал, жастардың діни ақпаратты дұрыс саралай білуі, дәстүрлі құндылықтарды сақтау, жат ағымдардың ықпалына түспеудің жолдары жөнінде маңызды мәселелерді қозғады.
Сонымен қатар, жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға өмірлік тәжірибелері мен өзекті мәселелер төңірегіндегі ойларын ортаға салды.

Кездесу ашық форматта өтіп, аудан тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алмасты. Тағылымды басқосудың түйіні – жас ұрпақтың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және қоғамда рухани тұрақтылықты нығайту қажеттігі кеңінен түсіндірілді.
