ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ 2,5 МЛРД ТЕҢГЕЛІК МИНЕРАЛДЫ СУ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ САЛЫНДЫ

 

Түркістан облысының Келес ауданында отандық өндірісті дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі жүзеге асырылды. Жүзімдік ауылдық округінде минералды су өндіретін жаңа зауыттың құрылысы толық аяқталып, кәсіпорын өндірісті іске қосуға дайындық үстінде. Жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, отандық өнім өндірісін ұлғайтуға және экспорт көлемін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Жүзімдік ауылдық округіндегі «SARYAGASH SU ONIMDERI» ЖШС-ның жаңа өндірістік кешеніне арнайы барды. Сапар барысында облыс басшысы кәсіпорынның құрылыс жұмыстарымен танысып, нысанның қазіргі жағдайын көрді. Сондай-ақ кәсіпкермен кездесіп, өндірістік жабдықтардың жеткізілуі, оларды орнату, іске қосу және кәсіпорынның толыққанды жұмыс істеуіне қажетті мәселелерді талқылады.

894227831 2335814890500114 3000442542115763982 N

Кездесу барысында инвестициялық жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығы атап өтілді. Облыс әкімі жауапты басқармалар мен сала жетекшілеріне кәсіпорынның жұмысын бастауына кедергі келтіретін мәселелерді зерделеп, оларды заң аясында жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар өндірістік нысанның белгіленген жоспарға сәйкес іске қосылуы мен алдағы жұмыстарының үйлесімді жүргізілуіне назар аударды.

– Мұндай инвестициялық жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Біз кәсіпкерлердің бастамаларын қолдап, инвестициялық жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуына жағдай жасауымыз қажет. Ең бастысы, өндірісте отандық өнімнің үлесін арттырып, экспорттық әлеуетті дамытуға басымдық беруіміз керек, – деді Нұралхан Көшеров.

895154044 2335815157166754 5095612972713020625 N

Айта кетейік, жоба Келес ауданына қарасты Жүзімдік ауылдық округінің Жүзімдік елді мекенінде жүзеге асырылуда. Өндірістік ғимараттың жалпы аумағы 2 103 шаршы метрді құрайды. Кәсіпорын құрылысына бағытталған инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Ал өндіріс процесін ұйымдастыру үшін Қытайдың «XINJIANG YELIDA INTERNATIONAL TRADE CO LTD» компаниясынан құны 2 млн АҚШ долларын құрайтын заманауи технологиялық жабдықтар сатып алынған.

Жаңа зауытта газдалған және газдалмаған минералды су өндіру көзделген. Өндіріс орны заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, дайын өнімді ішкі нарыққа шығарумен қатар, шетелдік нарықтарға экспорттау мүмкіндігіне де ие болады. Бұл өз кезегінде Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және отандық тауар өндірушілердің нарықтағы үлесін кеңейтуге ықпал етпек.

891621657 2335814747166795 2561865195406947203 N

 

Кәсіпорын құрылысы 2025 жылдың наурыз айында басталған. Қысқа мерзім ішінде жүргізілген құрылыс-монтаж жұмыстары нәтижесінде өндірістік ғимараттың құрылысы толық аяқталды. Қазіргі таңда кәсіпорынды іске қосуға қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта өндірістік желілерді іске қосып, өнім шығару жоспарланып отыр.

Жоба толық қуатында жұмыс істеген кезде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұл, әсіресе, ауылдық елді мекен тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың табысын арттыруға және жергілікті еңбек нарығының жандануына оң әсерін тигізеді.

Жалпы, Келес ауданында қолға алынған бұл бастама – ауылдық жерлерде өндіріс орындарын көбейту, жеке кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция тарту бағытындағы маңызды жобалардың бірі. Жаңа зауыттың іске қосылуы ауданның экономикалық дамуына серпін беріп, Түркістан облысының өндірістік және экспорттық әлеуетін нығайтуға үлес қосады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *