ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ТОПТАҒЫ 10 ОТБАСЫ ЖАҢА БАСПАНАҒА ИЕ БОЛДЫ

 

Түркістан облысының Шардара ауданында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың баспана мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл жолы Шардара қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған 10 отбасы жаңа баспананың иесі атанып, көптен күткен қоныстойын атап өтті. Салтанатты рәсімде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пәтер кілттерін жаңа қоныс иелеріне табыстап, отбасыларды қуанышты сәттерімен құттықтады.

892371563 2335542547194015 9063538065852333037 NШара барысында облыс басшысы баспаналы болудың әрбір отбасы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, тұрғындарды жаңа өмір кезеңінің басталуымен құттықтады. Сондай-ақ өңірде тұрғын үй құрылысын дамыту, халықтың баспанаға қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.

– Баршаңызды бүгінгі қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Баспана – адамға жайлы өмір сыйлайтын мекен ғана емес, әр отбасының бақыты мен берекесінің, ертеңге деген сенімінің тірегі. Бүгін баспанаға қол жеткізіп, жаңа кезеңге қадам басқалы отырған отбасылар үшін бұл күннің орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыруды, азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында өңірімізде тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың баспана мәселесін шешуге басымдық берілуде. Биыл облыс көлемінде ауданы 175 мың шаршы метрден астам 102 тұрғын үй салынып жатыр. Осылайша, жыл соңына дейін 3000-нан астам пәтер пайдалануға беріледі. Міне, осы жылы да айтулы жұмыстар жалғасын тауып, тұрғын үй кезегінде тұрған 10 отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыстағалы отырмыз. Бүгін – сіздер үшін ерекше қуаныш пен толғанысқа толы күн. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Әр шаңырақта отбасылық құндылықтар дәріптеліп, бала күлкісі мен қуанышқа тола берсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

892010863 2335542720527331 5531566108695877714 N

Жаңа баспанаға қол жеткізген тұрғындар да қуаныштарын жасыра алмады. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін Мемлекет басшысына, облыс және аудан басшылығына алғыстарын білдірді. Отбасылар үшін бұл тек жаңа үйге ие болу ғана емес, тұрмыс жағдайын жақсартып, болашаққа сеніммен қадам басуға берілген үлкен мүмкіндік.

Пәтер кілттерін табыстау рәсімінен кейін Нұралхан Көшеров жаңа қоныс иелерімен бірге тұрғын үйлерді аралап көрді. Облыс әкімі пәтерлердің ішкі жағдайымен, құрылыс сапасымен және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жасалған мүмкіндіктермен танысты.

Жалға берілетін тұрғын үйлер жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынған. Жалпы саны – 10 пәтер. Олар бір қабатты, екі пәтерден тұратын бес тұрғын үйге орналастырылған. Әр пәтердің жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайды. Ал әр тұрғын үйге тиесілі жер телімінің көлемі – 600 шаршы метр. Мұндай тұрғын үйлер отбасыларға кең әрі қолайлы ортада өмір сүруге мүмкіндік береді.

891673665 2335542480527355 4430713398570494874 N

Жаңа баспаналар тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға белгіленген тәртіп пен кезек реттілігіне сәйкес берілді. Пәтер иелері қатарында әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар бар. Бұл – баспанаға мұқтаж отбасыларды қолдау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және тұрғын үймен қамту деңгейін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі.

Тұрғын үйлердің әрқайсысы төрт бөлмеден тұрады. Пәтерлердің ішкі әрлеу жұмыстары толық жүргізіліп, пайдалануға дайын күйде тапсырылған. Атап айтқанда, ағаш есіктер мен пластик терезелер орнатылып, санитарлық тораптар қарастырылған. Сонымен қатар тұрғындардың жыл бойы қолайлы жағдайда тұруы үшін автономды жылыту жүйесімен жабдықталған.

Бұдан бөлек, жаңа үйлер қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, табиғи газ, ауыз су, кәріз жүйесі және электр энергиясы желілеріне қосылған. Үйлерге қатынайтын жол инфрақұрылымы да қарастырылған. Осы жағдайлардың барлығы жаңа қоныс иелерінің тұрмыс сапасын арттырып, қосымша шығынсыз жайлы өмір сүруіне негіз болады.

Айта кетейік, аталған тұрғын үйлердің құрылысы 2026 жылдың ақпан айында басталып, белгіленген мерзімде толық аяқталған. Жобаның инвесторы – Нұрсұлтан Жолдасов. Қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан бұл жұмыс аудан тұрғындарын баспанамен қамту ісіне қосылған тағы бір маңызды үлес болып отыр.

Жалпы, Шардара ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары соңғы жылдары қарқын алып келеді. Мәселен, 2024 жылы ауданда 164 отбасы, ал 2025 жылы 72 отбасы жаңа пәтерлерге қол жеткізген. Осылайша, соңғы екі жылда барлығы 236 отбасының тұрғын үй мәселесі шешімін тапты.

Баспана алғандардың қатарында әлеуметтік осал топтағы азаматтар, көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталмақ.

Шардарада тағы 10 отбасының баспаналы болуы – әлеуметтік қолдау шараларының нақты нәтижесі. Жаңа үйлерге қоныстанған отбасылар үшін бұл күн жаңа үміт пен жарқын болашақтың бастауы болмақ.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *