ТҮРКІСТАН: ҚОҢЫР ДАУЫСЫМЕН ҚАЗАҚ ЖҮРЕГІН ТЕРБЕТКЕН ТҰЛҒА

 

Қазақ өнерінің төрінен ойып орын алған, сырлы да сазды қоңыр дауысымен талай тыңдарманның жүрегіне жол тапқан өнер иелерінің бірі – Нұрлан Әлтайұлы Өнербаев. Әншілік пен әртістікті, шығармашылық пен азаматтық қызметті қатар алып жүрген белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты биыл 65 жасқа толып отыр.

Нұрлан Әлтайұлы Өнербаев 1961 жылғы 4 қарашада сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданына қарасты Қазақстан ауылында дүниеге келген. Қазіргі әкімшілік бөлініс бойынша бұл – Түркістан облысы. Туған жердің топырағынан нәр алып, қазақы тәрбиемен сусындап өскен баланың бойында бала кезінен өнерге деген ерекше ықылас қалыптасты. Халық әндері мен ұлттық әуендерді тыңдап өскен оның жүрегінде әнге деген сүйіспеншілік ерте оянды. Кейін сол балаң қызығушылық үлкен арманға айналып, өмірлік мамандығын таңдауға жол ашты.

Нұрлан Өнербаевтың кәсіби білім алу жолы театр өнерімен тығыз байланысты. Ол 1978–1980 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанындағы актерлер студиясында білім алып, 1980 жылы оқуын тәмамдады. Сол жылы еңбек жолын қазақ өнерінің қара шаңырағында бастап, 1991 жылға дейін осы театрда актер болып қызмет атқарды. Театр сахнасы жас өнерпаздың шығармашылық тұлға ретінде қалыптасуына, актерлік шеберлігін шыңдауына, көркем сөздің қадірін терең түсінуіне зор ықпал етті. Ол «Ана – Жер Ана» спектаклінде Жайнақтың, «Қан мен тер» қойылымында Райдың бейнесін сомдап, бұдан бөлек он беске жуық спектакльде түрлі рөлдерді орындады. Бұл кезең оның сахналық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, болашақ әншілік өнеріне де берік негіз қалады. Театрдағы қызметімен қатар әншілік өнерге деген ықыласы арта түскен Нұрлан Өнербаев 1984 жылы үлкен сахнаға әнші ретінде алғаш шықты. Оның орындауындағы «Сағыныш», «Анашым», «Әке арманы», «Қазақ қызы», «Сұлулық», «Ауылым», «Туған күн», «Сағындым ауылды», «Жан аға», «Махаббат көктемі», «Қарағым-ай», «Аққуым», «Таңғы тілек», «Ақ тілек», «Ай да, күн де» секілді туындылар тыңдарман жүрегінен орын алды. Әсіресе, «Анашым» әні ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімін сезіндіретін әсерлі туынды ретінде көпшіліктің жүрегіне жол тапты. «Әке арманы» әкелік өнеге мен ұрпақ сабақтастығын бейнелесе, «Сағыныш», «Ауылым», «Сағындым ауылды» әндері туған жерге деген перзенттік сезімді оятады. Ал Кеңес Дүйсекеевтің әні, Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған «Қарағым-ай» шығармасы Нұрлан Өнербаевтың орындауында ерекше танылып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.

Әншінің өнердегі маңызды бағыттарының бірі – халық әндерін насихаттау. Ол «Дудар-ай», «Сандуғаш», «Бір бидай арпа», «Үкілі кәмшат», «Ой көк», «Беу, айдай», «Бипыл» секілді халық әндерін өзіндік орындаушылық мәнерімен жеткізіп келеді. Оның орындаушылық өнеріндегі тағы бір ерекше туынды – «Қазақ қызы» әні. Желтоқсан оқиғасынан кейінгі кезеңдегі ұлттық намыс пен қайсарлықты танытатын туынды ретінде ел жадында сақталды. Нұрлан Өнербаевтың өмір жолы тек сахнамен шектелмейді. Ол 1990–1998 жылдары Қазақ радиосында басшылық қызметте болып, ұлттық радионың дамуына үлес қосты. 1996–1998 жылдары «Хабар» агенттігінде аудармашы, дубляж бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды. 1998–2002 жылдары Қазақстан Республикасы Президенттік оркестрінің әншісі, жетекші солисі әрі шығармашылық ұжымның көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды. 2001–2006 жылдары ұлттық телеарна саласында басшылық қызметке араласып, Қазақстан ұлттық телеарнасы бас директорының орынбасары болды. 2003 жылдан бастап «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы басшылығының орынбасары, Қазақ радиосының бас директоры қызметтерін де атқарғаны өмірбаяндық деректерде көрсетіледі. 2007–2008 жылдары Алматы қаласының мәдениет басқармасын басқарып, шаһардың мәдени өмірін дамытуға атсалысты. Өнер мен қоғамдық қызметті қатар алып жүрген Нұрлан Өнербаевтың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі – Парламент Мәжілісіндегі жұмысы. 2008–2011 жылдары төртінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. 2011 жылдан бастап шығармашылық қызметке қайта ден қойып, сахнадағы өнер жолын жалғастырып келеді.

Өнер иесінің ел мәдениетіне сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Ол 1992 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері атанды. 1995 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленіп, сол жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағына ие болды. 1998 жылы «Астана» медалімен, 2016 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар, ҚР І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Өнер иесінің айтуынша, бұл марапат оған шығармашылық жолының 46 жылдық белесінде бұйырған ерекше құрмет болды. Халықтың ыстық ықыласы мен елдің құрметіне бөленген өнер иесінің әсем әні мен өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа рухани мұра болып қала берсін!

Ажар МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *