ТҮРКІСТАН: ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ – АСАН БИЖАНОВ

 

Қазақ бейнелеу өнерінің тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған суретшілердің бірі – Асан Бижанов. Бүгінде Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығының қорында суретшінің 150-ге жуық картинасы сақтаулы. Бұл өнер туындыларын суретшінің шәкірті қолөнер шебері Абай Рысбаев 2011 жылы Түркістаннан жаңадан бой көтерген Тарихи-мәдени этнографиялық орталық қорына тапсырған болатын. Бұл – Қазақстандағы аса құнды көркемөнер қорларының бірі.

Асан Бижанов 1946 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Балалық шағынан сурет өнеріне қызығып, табиғат пен ауыл өмірінен шабыт алды. 1974 жылы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдап, кәсіби суретші ретінде еңбек жолын бастады. Ол шығармаларында туған өлкенің табиғатын, ауыл адамдарының еңбегін, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, тарихи тақырыптарды кеңінен бейнеледі. Суретші үшін әрбір картина – халықтың өмірі мен мәдениетін бейнелейтін көркем шежіре болды.

Асан Бижанов Қазақстан Суретшілер одағының және бұрынғы КСРО Суретшілер одағының мүшесі болды. Оның жүздеген еңбектері республикалық, облыстық және халықаралық көрмелерде қойылып, өнерсүйер қауымның жоғары бағасына ие болды. «Салт аттылар», «Қыздың портреті», «Кілем тоқушылар», «Қазақ ауылы» сияқты еңбектері ұлттық бояуымен, композициялық шешімімен және терең мазмұнымен ерекшеленеді.

Өнердегі ерен еңбегі үшін Асан Бижанов Қазақстан Республикасы және КСРО Суретшілер одағының дипломдарымен марапатталды. Оның шығармашылығы кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағаланып, көптеген көркемөнер көрмелерінде жүлделі орындарға ие болды. Қазіргі таңда суретшінің туындылары Қазақстан Республикасының өнер музейлерінде, көрме қорларында және Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығының қорында сақталуда. Бұл шығармалар қазақ бейнелеу өнерінің алтын қорына енген мәдени мұра болып саналады. Асан Бижановтың еңбектерін сақтау, зерттеу және көпшілікке таныстыру – ұлттық мәдениетті дамытудағы маңызды міндеттердің бірі. Оның шығармалары арқылы кейінгі ұрпақ қазақ халқының тарихын, мәдениетін және рухани дүниесін тереңірек таниды.

Асан Бижанов – қазақ бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосқан қылқалам шебері. Оның шығармалары ұлттық өнердің құндылығын арттырып, тарихи сананы қалыптастыруға қызмет етеді. Сондықтан суретшінің шығармашылық мұрасын сақтау, ғылыми тұрғыдан зерттеу және кеңінен насихаттау – мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы.

А.Мирзабекова,

«Ұлы Дала Елі» орталығының ғылыми қызметкері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *