ТҮРКІСТАН: ӨМІРІ ӨЛЕҢ, ӨЛЕҢІ ҮМІТКЕ АЙНАЛҒАН АҚЫН

 

«Түркістанда тумаса да адамдар,
Түркістанда тұрғанына мақтанған!»

Осы екі қатар өлеңімен ел есінде мәңгілік қалған ақын Өмірбай Сәуірбаев бүгіндері тірі болғанда сексен жасқа толар еді. «Елім» деген ақынның перзентін құрметтейтін елі бар екен.

Берекелі бейсенбі күні Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында небәрі 51 жыл ғана өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған белгілі ақын, Түркістанның тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірбай Сәуірбаевтың 80 жылдығына арналған «Өмірі өлең, өлеңі үмітке айналған ақын» атты естелік кеш әрі «Өмір мен үміт» атты таңдамалы өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Оқырман қауымға «Сырымды айтам адамдар», «Ардағым», «Мен өмірді сүйемін», «Ақ дидарын көргенде» атты кітаптары арқылы бұрыннан таныс дарын иесінің рухани мұрасы бүгін ақынның өзі атауын айтып кеткен туындымен толықты.

Тағдыры талайлы, оқыстан жабысқан сырқаттың азабын тартып жүрсе де, қиындыққа мойымай, өмірінің мәнін өлеңнен тапқан Өмірбай Сәуірбаевқа арналған кешті ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым қашандағыдай тартымды да мазмұнды жүргізді.

Белгілі ақын, драматург, мәдениет саласының майталманы, сахна саңлағы Сайлаухан Жоланов Өмірбай Сәуірбаев өлеңдерін түйдектете жатқа айтып, ақын өмірінен көріністер көрсетті. Абыз ақсақал Жарқынбек Құлбайымбетов, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, ақын, сазгер Асқар Дүйсенбі, сондай-ақ, Мырзахан Байтұрсын секілді азаматтар естелік айтып, кітаптың тұсауын кесті.

Әдеби мұрасымен де, ұйымшыл әулет, соңындағы ұрпағымен де мың жасап келе жатқан сыршыл ақын, оптимист ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірбай Сәуірбаевтың «Өмір мен үміт» кітабының жарыққа шығуына ақынның жиені, филолог-ұстаз Көпжан Жұматаев демеушілік етті.

Ағыл-тегіл естеліктер айтылды. Жыр-термеден шашулар шашылды. Кеш иесінің қарындасы Өзипа Балғабайқызы, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық бөлімшесінің төрағасы Мәлік Дәулет, дарынды журналист-баспагер Төрегелді Байтасовтың ұлы Төребек Байтасов, Өмірбай ағаның шәкірті Роза Нарымбетова, Қызылорда облысының «Құрметті азаматы», Жарасқан Әбдірашев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Толыбай Абылаев, Үміт жеңгей мен Өмірбай ағамыздан тараған ұрпақтар, тағы басқа да кешке қатысушылар естеліктерімен бөлісті. Бейсенбінің берекелі күнінде басталған мерекелі іс-шара қаладағы Өмірбай Сәуірбаев атындағы көшенің басына ескерткіш тақта орнату рәсіміне жалғасты. Ас беріліп, ақын аруағына дұға бағышталды.

Ұзаққа созылған аурудың зардабын тартып жүрсе де, өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, өлеңмен құндақтаған ақынды кезінде көзкөрген замандастары өжеттігі мен қайрат-жігеріне таңданып, «Түркістанның Островскийі» дейтін. Тар төсекке таңылып жатып, әлемге «Құрыш қалай шынықты?» кітабымен танылған жазушы Николай Островскийге теңейтін еді. Десек те, Өмірбай ағамыз жеке-дара «Түркістанның Сәуірбаевы» болып халқының есінде қала береді.

«Түркістан-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *