Арқалықтың ақ самалы
Қарт Торғай мен қарт Түркістан арасы бүгіндері «Рух сардары» атанған этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдығына арналған рухани көшпен жалғасып, қасиетті елі тұлғалы перзентін еске алып, құрмет көрсетуде. Өздеріңізге белгілі, 28 тамыз – мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібектің туған күні. Тірі болғанда, ұлт руханиятының жанашыры, жоқтаушысы Өзағаң бүгінгі таңда 95 жасқа толар еді.
Қазақ халқының мәдениетінің, ұлттық дәстүрі мен салт-санасының, қолөнерінің қаймағы бұзылмай сақталуына, жаңарып-жаңғыруына мол үлес қосқан дара тұлғаның мерейтойын атап өту осыдан біраз уақыт бұрын басталып кеткен болатын. Амангелді, Кейкі батыр сынды жүрек жұтқан, ел қорғаған ерлердің мекені Қарт Торғай өңірінен келген көш-керуен Өзбекәлі Жәнібектің «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінде сақталған құнды мұраларынан жабдықталған «95 жылдыққа – 95 жәдігер» атты көшпелі көрме әкеліп, түркістандықтарға мол мағлұмат берген еді.
Көпшілікке белгілі, Өзбекәлі Жәнібекұлы Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы болып қызмет істеген жылдары өңір мәдениетін дамыту, өркендету жолында жан аямай еңбек етті. Небәрі қызмет еткен 1970–1975 жылдар аралығында атқарған орасан жұмысты торғайлықтар әлі күнге дейін аңыз ғып айтады. Жақсының жақсылығын, «елім» деп туған ердің қатал саясаттың қыспағында жүріп атқарған жанкешті еңбегін елі ұмытпайды.
Қазақ руханиятының темірқазығы, Алаш арыстарының ізі қалған ұлы даланы қайта түлетіп, ұмытылған мұраларды қайта түгендеп, Арқалықты мәдени жаңа белеске көтерген бірегей тұлға Өзбекәлі Жәнібектің мәдени мұрасы уақыт өткен сайын қайта түлеп, жаңғырып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Алты Алаштың ардақтылары Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың өшпес үнімен үндескен өлкенің мәдени дәстүрі мен бай тарихи мұрасын сақтап, түзу бағыт, тура жолды мақсат еткен идеологияны сөз жүзінде емес, іс жүзінде асқан көрегендікпен жүргізді. Сондықтан да Торғай өңіріне бақ болып келген Өзағаңа деген шексіз махаббаты мен сүйіспеншілігін өңір тұрғындары әрбір іс-әрекетімен дәлелдеп келеді.
Асыра мақтау емес, осыдан үш-төрт ай бұрын Арқалық қаласының әкімі Асанов Әмірхан Біркенұлы құрамында елу бес адамы бар делегацияны өзі бастап келіп, үш күн бойы Отырар ауданындағы, Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени орындарды аралатып қайтқан болатын. Ең басты мақсат – Арыстанбаб кесенесі аумағында мәңгілік тыныстаған Өзбекәлі Жәнібек рухына тағзым ету. Өйткені, торғайлықтардың бұл сапарының ерекшелігі де – арнайы келген топ құрамында ересектермен бірге Өзбекәлі Жәнібектің мерейтойына байланысты ұйымдастырылған шығармашылық байқауда эссе жазып, жүлдегер атанып, Түркістан сапарына туристік жолдамаға ие болған 25 мектеп оқушысы бар еді. Туристік сапардың алғашқы күні Арыстанбаб кесенесіне тәу етіп, Өзбекәлі Жәнібек мазарына барудан басталды. Туристік сапардың екінші күні қасиетті Түркістанда жалғасып, «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесімен, тарихи-мәдени ескерткіштермен танысты. Торғайлықтар сапары Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасындағы мағыналы басқосуда түркістандық зиялы қауыммен кездесуге ұласқан еді. Кешегі Торғай облысы тұстарында Өзағаңмен замандас болған, бірге сыйласып жүрген абыз ақсақал Қаратай Нұрманов, Арқалық қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Әубәкіров, Арқалық қалалық мәслихатының төрайымы Г.Елтебаева, Арқалық қалалық қоғамдық кеңес төрайымы С.Алматова, Арқалық қаласының тұңғыш тұрғыны, 86 жастағы Қ.Жиенбаев ақсақал естеліктерімен бөлісті. Қарт Торғай мен киелі Түркістан арасына Өзағаңның арқасында салынған рухани көпірдің маңызына тоқталды.
Сырлы сұхбаттарға толы кездесу кешін Қостанай облысына қарасты «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің директоры Рауан Абдуллажанұлы шеберлікпен жүргізіп, көптеген тың деректерден мағлұмат берді. Бәрінен де көңілімізді тебіренткені – өңірлік байқауда жүлдегер атанған оқушылардың шын мәнінде дарындылығы. Олардың өлең оқу мәнері, домбыра тартысы, салған әндері Арқалықтың ақ таңының самалын ала келгендей сезімге бөледі. Жиырма бес оқушыны жауапкершіліктеріне алып, тарихи Түркістанды аралатқан ұстаздарға, әсіресе, сапарластарының жанынан бір сәт те ұзап кетпей бірге жүрген Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Біркенұлының қарапайымдылығына риза болдық! «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген. Ұлық болсаң, кішік бол!
Арқалықтық меймандарды Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев бастаған ресми билік өкілдері, зиялы қауым мен ардагерлер құрметпен қарсы алып, қонақжай дастархан жайған еді. Өзағаңның қарындасы, ардагер ұстаз Айғаным Серім, Өзағаңның немересі Азел сый-сияпат жасады. «Тағдыр тағылымы» кітабын сыйға тартты. Тағылымы мол қос өңірдің рухани байланысы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ағымдағы жылдың тамыз айының бас кезінде Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған «Арқалық – болашақтың қаласы» атты мерекелік іс-шара және XXXIX облыстық спартакиада аясында халқының сүйікті перзенті Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдығына арналған кеш өткізілді. Осылайша соңына ізгіліктен із қалдырған Өзағаңның рухани ғұмыры Торғай даласында жалғасты.
