Қарт Торғай өңірінде өткен мерекелік бағдарламаға қатысу үшін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының қолдауымен арнайы делегация аттанды. Қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық мәдениет, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы Қадырболат Мұсағалиев, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков, қалалық әжелер алқасының төрайымы, Өзбекәлі Жәнібектің қарындасы Айғаным Серім қатысып, торғайлықтардың қонақжай пейіліне, бірегей тұлғаның рухына көрсеткен құрметіне риза көңілмен оралды.
«Өзағаңның кезінде бір кездері Торғай облысының шаңырағын көтерген, ел тарихында «Өзағаңның серкелері» атанған, бүгінгі күні еліне елеулі, халқына қалаулы ардагерлермен кездестік. Осындай ауқымды іс-шара аясында Өзағаңның абыройын асырып, мәртебесін көтерген облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа рахмет», – дейді Айғаным Серім.
«Менің көңілімде қалған үлкен әсер – тойдың сән-салтанаты ғана емес, Арқалық жұртының өз тарихына, туған жеріне және Өзбекәлі Жәнібектей ұлы перзентіне деген ерекше құрметі мен шынайы махаббаты болды. Небір кедергілерге қарамастан ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуға, халқымыздың тарихи жадын тірілтуге ғұмырын арнаған ұлы тұлғаның артында қалдырған ізі өшпепті. Өзбекәлі үні әлі бәсеңдемепті», – деп тебіренді Арқалық сапарынан алған әсерімен бөліскен Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков.
«Әрбір айтылған естелік бізді тарих дөңгелегін жарты ғасыр кейін шегіндіріп, жаңадан құрылған Торғай облысының алғашқы жылдарына оралтты. Біртуар перзентін дәріптеген Арқалық халқына рахмет», – дейді еске алу кешінің куәгерлері!
Тау тұлға түркістандықтар жадында
Бүкіл саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған, ұлт мәдениетіне, тіліміздің, салт-дәстүріміздің дамуына, тарихи-мәдени мұраның жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан руханият жоқтаушысы Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар киелі Түркістан жерінде әлі де жалғасуда. Түркістан облыстық әкімдігінің бастамасымен, мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Өнегелі өмір – өшпес мұра» атты облыстық ғылыми жоба байқауы өтті. Тартысты додаға облыс бойынша 255 оқырман қатысып, үздік танылған 17 жас зерттеуші қорытынды кезеңде ғылыми жобаларын қорғады. Бұл тағылымды шара Өзбекәлі Жәнібектің өмірін, қайраткерлігін тереңірек білуге жол ашты. Оқушылардың қызығушылығын туғызды.
Ғибратты ғұмыр иесінің 95 жылдығына арналған іс-шара Оңтүстік Қазақстан университетінде де жалғасын тауып, «Өзбекәлі Жәнібек – ұлт руханиятын жаңғыртқан тұлға» деген тақырыпта ғылыми семинар өткізілді. Кемеңгер тұлғаға арналған шаралар шеруі мұнымен де тоқтаған жоқ. Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасында «Ұлт рухын ұлықтаған тұлға» деген тақырыпта еске алу кеші өтіп, «Ұлттық рухтың ұйтқысы» атты алты тараудан тұратын библиографиялық көрсеткіш жарық көрді. «Халықтың рухани қазынасын сақтау – ұлт болашағын сақтау», – деп Өзағаңның өзі айтқандай, сол рухани қазынаны көзінің қарашығындай қастерлеген ұлы тұлға әрқашан халық жадында.
P.S. Қарт Торғай мен қарт Түркістан арасы таяу күндері тағы бір рухани іс-шараның алтын көпірімен жалғасады. Торғайлықтар Түркістан өңіріне «Арқалықтың ақ таңы» атты қойылымымен келеді. Осылайша қарт Торғай мен қарт Түркістан арасындағы дүбірлі сапар дүбірі толастамайды.
Роза НАРЫМБЕТОВА.
