ТҮРКІСТАН: «ҚЫЗЫМЫН ЕЛДІҢ БАҚЫТЫН ТАПҚАН ӨНЕРДЕН»

Би Патшалығының Падишасы

Сәрсенбінің сәтті күні түркістандықтар «Конгрес Холл» кешенінде өткен «Би Патшалығының Падишасы» атты облыс мәдениеті мен руханиятына еселі еңбек сіңірген ардагер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иесі, Түркістан қаласының, Сауран ауданының, Түркия Республикасының Сивас қаласының «Құрметті азаматы» Ұлжалғас Әбенқызы Мұстафаеваның 70 жылдық мерейтойына арналған керемет кештің куәсі болды!

Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен руханияттың шынайы көрінісіне айналған кешке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, мерейтой иесін өміріндегі елеулі оқиғамен құттықтап, сый-сияпат тапсырды. Айтыстың ақтаңгері, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков мерейтой иесіне арнау өлеңін оқып, Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішевтің «Құттықтау хаты» мен тартуын табыс етті. Сондай-ақ Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов жүрекжарды лебізін білдіре келіп, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының «Алғыс хатын» табыс етіп, қазақы дәстүрмен мерейтой иесінің иығына шапан жапты.

Сонымен қатар, айтпай кетуге болмайтын, түркістандықтардың жүзіне шуақ, жүрегіне жылу сыйлаған тағы бір сәт – тарихы терең Түркістанды 1998–2000-шы жылдары басқарған әкім, іскер әкім, көне шаһардың ЮНЕСКО шеңберінде тойланған 1500 жылдық тойын өтпелі шақтың қиын кезеңінде «жоқтан бар жасап» дүрілдетіп өткізген әкім Өмірзақ Әметұлының қатысып, Ұлжалғас Әбенқызының қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшы болған кезінен естелік айтуы мерейтой иесінің беделін асырып, қуанышқа бөледі. Түркістандықтар да киелі қаланың түлеп-түрленуіне қомақты үлес қосқан Өмірзаққа қол соғып, қошемет көрсетті!

Мәдениет майталманының жеке шығармашылық кешін танымал киноактер Ғани Құлжан мен Гүлім Құлжа тартымды жүргізді.

Ал енді көрермен ерекше әсер алған кеш туралы, Түркістан мәдениетін өркендетіп қана қоймай, ізбасар шәкірт тәрбиелеуге, ана тілімізді дамытуға мол үлес қосқан руханият жанашырының өмірлік кезеңдері жайында тарқатып айтайық.

Ұлжалғас Әбенқызының өмір жолы туралы сол күнгі кеште экраннан көрсетілген бейнебаянда баяндалған мәліметтерден азғана үзінді келтіре кетейік.

Еселі еңбек елеусіз қалмайды. Сондықтан да өнер иесінің қажырлы еңбектері жоғары бағаланып, мемлекеттік наградалар мен орден-медальдарға ие болды. Бұл – оның өлшеусіз қызметінің айғағы. Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық колледжде жиырма жыл бойы ұстаздық етіп, соңынан ерген өнерлі буынды тәрбиеледі. Адамдардың жүрегіне жақсылықтың нәрін септі. Ол өмірінің 43 жылын қазақ биін дамытуға арнады. Куба, Ирландия, Португалия, Түркия сынды мемлекеттерде еліміздің намысын қорғап, мәдениетімізді танытты. Осы еңбегі еленіп, ел ішінде «Би падишасы» атанды. Маңдай тер мен адал еңбектің арқасында өнер айдынында үлкен белестерді бағындырды.

Соның ішінде халықтың ықыласы, Жаратқанның қолдауымен екі бірдей «Мәдениетім – мерейім» және «Тәуелсіздігім – тұғырым» атты үлкен фестивальде бас жүлде – «Газель» автокөлігін қанжығаға байлады. Бұл марапаттар тек оның ғана емес, оған сенім артқан ұжымның да жеңісі еді.

Өнер мен мәдениеттің даңғыл жолында жүріп, талай тарихи сәттердің куәсі болу бақыты бұйырды. Рухани шаһардың мәдениетін басқарып, төрге озған небір әлемдік деңгейдегі мемлекет және қоғам қайраткерлерін жоғары дәрежеде күтіп алуға атсалысты. Дінмұхаммед Қонаевты, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевты, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевты Түркістанға табан тіреген тарихи сәттерде күтіп алу шараларының басы-қасында болды. Сүлеймен Демирель, Тұрғыт Озал, Абдуллаһ Гүл секілді әлемдік тұлғалар көне шаһарға келгенде қазақтың қонақжайлылығы мен мәдениетін жоғары деңгейде паш етіп, мінсіз қызмет көрсетті. Тек саясаткерлер ғана емес, ұлттың рухын көтерген сөз зергерлері, өнер алыптары Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әли, Дулат Исабеков, Әбіш Кекілбаев, Исраил Сапарбай сынды тау тұлғалармен тығыз қарым-қатынаста болды. Сахна саңлағы Райымбек Сейтметовтың өзі оның еңбегін жоғары бағалап, «Түркістанның мәдениет министрі» деп атаған болатын.

Бұл күнгі кеш те – өнер иесіне деген халықтың ыстық ықыласы мен шексіз құрметінің белгісі. Бүгінде Ұлжалғас Әбенқызы заңды еңбек демалысында болса да, ел игілігі жолындағы қоғамдық істерден бір сәт те қол үзбей еңбек етуде», – деп сыр шертілді көпшілік назарына ұсынылған бейнебаянда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *