ТҮРКІСТАН: «ҚЫЗЫМЫН ЕЛДІҢ БАҚЫТЫН ТАПҚАН ӨНЕРДЕН» — 2

 

Өнерге адал ғұмыр

«Құлпырып жайнаймын, мен әсем айдаймын жаңа туған, Сызылып, сайраймын сандуғаш болып жаратылған. Ғашықпын мынау өмірге ақ пейіл, адал көңілмен, Жаныма жақын жақсының бәрін ұнаттым», – деген ақын Гүлзина Нұрманованың сөзіне жазылған, сазгер Жанар Қожағазинаның әні! Танымал әнші Қарақат Әбілдинаның орындауында халық арасында кең таралып, тыңдарманның сүйіспеншілігіне бөленген ән мәдениет майталманы Ұлжалғас Әбенқызы Мұстафаеваға арналып айтылғандай.

Жарты ғасыр ғұмырын ұлтымыздың мәдениетін дамытуға арнаған өнер иесі 70 жылдық мерейтойында сахна төрінен осы әнді шырқады. «Би Патшалығының Падишасы» атты шығармашылық кешке өзек болып тартылған ән көкейіміздегі осы оймен астасып, дөп түсіп жатты.

Мың орындық кең зал көрерменге лық толды. «Жаз мезгілі. Елдің бәрі жан-жаққа қыдыратын шақ. Студенттер мен оқушылар – жазғы демалыста. Көрермен жағы қалай болар екен?» деген көңілді қобалжытқан көп сауал ағылып келіп жатқан. Көрерменді көргенде, өнерге, халықтың сүйіктісіне айналған өнер иесіне деген сүйіспеншілікке ештеңе кедергі бола алмайтынына көзіміз жетті.

Шын жүректен қуандық! Түрегеп тұрып қол соқтық!

Шығармашылық кеш таптаурын болған сүрлеумен емес, жаңа леппен, көрерменді көп сөзбен жалықтырмай, жып-жинақы, «көзді ашып-жұмғандай» бір деммен өте шықты. Тіпті, концерттің алдында ғана нөсерлетіп төгіп-төгіп өткен жазғы жаңбыр да көрерменнің келуіне кері әсерін тигізе алмады. Керісінше, айналадағы ауаны ғана емес, көңілдерді де ерекше жұпарға бөлегендей әсер қалдырды.

Әдемі кеш Ұлжалғас Әбенқызының жүріп өткен өмір жолы, жеткен жетістіктері мен алған асулары туралы он минуттық бейнебаянмен басталды. Келесі сәтте Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің және Балалар мен жасөспірімдер орталығы ұжымдарының хореографиялық қойылымының сазды әуені құшағында тербеліп, аққудай қалқыған Ұлжалғас Әбенқызы сахнаға шыға келгенде зал дүр сілкініп, әсерлене қол соқты.

Ерғожа Тілепбердиевтің сөзіне жазылған Зағипа Иманғазиеваның «Өмір ағысы» әнін орындаған Ұлжалғас Мұстафаева бұл күні мәдениет саласын ұзақ жылдар басқарған басшы ғана емес, ән де салып, би де билейтін сан қырлы өнер иесі екендігін көпшіліктің есіне тағы бір салып өтті.

«Бір құлап, бір тұрып, келемін ұмтылып өмірдің ағысында,

Біреуден қаламын, біреуден озамын өмірдің жарысында», – деген ән жолдары арпалысқа толы өмірдің сан алуан ағысынан сыр шертті. Әсіресе, қазақ театр өнерінің ұлы тұлғасы Райымбек Сейтметов театры әртістері сахналаған Райымбек Ноғайбайұлы мен Ұлжан Мұстафаеваның диалог-қойылымы жанарларға жас үйірді. Өткен күндер елесін еске түсірді.

Театрдың белді әртісі Шәкен Амантұров «Мама» әнімен көпшілікті тебірентті.

Шығармашылық кеште Р. Сейтметов театрынан қанат қағып, халыққа «Шаншар», «Алдараспан» әзіл-сықақ театрлары арқылы танымал актриса Жұлдызай Дүйсенбиева «Елге алғыс» әнін, Италияда білім алып, кәсіби біліктілігін арттырып келген опера әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Жандарбай «Selito Lindo» әнін, ҚР Мәдениет саласының үздігі Оразкүл Дәулетова композитор Мыңжасар Маңғытаевтың «Ақмаржан» әнін, «Күлкі базар» әзіл-сықақ театрының актрисасы Мөлдір Мұратбекова «Ескі ауыл» әнін нәшіне келтіре орындады. Бұл өнер иелерінің бәрі де өнер өріне жетелеген ұстаздары Ұлжалғас Әбенқызына алғыс сезімдерін білдірді. «Дильшод» өзбек халықтық фольклорлық ән-би ансамблінің жетекшісі Зебинсо Абдалимова «Рапсодия» би тобымен бірге «Соғинғонда» әнін орындап, сахна сәнін келтірді.

Сондай-ақ, шығармашылық кеште танымал сазгер, әнші Құралай Сәтмұхамбетова «Тойға тарту» әнінен, көрермен сүйіктісі Айжан Тәженова «Ана туралы» әнінен, «Конгресс Холл» кешенінің «Жаңа леп» тобы «Сыр сұлуы», «Ақмаржан» әндерінен шашу шашты.

Бағдарламасы өте тартымды құрылған концертте мерейтой иесі танымал әнші София Ротару репертуарынан бұрыннан орындап келе жатқан «Лаванда» әнін шырқап, көрерменін қуанышқа бөледі. Өнер майталманының жетекшілігіндегі «Тұран» әжелер би тобы «Аса таяқ» биін биледі.

Мәдениет қайраткері Ұлжалғас Әбенқызы Мұстафаеваның шығармашылық кеші мерейтой иесінің орындауындағы, әңгімеміздің басында айтылған «Қызымын елдің бақытын тапқан өнерден» әнімен, отшашумен мәреге жетті.

Рухани кешті сағынған жұртшылық сағынған әндерінен сусындап, мейірін қандырды. Күнде көз алдарында жүрген Ұлжалғас Әбенқызының тегін жан емес екенін, өнерге деген адалдығын, елге қызмет етудің үлгісін көрді. Жетпіс атты жоталы биікке ұлттық мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ондаған шәкірт тәрбиелеп, киелі сахнаның сан қырлы сырын меңгеріп, халқына, өнерге қызметін сіңіріп жеткендігін түйсінді. Сүйсінді! Қуана қол соқты! Гүл дестелерінен тау тұрғызып, риясыз сезімдерін білдірді!

Міне, жұртқа үлгі боларлық өнерге адал ғұмыр!

 

P.S. Би патшалығы патшайымының шығармашылық кеші толассыз ағылған игі тілектермен, құттықтау хаттармен жалғасуда. Байланыс құралдары, жеделхаттар, әлеуметтік желілер арқылы келіп жатқан құттықтаулардың бәрін оқып үлгере алмадық. Соның кейбіріне ғана көз жүгіртсем: «Мен Сіздей азаматпен қасиетті Түркістанда қызмет еткенімді мақтан етемін!» – деп жазыпты Түркістанда прокурорлық қызмет атқарған азамат Жарқынбек Бақашбаев.

Ал, киелі қаламызда экономикалық тергеп-тексеру департаментін басқарып, таяуда ғана басқа өңірге қызметін ауыстырған Ерболат Балғабаев: «Жүрегімнің әр бөлшегі әрқашан Түркістанда, өзіңіздей асыл жандардың жанында», – деп жазыпты.

Мұндай жүрекжарды тілектер ұшан-теңіз!

«Өмірде әр адамның кәсіби биікке көтерілуіне, тұлға ретінде қалыптасуына жол ашатын, тағдырын өзгертуге ықпал ететін жандар болады. Мен үшін сондай қадірлі тұлға, аяулы ұстазым – Ұлжалғас Әбенқызы», – деп құттықтау хат пен жетпіс раушан гүлін Оңтүстік Корея елінде сапарда жүріп жолдаған шәкірті, «Kazmedia Holding» компаниясының құрылтайшысы әрі директоры Еркін Жақыпов. Керемет!

Ал, меніңше, ең басты құттықтау мынау: «Менің бұл өмірдегі ең бақытты рөлім – Сіздің қызыңыз болу, Анашым!» – дейді басты кейіпкеріміздің аяулы қызы, Әзірбайжан елінен сәлем жолдаған әріптесіміз, журналист Гүлжанат.

Өнерге де, өзіне де, отбасына да адал ғұмыр!

Жоталы жетпісіңіз құтты болсын, Ұлжалғас Әбенқызы!

Айтпақшы, Өмірзақ Әмет шығармашылық кеште сөйлеген сөзінде: «Түркістанның 1500 жылдық тойы кезінде 1500 қыз-жігітті билетіп, Елбасын таңдандырған Ұлжан осы!» – деп атап өтті.

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *