— Қайырлы күн, құрметті ханымдар! Ардақты апа-әпкелер, қадірлі замандастар! Баршаңызды киелі Түркістан төрінде көргеніме қуаныштымын.» – деп өз сөзін сәлемдесуден бастаған Инара Әбдіғаппарқызы ары қарай көпшілікке мынадай сауал тастады.— Құрметті ханымдар, мен сіздерге бір сұрақ қойғым келеді. Өмірде теория мен өмірдің айырмашылығы неде деп ойлайсыздар? Мен осы сұрақтың жауабын университеттен емес, базардан таптым. Мен кезінде мұғалім болдым. Алматы қаласында университетте сабақ бердім. Алдымда-студенттер, қолымда лекция. Жүрегімде-ғылым. 26 жасымда кандидаттық диссертация қорғадым. Өсудің жолын да ғылым жолынан көрген едім. Сол кезде мен нағыз теоретик болған едім. Бірақ, өмірдің өзінің формуласы бар екен. Мен туған жерім Түркістанға оралдым және менің жаңа университетім базар болды. Біздің «Қуаныш» базарының Түркістан қаласында 1962 жылдан бері тарихы бар. Ол жай ғана сауда орны емес. Бұл-мыңдаған адамның тағдыры тоғысқан, талай кәсіпкердің қанат қаққан ортасы. Осы базарды әкем Әбдіғаппар Шаймерденұлы көп жыл басқарды.2018 жылдан бастап әкемнің ізін жалғастырып, басшылық жауапкершілігін өз мойныма алдым. Мен үшін бұл жай ғана қызмет емес еді. Бұл-әкемнің аманаты. Бүгінде біздің базарда екі мыңнан астам кәсіпкер еңбек етеді. Мен осы жерде бір шындықты түсіндім. Экономика тек сандар мен көрсеткіштер емес. Экономика-адамдардың тағдыры. Экономика-ананың баласына тапқан наны. Экономика-кәсіпкердің ертеңгі күнге деген сенімі. Ал, базар өмірдің нағыз университеті екен. Менің өмірімде тағы да бір мектеп болды. Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы. 2012 жылдан бастап мен осы қауымдастықтың мүшесі болдым.2018 жылдан бастап Түркістан облыстық филиалын басқарып келемін. Осы жылдар ішінде мен бір нәрсеге анық көз жеткіздім. Әйелдің күші, тек өзінің жетістігінде емес, әйелдің нағыз күші өзімен бірге өзгелерді де көтере білуінде. Бір әйел кәсіп ашса, бір отбасының жағдайы жасалады. Бір әйел көшбасшы болса, оның соңынан басқа әйелдер де талаптанады. Бір әйел өзіне сенсе, айналасындағы қыз-келіншектер де өз мүмкіндіктеріне сене бастайды. Сондықтан, біздің міндетіміз-өзіміз ғана табысты болу емес, біздің міндетіміз бір-бірімізге жол ашу. Сонымен қатар, жетінші, сегізінші шақырылымында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты болдым. Қазіргі таңда да сайлауалды науқан кезінде өз бағымды сынауға қатысып жатырмын. Осының бәрі, менің ойымша, біздің мемлекетіміздің, біздің еліміздің әйел кәсіпкерлерге беріп жатқан және кеңейтіліп жатқан мүмкіндіктерінің дәлелі. Биылғы жыл мен үшін ерекше жыл болды. ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталдым. Бұл орденді әкемнің аманатына адалдықтың, жылдар бойғы еңбектің және жанымдағы адамдардың қолдауының жемісі деп санаймын. Тағы да бір өмірлік сабағымды айтқым келеді. Адамның ең үлкен байлығы-жинаған дүниесі емес, артында қалдырған ізі. Ал, әйелдің ең үлкен жетістігі-өз биігіне көтеріліп қана қоймай, өзгелерге де сол биікке шығуға жол ашуы. Әйелдер біріксе, үлкен күшке айналады. Әйелдер бірге өссе, қоғам да бірге дамиды. Ал, қоғам дамыса, еліміз мықты болады. Ел өркендесе, ұлт болашағы жарқын болмақ! »
Ақтөбе облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы,«ZARU» отбасылық брендінің негізін қалаушы, кәсіпкер, Ақтөбе облыстық мәслихаты сегізінші шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері Бану Жувангалиевна Тлегенова бұл дәрежеге жеткен жетістіктің астарында қаншама жүріп өткен жолдар жатқанын айта келіп:«Біздің отбасылық бизнесіміз, бәрінен де бұрын, ауыл шаруашылығын өркендету, жабайы жануарлардың сирек кездесетін түрі-марал өсіру, сауықтыру санаторийлерін іске қосу және витаминге, минералға бай маралдың өнімдері. Мұның бәрі 2017 жылы мамандығы ветеринарлық дәрігер өмірлік жолдасым екеуміздің Шығыс Қазақстаннан Батыс Қазақстанға, Ақтөбеге 150 марал әкелу туралы шешім қабылдауымыздан басталған болатын. Біздің бұл әрекетімізге күмәнмен қарағандар көп болды. Бірақ, біздің еңбегіміз ақталып, бүгінгі таңда марал саны төрт жүзге жетті. Брендтік марал өнімдерін өндіріп жатырмыз. Біздің панталық өніміміздің Еуроодақтың жиырма жеті еліне шығаруға мүмкіндік беретін халықаралық сертификаты бар. Осы уақыт ішінде он үш мыңнан астам адам сауықтыру емдерін қабылдап, реабилитациядан өтті. Сондай-ақ, бес жүзден астам адам қайырымдылық акциясымен тегін емделді. Жер жүзіне нәубет болған пандемия кезінде де 155 адамға ковидтен кейінгі оңалтуға сертификат бердік. Біз жүз елуден астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бұл-оңай жол емес. Сонау 1992 жылғы өліара шақта жұртпен бірге бала-шаға қамымен ала дорба арқалап, саудаға кірістік. Әуелі шағын киоскіге, содан кейін кафе, мейрамхана, қонақ үй, енді міне, қол жеткізіп, енді ZARU»! Яғни, біз ешқандай қиындыққа мойымай алға жүріп келеміз. Біздің еңбегіміз еш кетпей, мемлекеттік марапат 2018 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудемізге тақтық. 2025 жылы Президенттік ең жоғары жүлде «Алтын сапа» наградасына ие болдық. Сондай-ақ, халық арасында профилактикалық сауықтыру жұмыстарын жүргізгеніміз үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Құрмет» Грамотасымен марапатталдық. Қазір Қостанай, Алматы, Ақтөбе қалаларында бөлімшелеріміз жұмыс істейді. Мен сондай-ақ Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының мүшесімін. Бұл тек қоғамдастық ұйым емес, бұл-әйелдердің бір арнаға тоғысқан күші! Тәжірибе алмасу, бір-бірімізден үйрену, достасу, даму, бәрімізге түсінікті бір тілде сөйлесу. Бұл қауымдастық-үлкен күш! Сондай-ақ, менің өмірімнің мәні-тірегім, өмірлік жарым мен үш перзентімде, сегіз немеремде. Әйел бақыты осы!
