ТҮРКІСТАН: ЖҮЗ МҮМКІНДІК – БІР ӘЛЕМ! — 4

Сахна төрінде өзін ұстауынан, әрбір сөзінен қарт Тараздың самалы ескен «Талбесік» этноорталығының негізін қалаушы, қоғам қайраткері Лештаева Меруерт Қоттабайқызы өз феноменінің сырын ақтарды:«- Менің феноменімнің сыры неде? Бәрі қалай басталды? Мен мейрамханалық бизнестегі жолымды қарапайым аспазшы болып бастадым. Салаттар жасап, оларды түрлі-түрлі етіп сәндеп жұмыс істей жүріп, күніне үш жүз теңге табатынмын. Сол үш жүз теңгені қанағат тұтып, кешке үйге келгенде үлкен әдемі ресторандардың схемасын сызатынмын. Менің жобамдағы ресторандар өте керемет болатын. 2002 жылдар еді бұл. Менің жобамдағы мейрамханаларымда»LED«экрандар, сахна, жарқ-жұрқ еткен түрлі-түсті шамдар, кіріп-шығып жатқан көліктер, лимузиндер… Керемет енді. Он бір жылдан кейін менің арман-қиялым жүзеге асып, өзімнің бірінші ресторанымды салдым. Содан кейін тағы да мейрамхана, сауда үйлері, тағысын тағы… Бір сөзбен айтқанда, бизнесім жүрді! 2014 жылы мен Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығына мүше болып, өте мақсатшыл, іскер, жігерлі, өмірге құштар жандардың ортасына түстім. Сол кезде мен адамдарға қызмет етудің не екенін, миссияның не екенін түсіндім. Мен қазір өзімнің миссиямды орындау үстіндемін. Ал, қазіргі миссиямның мәні неде? Соны түсіндіріп өтейін. Тараз қаласынан он шақырым қашықтықтағы елді мекеннен он екі гектар жерге үлкен» Талбесік«этноорталығын салып жатырмын.» Талбесік» этноорталығы аты айтып тұрғандай мәдениетіміздің, тарихи құндылықтарымыздың, ұлттық тағамдарымыздың, дәстүр-салттарымыздың, қолөнеріміздің жаңғыруы. Мұнда ресторан, кафе, елу орындық жылқыға арналған қора, садақ ату орталығы, қонақ үй қалашығы, киіз үй бейнесіндегі конференц-зал бар. Ондағы мақсатым-біздің өңірде, Қазақстанда шын мәніндегі шынайы туризмді дамытқым келеді. Елімізге келген қонақтар біздің тұрмыс-тіршілігімізді, әдет-ғұрпымызды, терең тарихи тамырымызды көріп, танысса, тамсанса деймін. Өнерімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді бүкіл елге паш еткім келеді. Бұл-менің үлкен арманым! Алла қаласа, соған жетемін! Менің феноменім-қандай қиындық болса да ешуақытта, ешқашан тоқтамаймын! Арманға қарай алға!

Бала кезінде анасы:«Еліңе пайдаң тиетін азаматша бол!» – деп жиі айтатын. Сол ана аманатын орындап, биіктерге қол жеткізген атыраулық кәсіпкер,«Фатима- Групп» ЖШС директоры, «AKbota» жиһаз салоны,«Arru PLAZA» мейрамханасы және «SyILIQ»сауда ойын-сауық орталығының жетекшісі Фатима Набидоллақызы Тулеева:«Түркі дүниесінің рухани астанасы — Түркістан өңіріне келіп, өз өмір жолыммен бөлісу мен үшін үлкен мәртебе!» Мың әйел-мың мүмкіндік«деген сөздің астарында әрбір әйелдің өмір жолы, еңбегі, жетістігі, арманы бар. Мен жоғары білімді, тау-кен инженері, бірақ, еңбек жолымды өкінішке орай кәсіпкерліктен бастадым. Жоғарыда әріптестерім айтып өткен 1990 жылдары еліміздегі экономикалық күйзеліске байланысты жұмыс орындары тапшы болды. Сол себептен қолды қусырып отырмай, отбасының әл-ауқатын жақсарту үшін, ұрпағымыздың болашағын қамтамасыз ету үшін екі сумкамды алып, Ресей еліндегі Астрахань қаласына барып азық-түлік сатумен айналыстым. Бірінші уақытта сөмкемен тасыдым Бану ханым айтқандай, одан кейін тонналап тасыдық. Сөйтіп үлкен қоймалар салдық. Сөйтіп жүріп бір күні Жаңа жыл қарсаңында кішкене табысты болдық қой деп, жолдасымыз екеуміз үйге жұмсақ жиһаз алмақшы болып дүкен аралауға шықтық. Өкінішке орай, біздің Атырау қаласында таңдау аз екен. Содан маған ой келді. Сосын жолдасыма:» Осы жиһазды Жаңа жылда алмай-ақ қояйықшы. Маған бір идея келіп тұр«- деп өтініш айттым. Сол Жаңа жыл кешінде отбасыммен отырып» Кәсібімізді жиһаз сатуға бұрсақ қайтеді?«- деп жолдасыммен ақылдастым. Ол кісі сол кезде мұнай саласында еңбек еткен. Осылайша, алдымен Ресейге, одан кейін Түркия, Белоруссия, Ойшыға, Италияға бардым. Дүние жүзіндегі жиһаз кәсіпорындарын аралап, Батыс Қазақстан бойынша жиһаз сатудан үлкен алпауыт компанияға айналдық. Осы бизнесті қолға алғасын жолдасым мұнай саласындағы жұмысын тоқтатып:» Екеуміз күшімізді біріктірейік. Бұл бизнесті жоғары дәрежеге шығарайық. Балалар өсіп келе жатыр«- деген ой айтты. Өмірде отбасының қолдауы өте маңызды. Соның ішінде, қасыңдағы жолдасыңның сен үшін жаны күйіп, сен үшін бірге болайық» деген сөзі мен үшін көп күш болды. Күшімізді біріктіріп көптеген өңірімізде отбасылық мейрамханалар салдық. Одан кейін сауда орталықтарын салдық. Сүйтіп жүріп төрт баламыздың қалай өсіп, ержеткенін де аңғармай қалыппыз. Қазіргі күнде сексеннен астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Өңіріміздің экономикасын дамытуға үлес қосып отырмыз отбасымызбен! Жүз миллион салық төлейміз. Адамның өмірінде әртүрлі жолдар болады екен. Қазір Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі экономикалық ахуал, саяси ахуалдан бөлек, күрделі. Логистика жағдайы қиынға түсе бастады. Сол кезде жолдасым екеуміз отырып ойланып, жоспарымызды құрып, әрине, мемлекеттік қолдаудың арқасында жиһаз өндіру цехын аштық. Өздеріңізге белгілі, 1990 жылдары мемлекеттік қолдау болған жоқ. Ал, қазір кәсіп бастаймын деген адамға мүмкіндіктер, мемлекет тарапынан қолдау өте көп. Сондықтан да, мемлекеттік қолдауларды пайдаланып, екеуміз отбасымызбен жиһаз шығара бастадық. Ендігі мақсатымыз соны үлкен өндіріске айналдыру. Мен осы кәсіптерімнің арқасында қоғамдық жұмысқа келдім. Қоғамдық жұмысты іскер әйелдер қауымдастығынан бастап, 2017 жылы мүше болдым. Ары қарай Атырау облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы болдым. Бүгінгі таңда қауымдастығымызда жетпістен астам қыз-келіншектеріміз бар. Мұнда біз немен айналыстық? Адамның өзінің ішкі дүниесінде «адамға болсын» – деген сезім болу керек. Осындай ниетпен көптеген қыздарды,«Стартап» жаңа, жас кәсіпкерлерді қолдап, жүз әйелді бес мамандық бойынша оқытып, үлкен кәсіп ашуға жолдама бердік. Осындай еңбектің арқасында 2021 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапатына ие болдым. 2023 жылы Президентіміз Қасым- Жомарт Кемелұлының қолынан «Аруана» әйелдер жобасының үздігі атанып, марапат алдым. Мен үшін бұл үлкен жетістік. 2023 жылы облыс әкімі өзінің қабылдауына шақырып:«Фатима Набидоллақызы, сіз саясатқа келсеңіз? Қалай ойлайсыз?» – деп, сегізінші шақырылымға мәслихат депутаты болдым. Енді бүгінгі күнде ұрпақтар сабақтастығы деген бар. Іскер әйелдер қауымдастығының тізгінін жас ұрпаққа, өңіріміздің білікті кәсіпкері Ардақ Рақымғалиқызына тапсырдым. Ұстазы мықтының ұстанымы мықты. Мен де өзімнің ұстазымды атап өтейін. Осы қоғамдық жұмысқа әкелген ұстазым Раушан Біргебайқызы Сәрсенбаеваға көп-көп рақметімді айтамын. Өйткені, ұстаздан көп нәрсе алдық. Бүгінгі күнде де ол кісіден алатын ұлағатымыз жалғасып жатыр. Жастарды кәсіпкерлікке баулу үшін көптеген жұмыстар жасап жатырмыз. Ауыл-аймақтарда да жұмыстар жалғасуда. Гендерлік саясат бойынша Атырау облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісімін. Өңірдегі әйелдердің кәсібін өркендетуге, өндіріс ашуға шақырып, үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Біз, әйелдер, нәзік те қайсар қауымбыз.«Әйел-бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербетеді» – деп бекер айтылмаған! Осындай үлкен алаңда, Түркістанның төрінде ой бөлісуге мүмкіндік жасаған «Атамекен» ҰКП-ға рақмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *