Қарағанды облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, кәсіби модератор, кәсіпкер, теміртаулық Арыстанова Наталья Ивановна өз сөзін «- Отан отбасынан басталады. Қонақ келсе, құт келер! Бұл-менің өмірлік ұстанымым! Қасиетті жерге қош келдік!» – деп бастап:«- Негізі, өзім шағын қазақ ауылында өскен қызбын. Шағын ауылда өскенмен жүрегім үлкен. Себебі, ауыл мені үш қасиетке үйретті. Ең бірінші басты қасиет-еңбекқорлық. Мен жеке кәсіпкермін. Осы жолға келгеніме жиырма жылдан асты. Екі мың шаршы метр үлкен дүкенім бар. Жетістігім, ондағы сатылатын дүниенің отыз пайызын өзіміз өндіреміз. Тігін цехым бар. Он екі әйел адамға қосымша жұмыс орнын бердім. Екінші қасиет-жауапкершілік. Кішкентай ауылдан шығып, еліміздегі ең үлкен өңірлердің бірі- Қарағанды облысының іскер әйелдер қауымдастығын мен басқарып келемін. Үшінші қасиет, ол әрине, адамдарды құрметтеу. Менде рөл көп, мансап та бар, бизнес те бар. Бірақ, ең бастысы, менің ең үлкен рөлім, мен қазақтың келінімін. Менің жолдасым кіші жүз, Әлімнен тараған Төртқараның жігіті. Көпбалалы отбасынан шыққан жігіт болғанмен, бес абысынның ішінде мені» сүйікті» деп атайды. Оның себебі, тілді, салт-дәстүрді, үлкендерге құрметті мен жүрекпен қабылдадым. Қазақтың санын көбейтемін деп, қолымнан келген үлесімді қостым. Дүниеге екі бала алып келдім. Жақында әже атандым. Ең бастысы, біздің ұрпағымыз саналы болу керек. Оны отбасылық құндылықтарды, бүкіл салт-дәстүрлерді балаларымызға көрсетіп, үйрету арқылы жеткіземіз. Сол арқылы саналы ұрпақ тәрбиелейміз! Ол біздің аналық парызымыз деп санаймын! Негізі, өз тағдырыма ризамын! Мен өздеріңізбен мақтанамын. Өйткені, біздің бәрімізде мүмкіндік бірдей. Өсейік! Өнейік! Ашық көк аспан астында өмір сүрейік!
Спикерлердің әрқайсысы бұралаң-бұлтарысты өмір жолдары мен бүгінгі таңдағы қол жеткізген жетістіктері, іскер әйелдер қауымдастығының алар орны, осы жолдағы мән-маңызы туралы тебірене әңгімеледі. Сахна төрінен жан сырын жайып салған кәсіпкер әйелдердің қай-қайсысы болсын, бүгінгі биікке оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Тіпті, тау-кен инженері, дәрігер, мұғалім, тағы басқа да мамандықтары бола тұра, аумалы-төкпелі өмірдің ағымымен, қоғамдағы өзгерістер мен экономикалық дағдарыстар салдарынан бастаған кәсіптері дамып осындай биікке жеткен. Оның сыртында қаншама ұйқы-күлкісіз түндер, сан мыңдаған шақырым жолдар, заңнамалық, салықтық жүйелік небір қиындықтар жатыр! Біздің алдымызда соның бәріне төтеп берген рухты, қайратты, елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі жолында қайсарлықпен еңбек еткен, жұдырықтай жұмылған, саясатта да көшбасшы бола білген, маңдайлары жарқыраған іскер әйелдер тұрды. Бұл жолға келуде әрқайсысының өз тарихы, өз жолы бар! Бірақ, олардың бәрінің мақсаты бір! Қазақстан атты егемен елдің жарқын болашағы жолында еңбек ету! Ал, оларды осы мақсат жолында бір арнаға тоғыстырған Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы атты қозғаушы күш! Негізі 1995 жылы қазан айында қаланған өміршең істің бастауында белгілі Қазақстандық қоғам қайраткері, ғалым, социология ғылымдарының докторы,«профессор,» Құрмет«орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығын кешегі күнге дейін басқарып, эстафетаны өзінің қалауымен жас буынға тапсырған, еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға, гендерлік саясатты дамытуға бүкіл жан-тәнімен үлес қосқан Раушан Біргебайқызы Сарсембаева тұр! Жеке басының үлгісімен, ақыл-кеңесімен, терең білімімен, үлкен жүрегімен жан-жағына шуағын шашып жүрген Раушан Біргебайқызы қауымдастықты басқарған ұзақ жылдар ішінде қаншама кезеңнің әйел кәсіпкерлеріне жол көрсетті. Бағыт-бағдар сілтеді. Мыңдаған қыз-келіншекті армандауға, батылдыққа, келешекке сенуге, тәуекелге бел буып әрекет жасауға үйретті. Соның нәтижесінде кәсіпкерлікте де, саясатта да алда, өмірдің барлық саласында белсенді, отбасына адал, еңбекқор, халқының қамын ойлайтын қайраткер, білімді, Томиристей, Домалақ анадай, Айғаным ханшадай дана әйелдер әлемінің көшбасшыларын тәрбиелеп шығарды! Сөйтіп өзінің туған перзентіндей болып кеткен қауымдастықтың тізгінін лайықты ізбасары Гүлзат Ізбасароваға тапсырды! Ал, өзі сол күні жеміс бағының жеңісіне сүйсініп, көңілі көкке жетіп отырды! Шәкірттері де сахна төрінен ұлағатты ұстаздарына, көшбасшы аналарына ізгі тілегін арнады! Жақсылықтың қайтарымы бұл! Бұл күнгі конгрестен осындай ой түйдік!» Көшбасшы болу алда жүру емес, өзіңмен бірге өзгелерге жол ашу «- дейді олар! Әйел қайраттанса, әлемді таңдандырады!
Конгресс күнделігі туралы бірер сөз
Түркістанды дүбірлетіп іскер әйелдер конгресі де өте шықты! Сол керемет күндерден алған әсер әлі толастар емес! Түлеген-түрленген шаһардың келбетіне тамсану, жаздыкүнгідей жадырап, тамылжыған табиғат бөлек әңгіме! Оңтүстік өңірдің қонақ келсе қуанып кететін жылы шырайы, меймандардың «аяқ-қолын» жерге тигізбей«күткен қонақжайлылық, олардың жұмыс кестесі мен арасындағы бос уақытын асқан шеберлікпен ұйымдастыру, көлікпен тасымалдау, қазақы дәстүрге сай қонақасы беру, киелі жерден теберік-естелік сыйлықтар кірпияз дейтін нәзік жандардың өзін таңдандырды! Жұма күнге тұспа-тұс келген конгрестің алғашқы күнінде баптардың бабы Арыстанбаб кесенесіне, аналар тілегін қабыл ететін Гауһар анаға, қасиетті Қожа Ахмет Ясауи қорық-музейіне зиярат, қаланың көрікті жерлеріне сапар керемет әсер етті! Қолын жүрегіне қойып алғыс айтқан бір адам! Осының бәрі Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мүшелерінің, осы ұйымшыл ұжымды басқарып отырған жүрегі де ниеті де кең Инара Әбдіғаппарқызы Намазбаеваның еңбегі! Намысты қолдан бермес өжеттігі! Мен өзім түркістандық іскер ханымдар үшін мақтанып отырмын! Мың мүмкіндік-бір әлем! Модератор Жан Мұқышевтың» Розарий» дегеніндей, гүлдей жайнаған қыз-келіншектер әлемі!
P.S. Конгрестің соңғы сессиясында Нұрлан имам «Бақытты әйел-бақытты отбасы» деген тақырыпта әйелдердің жеке тұлға ретінде қалыптасуы, отбасылық құндылықтар туралы әңгіме өткізді. Қойылған сұрақ та, берілген жауап та тартымдылығымен есте қалды. Үзілісте Нұрлан имамды қаумалаған қыз-келіншектермен жағаласып мен де суретке түсіп алдым. Бұл да конгресс сыйлаған өмірдің бір сәті!
Р.Нарымбетова
