Түркістан қаласында жыл соңына дейін 5 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімшілік-іскерлік орталықта 7, 9 және 12 қабатты жалпы ауданы 350 мың ш.м. болатын 82 тұрғын үйдің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. 800-ге жуық пәтер ипотека арқылы және кезекте тұрған отбасыларға үйлестіріліп жатыр. 12 қабатты 10 тұрғын үй алдағы қыркүйек, қазан айларында пайдалануға беріледі. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында аймақ басшысына тұрғын үй туралы соңғы мәліметтер баяндалды.
Қала басшысы Нұрбол Тұрашбеков салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайы мен құрылыс жұмыстарының барысы туралы айтты. Облыс орталығындағы 2 мыңнан астам пәтерлі 12 қабатты 29 тұрғын үй қыркүйек-қараша айларында қабылдаудан өтетін болады. Құрылыс басында мыңнан астам құрылысшы еңбек етуде. Шаһарда жалпы саны 48 тұрғын үй жеке инвесторлар есебінен бой көтерді. 12 қабатты 6 тұрғын үй жыл соңына дейін ел игіліне берілмек. Жеті қабатты 15 үйдің құрылысы да қарқынды. Сонымен қатар, 9 қабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы келер жылдың басында толық аяқталмақ.
Жиында, Түркістан қаласында салынып жатқан нысандар мен инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің жағдайы туралы баяндалды. Облыс әкімі 20-дан астам жаңа нысандардың құрылыс барысы туралы соңғы мәліметтермен танысты. Онымен қоса, облыс әкімі жауапты басшыларға құрылысты белгіленген кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.