
Жиында Ақбиік ауыл тұрғындары шағымына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы мекемелер мен ауыл тұрғындары арасында жасалған келісім-шарт талаптарын орындамай, ауылда экологиялық зардаптар орын алып отырғандығы айтылды. Әсіресе, жарылыс кезінде шаң — тозаңнан ауаның бұзылуы ауыл тұрғындарының денсаулығына әсер етуі, жүк көліктерінің ауыл арқылы қатынауы және мекеме ғимараттарының зақымдану мәселесі.
Аталған мәселелер бойынша 2020 жылдың 14 қараша күні әлеуметтік-экономикалық дамыту және оның инфрақұрылымын ілгерілету туралы тау бөктерінде кен өндіру жұмыстарын жүргізіп келе жатқан «Ferrum Construction» ЖСШ мен аудан әкімдігі, аудандық кәсіпкерлік бөлім және Ақбиік ауылының тұрғындары арасында өзара меморандум жасалған болатын. Алайда, меморандум талаптарын кен өндіру жұмыстарын жүргізуші мекеме орындамаған.
Жиында аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы кен өндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан мекеме өкілдерін тыңдай отырып, көтеріліп жатқан мәселелер бойынша заңға сәйкес ауыл тұрғындарының талаптары толықтай орындалуы керектігін ескертті. Ақбиік ауылы тұрғындарының талаптары бойынша тау бөктерлерінде кен байыту жұмыстарын жүргізуді кіші жарылыс арқылы өндіру, осыған дейін жасалған жарылыс кезінде зардап шеккен ауыл балабақшасына жөндеу жұмыстарын жүргізуді, кен орнына қатынайтын жүк көліктерін ауыл сыртымен жүргізу үшін ұзындығы 4 шақырымға жуық жол салу бойынша нақты орындаушылары мен мерзімі белгіленген жаңа меморандумды әр мекемемен жеке-жеке жасауды тапсырып, қазба жұмыстарын талапқа сай және бекітілген кесте бойынша жүргізуді тапсырды. Ауылға балаларға арналған спорт алаңшасы салынып, меморандумда көрсетілген талаптардың орындалуы қатаң қадағалауда болатынын ескертті.
Кен байыту жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлер қойылған талаптардың уақытылы орындалатынын айтып, ауыл тұрғындарымен алдағы уақытта ортақ келісімге келетіндіктерін жеткізді. Жарылыс жұмыстарын кіші көлемде жүргізу арқылы ауыл тұрғындарына зияны тимейтінін де тілге тиек етті.
Аудан басшысы аз уақыт ішінде осы көтерілген мәселелер өз шешімін табу керектігін қатаң ескертіп, кен орнына апаратын ауыл сыртындағы жолды салу үшін бөлінетін жер мәселесі шешіліп, жуырда жол салу жұмыстары басталу қажеттігін, кәсіпкерлер өзара келісе отырып, Ақбиік ауылы тұрғындарының талаптарын толықтай орындалу керектігін міндеттеді. Тиісті бөлімдер мен ауыл әкімне талапты қадағалауды тапсырды.