Қала әкімі Жолдау аясында шаһарда жүзеге асатын нақты шаралардан хабардар етті.
– Президент Жолдауда 70-ке жуық тапсырма берді. Құжатта көрініс тапқан 7 бағытты қала көлемінде жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылданады. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімі бір жылға ұзартылды. Бұл бағытта шаһарда жүйелі жұмыстар қолға алынған. Шикізаттық емес секторда 62 жоба іріктеліп, экспорттық әлеует 608 млрд теңгеге жетеді. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен кемінде 15 жоба іске асады, 2 мың адам жұмыспен қамтылады. Ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуде «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылуда. Экспорттық әлеуетті арттыруда көптеп инвестиция тарту керек. Бұл ретте индустриялық аймақтардың маңызы зор.
Мемлекет басшысы инфақұрылым мәселесін шешуді тапсырды. Біздің бұл бағытта 5 жылға нақты жоспарымыз бар. Бірінші қажетті азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Бүгінде 3 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы да әлеуметтік дүкендер ашуды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, шаһар басшысы сауда-логистика аймағында қосымша қоймалар құрылысы жоспарланып жатқанын мәлімдеді. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Жолдауда берілген тапсырмаларды бірлесе орындауға шақырды.