Қала әкімінің тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында берген тапсырмасы негізінде Шымкент қаласында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Сондай жұмыстардың бірі – қала халқын мүмкіндігінше газбен қамту. Бүгінде бұл кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Сондықтан қалада жүйелі жұмыстар атқарылып, газбен қамтылмаған елді мекендер кезең-кезеңімен «көгілдір отынға» қол жеткізіп келеді.
Әл-Фараби ауданына қарасты «Бадам–195» орамы тұрғындары жақын уақытта «көгілдір отынның» рахатын көретін болады.
Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына орай Әл-Фараби ауданына қарасты «Бадам–195» орамы тұрғындарын табиғи газбен қамту мақсатында 2020 жылы құрылыс жұмысы басталған болатын. Аталмыш құрылыс жұмысын «КОМБИ-СТРОЙ-1» ЖШС жүргізді. Қолға алынған жұмыстың нәтижесінде жалпы ұзындығы 19,9 шақырымды құрайтын ішкі газ жүйелері тартылып, бүгінде құрылыс жұмыстары 100%-ға аяқталып отыр.
Қазіргі таңда атқарылған жұмыс бойынша мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі түзіліп жатыр. Құжаттар қыркүйек айының соңында толығымен аяқталып, Әл-Фараби ауданына қарасты «Бадам–195» орамындағы 4140 тұрғын қазан айынан бастап табиғи газбен қамтылатын болады.
Айта кетейік, 2025 жылы қалада газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді.