12-13 қазан аралығында Түркістан қаласында алғаш рет республикалық қарилар сайысы өтеді. «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан» болатын жарыс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қолдауымен жүзеге аспақ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай арнайы белгіленген Х Республикалық байқаудың биыл облыс орталығында ұйымдастырылуы тегін емес. Қарилар арасындағы жүйрікті анықтайтын кезекті байқау қайта түрленген киелі шаһарда жатқан ата-баба рухына тағзым етумен ерекшеленбек. Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан қажы Қарақұловтың айтуынша байқаудың бас жүлдесіне су жаңа шетелдік автокөлік және 500 мың теңге мен 3 млн теңгеге дейін қаржылай сыйлықтар беріледі.
Айта кетейік, дүбірлі сайыста әр облыстан 4 үміткер бақ сынамақ. Байқауға қатысатын үміткерлердің өзі бұған дейін арнайы іріктеуден өтіп, солардың ішінде төртеуі лайықты деп танылған. Республикалық қарилар арасындағы жарысқа ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы төрағалық етпек.