АҚБОТА БЕЙБІТБЕК. БӘРІ ДЕ ӨТЕ ШЫҚТЫ ТҮСТЕЙ КӨРГЕН…

АДЕЛИ*

Адели, құрмет тұтамын Айшадай сені,

Биік қоямын Жібектей.

Жүрегіңді қайтсем екен түбектей?

Біздің шығыс қыздарының бір бағы,

Дастандарға арқау болып тұрғаны,

Болған емес ешбірі де олардың,

Тым жауапсыз махаббаттың құрбаны.

 

Адели, сен сүйікті болу үшін,

Сұлулығың жеткіліксіз десем мен,

Қанша жігіт жылап өтті көшеңнен.

Демеу болмай әке даңқы кешегі,

Бақыт кейде бастан бұлттай көшеді.

 

О, Адели, дертті бикеш, құсалым,

Париж, Париж, ғашықтардың қаласы,

Неге ашпады саған кеңге құшағын?!

 

Адели, аруларға бар да шығар айтарың,

Құдайдан да болар түбі қайтарым.

Тусаң егер заманыңнан сәл кейін,

Жерді баспай, гүлді басып шәркейің,

Түн ұзаққа  серенада айтылып,

Терезеңнен сирень аңқып, ай күліп.

 

Адель:

Сіңілім, сүйе тұра болу азап сүйкімсіз,

Татады деп ойламадым күлкім сыз.

Махабаттан өлді дерсің жынданып,

Қараңғыға мендей тұтқын түн ғаріп.

Тәнімді бұл сидырғанмен табытқа,

Сезімімді сидыра алмай қалыпқа,

Өткенім рас, тағдыр басқа салғасын,

Жүрегіме құйып ауыр қорғасын.

Сенің бағың шығар,бәлкім,бес елі?

Жар атансаң жылы сөзі, төсегі…

Бетіме де шіркеу болды бұл сезім,

Жетімек мұң, өзегім-у, тұл-сезім.

Махаббаттың осы болса мазағы,

Жан шығармын,кім біледі, жазалы?..

 

Есерсоқ де ессіздікке бой ұрған,

Тағдырыма шексіз нүкте қойылған.

Жастығымды жардан өзім құлатқан,

Кепіл бар ма адаспасқа мұраттан?

Көтеремін пенделердің табасын,

Мін іздесең, бойымнан көп табасың.

Жындыхана, ауру хал, түн іші,

Оны күтті тағы көңіл бұрышы.

Сүю –бақыт, сүю –азап, сүю –сор,

Ақтамаңдар, аямаңдар, дұрысы!

 

*Адель синдромы – жауапсыз  махаббаттан туған психикалық бұзылыс. Оның атауы атақты француз жазушысы Виктор Гюгоның қызы Адель Гюгоның есімімен тығыз байланысты. Адель өте талантты, тартымды қыз болған. Бойжеткеннің жауапсыз махаббаты  ғұмырының психиатриялық ауруханада өтіп, көз жұмуына себеп болған. Айтпақшы,бұл синдром ерлерде де болады.

 

ҚАБЫЛДАП ЖАҚЫН ЖҮРЕККЕ БӘРІН…

Қабылдап жақын жүрекке бәрін,

Мен білсем бір күн жүдеп тынамын.

Қаласам болды өмірімді де,

Белгілі жарық  түнек қыларым.

 

Сапырып жүріп астауын мұңның,

Жоғалтып алу қасқағым білдім.

Қара түндерге қалай енгенмін,

Қарсы алып кештің аспанын күлгін?

 

Толмайтын қайтем көңілдің орнын?

Сағынышыма көмілдім, көрдім.

Болмайтын қайтем күйін көңілдің,

Толмайтын қайтем көңілдің орнын?

 

Буындырғанда бөлтірік күйік,

Мінезге  мысал келтіріп тұйық.

Ой ішіп жүрдім шай ішкен болып,

Шынаяғымды толтырып құйып.

 

Қызбалығын да суытып қанның,

Жанымды жырмен жылытып талдым.

Жұдырық етті мен қашан, қалай,

Жаралап алдым ұмытып қалдым?..

18.02.20

 

МЕНІҢ ЖАЗЫМ – СЕН!

Маусым—ерке,

Шілде — қырсық,

Тамыз—тұйық,

Мендегі мінездің бұл– жиынтығы,

Тіл табысамыз, жоқ қой қиын түгi.

 

Жаз жасыруды білмейді,

асығуды білмейді,

басынуды білмейді,

Өтірік күлмейді.

 

Жаз– ыстық,

Ыстықты құштық.

Өзіме ұнайды осы бір Үштік.

 

Саған жақсы жаңалығым бар:

бүгін–жаз,

ертең–жаз,

бір айдан соң да–жаз.

Менің жазым –Сен!

 

СЕН ҮШІН ТАҢДА ОЯНҒЫМ КЕЛГЕН…

Сен үшін таңда оянғым келген, боянғым келген сен үшін,
О, менің ұлы жеңілісiм hәм жеңісім.
Күн болып күліп,
Ай болып қалқып,
Жұлдыздай сосын жайнасам,
Деген тілегім түс екен қазір ойласам.

Сен үшін кеште билегiм келген, сүйрегiм келген үмітті,
О, менің ғазиз махаббатым-ау, сенімді hәм күдікті.
Кешіріп болдық,
көсіліп болдық,
Кешігіп болдық, ақталма,
Жақыным болма, жат болма.

Сен үшін қайта жаралғым келген,
жаңарғым келген сәт сайын,
О, шерлі көңлім, фаруаз мұңым патшайым.
Ақын қыз дедің,
Атың Күз дедің, Көктем ем,
Мезгілінен кеш көктеген…

 

ТҮЙМЕДАҚ

Түймедақ,

түймедей мұңның да мысы ауыр,

Көңілім неліктен құса бұл?

Раушанды ұнатқан емеспін,

Сыйлаған жоқ ешкім.

 

Арулар үзсе де күлтеңнен,

«Сүйеді», «сүймейді» бір теңге.

Сезімді ұқты ма сендегі,

Сұлулық бүркенген?

 

Түймедақ,

түйрейді түйедей ойларым,

Ұмытқам,  кешіргем жай бәрін.

Келмейді төбемді көрсеткім,

Келмейді сайрағым.

 

Түймедақ,

сынауға сәт түссе  үйір жат,

Тағдырға айту да  қиын дат.

Қаңбақтай кетпесін желге ұшып,

Бармақтай бұйырған түйір бақ!

 

БӘРІ ДЕ ӨТЕ ШЫҚТЫ ТҮСТЕЙ КӨРГЕН

Бәрі де өте шықты түстей көрген,
Боларға,болмасқа да,
Өзімді күштей бергем.
Бір жанып,бір өшті де,
Жыраққа жоғалды үміт,
Ақымақпын,кеудеммен кек бүрлеген,
Басым ауған жағыма кеткім келген,
Таудан да биік екен табалдырық!
Түбіме сүйкімсіздің сөзі-ай жеткен,
Сығалап боз Ай көктен,
Түнімен жылағаным,
Білініп тұр ма шыны көзәйнектен?
Көлеңкеммен қыдырып жарық күнде,
Келеді ол талып бірге,жанып бірге.
Жанар көргім келеді,жүрек көргім,
Көрмеген тіршілікке налып мүлде.
Көбіне көрінсе де түн қараңғы,
Түн ғана еш жалықпай тыңдар әнді.
Ей,дүние сен қалай байқамайсың?
Айналшақтап жүргенін мұң балаңды.
Бірде көл,бірде шөлмін,
Уын ішіп алғанмын мың кеселдің.
Астында жүрген жалғыз мен емеспін,
Қолшатырсыз адасып жыр-нөсердің.
Шаш та сол өрілмеген,
Қас та сол терілмеген.
Қыз деген болса дағы атым ізгі,
Оқып берер секілді хатыңызды.
Әйтеуір ілік таппай сөйлесуге,
Жасқанады алдыма көп ұл менен!

 

СӘТТЕРДЕ ТЫНЫМСЫЗ ОЙ КЕЗГЕН…

Сəттерде тынымсыз ой кезген,
Сенімім көбіне күйреді.
Сүйектен өтетін кей сөздер,
Сүйел боп шықпаса игі еді.

Боп барам ызақор,өкпешіл,
Жүрегім,жарамас бұл ісің.
Бұл өмір болғанда – от кешу,
Тарылмау мүмкін бе тынысың?

Өзімді өзім боп демедім,
Тұрсам да күлемін жылап іш.
Құрсақта таныған өлеңім,
Бұл шақта жаныма жұбаныш.

Жарамас болмасқа таласу,
Жаныма тыныштық керегі.
Екеуміз аспайтын жоқ асу.
Өзімде өзім бар, себебі!

 

МЕН ЖАЙЛЫ ЖЕҢІЛТЕК ПІКІРГЕ ЖОЛ БЕРМЕ…

Мен жайлы жеңілтек пікірге жол берме,
Күмәнің болмасын тарыдай.
Келмейді сүюді сор деуге,
Уызға жарымай.

Тоналсын сананы улаған ой ғаріп,
Көңіл де мейірге шөлдеген.
Түсіме кеткенсің айналып,
Өңімде көрмеген.

Сенуің керексің өзіңе толықтай,
Шешіп көр түймедей түйінді.
Мойныма алғанмын қорықпай,
Көріспей сүюді.

Сезім бұл бейне бір сән құрған сәмбі тал,
Иілмей тұрсын ба өр басым?
Сағынбау мүмкін бе жүректің,
Жүрегі болғасын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *