Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының тұрғыны Сұлтан Жолдасбаев Италия елінің «Витафрут» компаниясымен іскерлік келісім-шарт жасасты. Жуықта ғана Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бау-бақша өсірумен айналысатын бірнеше шаруа қожалығында болып, жұмыстарымен танысқан болатын. Осы орайда Ж.Ералиев ауылдық округінде орналасқан «Аботя» шаруа қожалығын ерекше атап өтуге болады. Себебі, шаруа қожалық мамандары көшеттерді Италияндық үлгіде күтіп баптайды. Жас кәсіпкер Израиль елінен жинаған тәжірибесімен аудандағы диқандармен бөліскен. Нәтижесінде шаруа қожалық шет елдік компаниялармен келісім-шарт жасасып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Шаруа қожалықтың жұмысы 2014-жылы бастау алған. Бүгінде егістік алқаптарын әртараптандыру ісі өз нәтижесін беруде. Әртараптандырудың мақсаты – егіс алқаптарындағы мақталық гектарды азайтып, оның орынына өнімі мен табысы мол бау-бақша дақылын егуді көбейту. Яғни, қауын-қарбыз, дәндік жүгері, жоңышқа және көп жылдық алма-жүзім. Ең алғаш осыдан 9 жыл бұрын 20 гектар алқапқа бау көшеттерін отырғызған. Оның 7 гектары Италияның «Гренни-Смит», «Гала» және «Голден Дилешес» сортты алма болса, 11 гектары «Султанина», «Мускат-Александриский» сортты жүзімдері.
«Италияндық көшеттер отырғызылған күннен бастап есептегенде 1 жылдан кейін-ақ өнім бере бастайды. Алма мен жүзімнен шілденің ортасынан бастап қарашаға дейін өнім аламыз. Аудандағы баумен айналысқысы келетін шаруа-дихандар тарапынан негізінен көшеттерді отырғызу, оны күтіп-баптау, суғару сынды табысты, мол өнімге қол жеткізу жолындағы мақсатты жұмыстардың реті жайындағы сұрақтар көп қойылады. Еңбек етіп, дұрыс күтіп-баптай білсек кез-келген дақыл жақсы өнім береді» дейді қожалық төрағасы Сұлтан Ерболұлы.
Айта кететіні, қожалықта кез-келген қолайсыздықтарды болдырмау үшін түрлі әдіс-тәсілдер қарастырылған. Мәселен ағын су тапшылығының алдын алу, үнемдеу мақсатында 20 гектар жерге түгелдей тамшылатып суғару әдісін енгізген. Алдағы уақытта шикізатты өңдеп, алма, жүзім шырынын жасап, алма қақтарын сауда нарығына шығару жоспарлары бар екен. Негізгі өнімі ауыл шаруашылығы саласына тікелей байланысты ауданда халықтың еңбек ете отырып әлеуетін арттыруына сан қилы жағдайлар жасалуда. Тіптен, ауданда егістік алқаптарын әртараптандырып, ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісін қолдану бағытында, аудан әкімдігі тарапынан бау-бақша егудің тиімділігі, өндірілген бау-бақша өнімдерін сақтау, сату жолдарын кеңінен түсіндіру мақсатында да жұмыстар аз атқарылып жатқан жоқ. Өйткені, әртараптандыруды жолға қою өз кезегінде мол табыс көзі ғана емес, егістік жердің құнарын сақтап қалу да басты назарда.
Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлерді қолдау мақсатында, мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар арқылы жобалық қаржыландыру мүмкіндіктері беріледі. Бұл қолдау «Даму» қорының бизнесті субсидиялау атты жобасы аясында жүзеге асады. Яғни жеке және шағын бизнес өкілдері кәсіптерін дамыту мақсатында 20 миллион теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Айта кететіні несиенің максималды сомасы және мемлекеттік субсидиялар мөлшері жобаның орналасқан жеріне байланысты. Егер жоба Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында іске асырылса кәсіпкердің қызметі экономиканың басым секторларына тартылуы керек. Бұл бағытта несиенің максималды сомасы 3 миллиард теңгеден аспайды, ал сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайыз деңгейінде болады. Сондай-ақ моно және шағын қалаларда немесе ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдауды салалық шектеусіз 1,5 млрд теңгеге дейінгі несие сомасына қарастырады. Несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету үшін кәсіпкерлер банкке несие рәсімдеу керек, содан кейін несиенің мақұлдауын алғаннан кейін «Даму» Қорына өтінішпен жүгінеді.
Аталмыш бағдарлама туралы және басқа да мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары жайлы толық ақпаратты damu.kz веб-сайтынан біле аласыздар. Сонымен қатар Түркістан қаласы, Жаңа қала мөлтек ауданы 28 көше, 5 ғимараты жоба мақсатын толығырақ түсіндіру бойынша жұмыс жасайтын болады.