Түркістан облысына биыл бес жыл. Осы аталған бес жыл ішінде қала мен облыс төңірегінде бірқатар мардымды істер атқарылды. Атап айтар болсақ, Түркістан облысына қарасты дерлік барлық аймақтарда абаттандыру, көгалдандыру шаралары жүйелі атқарылып келеді. Осыдан бірнеше уақыт бұрын облыс орталығында 4 миллионнан аса көшет отырғызу жұмыстары 2023 жылға дейін жалғасады деген болатын. Түркістан қаласының экологиялық ахуалын тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен апта сайын сенбілік өтетіні белгілі. Осы орайда облыс орталығы 32 секторға бөлініп, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүруде. Кезекті сенбілік өткізуге облыстық Қоғамдық даму басқармасы, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен үкіметтік емес ұйымдар және ерікті жастар бастама көтерген болатын.
Шараны қолдап, көне шаһарды жасыл желекке орауды мақсат тұтқан облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, облыстық қоғамдық даму басқармасы, 16 аудан, қаладан 22 үкіметтік емес ұйым, ерікті жастар, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанаты, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық этномәдени бірлестіктер өз үлестерін қосты. Сенбілікке қатысушылар Қарашық өзені аумағында арнайы көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан 5 учаскеде тал егіп, суару жұмыстарына атсалысты. Көгалдандыру жобасына сәйкес, биыл 180 мың түп көшет егу жоспарланып, бүгінгі күнге 130 мың данасы егілді. Облыс орталығын көркейту жұмыстары ары қарай да жалғасын таппақ. Жоспарға сәйкес, 2020 жылы қала ішіне 250 мың түп түрлі көшеттер егіледі. Қала сыртынан құрылатын Жасыл белдеуге 2019 — 2022 жылдары 7700 га аумаққа 3,5 млн түп, оның ішінде 2019 жылы 2300 гектарға 628 мың дана, 2020 жылы 2400 гектарға 1 млн дана, 2021-2022 жылдары 3000 гектарға 1,9 млн дана түп әртүрлі көшет егу жоспарланып, бұл игі іс облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктелген. Жасыл белдеу құрылатын аумақтың 572 гектарына көктемде 160 мың көшет егілді. Қалған 1428 га аумаққа қазіргі күнде 468 мың түп әртүрлі көшет (қарағай, қарағаш, айлант, калифорния терегі, жиде, өрік, алма, алша, клен, т.б ) егу жұмыстары басталды.
Сонымен қатар осыған орай Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Шауғар» және «Отырар» секторларында болып, тұрғындармен бірге маңызы бар нысандарды аралады. Тұрғындар балаларға арналған ойын алаңшалары мен спорт алаңшаларын салу мәселесін көтерді. Бұл бағытта қалада жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда тұрғын үй алаңдарын абаттандыру бойынша жоба жасалған. Жұмыстар жобаға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Тұрғындардың көтерген мәселелері кезегімен шешімін тауып келеді. Жергілікті тұрғындардың ұсыныстары негізінде бүгінде «Шауғар» секторында интернет желісін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар шаһар аумағында инфрақұрылым жүйесін жақсарту бойынша жұмыстар қарқынды жалғасуда. Қала әкімі құрылыс нысандарының сапасын бақылауда тұрғындарды белсенді болуға шақырды.
Түркістан қаласын көгалдандыру, абаттандыру, тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған дейін Облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға қаладағы жасыл аймақты күту жұмыстарында қолданылатын құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар таныстырылды. Түркістанда күтіп-баптау нысандарының көлемі былтырғыдан 100 гектарға артқан. Сондай-ақ, 258 нысанды күтуге қосымша тағы 50 техника алынды. Қазіргі таңда облыс орталығының жасыл желегінде 25 түрлі 200 дана техника қолданылады. Қалада 318 гектарға орналасқан 32 саябақ, 59 гектарда орналасқан 32 гүлзар, жалпы күтіп-бапталатын 258 нысан бар. Көгал аумағы 2 620 000 шаршы метрге, ағаш 925 507-ге, бұталар 370 856-ға жетті. Облыс әкіміне күту жұмыстарының ерекшеліктері мен технологиясы, күтіп-баптауда қолданылатын химиялық жəне органикалық тыңайтқыштар мен препараттар, оларды қолдану əдіс-тəсілдері баяндалды.
Көгалдандыру шаралары бойынша Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралаған болатын. Бүгінде Келес ауданының аумағында атқарылып жатқан санитарлық-тазалық және көгалдандыру жұмыстары аудан басшысының қатаң бақылауында. Тазалық шараларын ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері тұрақты түрде жүргізуде. Дегенмен атқарылып жатқан жұмыстар барысында кемшіліктер анықталуда. Бұл бойынша ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмас Абдуллаев Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте баяндады.
Аудан басшысының берген тапсырмаларының қай деңгейде орындалып жатқаны бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізген жауапты бөлімінің мәліметінше аудан аумағындағы Республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойлары және елді мекеннің ішкі көшелерінде біршама кемшіліктер анықталды. Аталған жайт бойынша баяндаған бөлімдегі сектор меңгерушісі Алмас Абдуллаев ауыл әкімдері кемшіліктерді жою жұмыстарымен шектелмей, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды және жол жиегіндегі ақпараттық баннерлерді пайдалана отырып қажетті шараларды қабылдауды ұсынды. Өз кезегінде аудан әкімі тазалық шараларына ауыл тұрғындарын және кәсіпкерлік нысан иелерін жұмылдыру қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар аудан аумағындағы орталық көшелердің бойында орналасқан нысандардың сыртқы қасбетін бірдейлендіру бағытында ұсыныстар дайындау қажет екенін ауыл әкімдерін тапсырды. Берілген тапсырмалардың орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.
Жалпы көгал жұмысында сапалы техниканың маңызы зор. Сондай техникалардың басым бөлігі енді облыс орталығы Түркістан қаласына да жетті. Қазіргі таңда қаланың 626 гектар аумағын күтіп ұстау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бүгінде шаһарда 32 саябақ, 49 сквер, 127 гектарға созылған 16 жасыл алаң бар. Халық игілігі үшін жасалған демалыс орындарындағы ағаштар, өсімдіктер мен гүлдердің күтімінде озық техникалар қолданылуда. Атап айтқанда ағаш тәждерін реттеуге гидробиіктеткіш көліктер, бұталарды кескіш, ауа компрессоры, су шашқыш көлік, орылған шөптерді жинауға арналған кабиналы және кабинасыз моторелдер күші жұмылдырылған. Одан бөлек моторлы көгал орғыштар, көгал тракторлары, көгалды аэрациялау машиналары да қала көркі үшін жұмыс істейді. Бұл ретте ағаштар мен көгалдардың күтіміне тыңайтқыш шашуға арналған арнайы машиналар, аспалы құрылғылар мен шаңсорғыштардың септігі мол.
Қаланың көркеюі үшін ең әуелі тазалықтың болғаны абзал. Түркістан облысына қарасты Созақ ауданында Таза ауыл атты экологиялық сенбілік жиі өткізіледі. Бүгінде Созақ ауданында «Таза ауыл» эко-акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жалғасып жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов Шолаққорған ауылының ішкі көшелеріне жаупты етіп бекітілген бөлім, мекеме мамандарының санитарлық-экологиялық акция аясында өтізген тазалық жұмыстарының басында болды. Әр мекеме өзіне жүктелген көше бойларын қоқыстардан тазартып, арық-атыздар мен ағаштардың түптерін әктеп, көше бойы мен мекемелердің ауласындағы шарбақтар мен орталық көшелердің бойында орналасқан тұрғын үйлердің қасбеттеріне сырлау жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, бүгінгі аудан көлемінде ұйымдастырылған сенбілікке 1300 адам, 13 арнайы техника тартылды. Үй іргелік аулалардың 3200 ш. м жинастырылып, өзен-көлдер мен арықтардың 11 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында жинақталған 115 тонна қоқыс тасымалданды.
Айта өтсек, қаланың өркендеп дамуы жолында сапалы ғимараттар мен жаңа нысандардың барынша көп болуы аса маңызды. Себебі бұл кезең даму заманы аталады. Жуықта ғана облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан облысына қарасты Шәуілдір ауылындағы «Отырар аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жай-күйімен танысқан болатын. Нысанды аралау барысында Отырар ауданындағы жұмыс сапарында аталған нысанға арнайы барған өңір басшысы жауаптыларға бұл мәселені зерделеуді тапсырды. Аталмыш ғимарат 2016 жылы мамыр айында пайдалануға берілген. Сыртқы қабырғалары жарылған, ішкі едендері мен кафелдері жарамсызданған. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Техникалық сараптама жасалған, сметалық құжаттар әзірленуде.
– Тұрғындардың денсаулығын жақсарту өте маңызды. Сондықтан бұл нысанның мәселесі қадағалауға алынады. Заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деді Д.Сатыбалды.
Одан кейін өңір басшысы Қоғам ауыл округіндегі «Қызылту» сорғы станциясына барды. Арыс өзенінен ағын су көтеруге арналған сорғы станциясының мәселесімен танысты. ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК 1972 жылы құрылған. Қоғам, Қарғалы, Талапты ауыл округіндегі 5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын суландырады. Бұл станцияға да жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Аудандағы суармалы егістіктің су тапшылығын шешу мақсатында су тарту станциясын күрделі жөндеуден өткізуге ЖСҚ дайындалды. 2018 жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, «Қазсушарға» өткізілген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптама қорытындысының мерзімі өткен. Сондықтан жобаға қайта түзету енгізу талап етілуде. Өңір басшысы осы уақытқа дейін осы нысанның құжатын, құрылысын созбалаңға салған жауаптыларға сын-ескертпе айтып, мәселені мұқият қарастыруды тапсырды.
Түркістанның сәулетіне баса мән беретін облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылардың басын қосып, қолға алынатын жаңа жобаларды талқылаған болатын. Шаһардың ажарын ашатын 20 қабатты бизнес орталығы мен көпқабатты түрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеу бойынша мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылысты өз мерзімінде тапсыруды және сапалы орындауды ескертті.
Мердігер компания өкілдерімен кездескен облыс басшысы қолға алған жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді. Құрылыспен қатар абаттандыру жұмыстарын да жүргізуді тапсырды.
– Бірінші кезекте құрылыстың сапасына басты мән беріңіздер. Ең басты талап – осы. Абаттандыру жұмыстарына немқұрайлы қарамау керек. Отырғызылатын ағаштарды таңдағанда жергілікті климатқа сай болуын ұмыт қалдырмаған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан теміржол вокзалы аумағын абаттандыру жұмыстары бойынша бірқатар ұсыныстар қаралды. Жарықтандыру мәселесі де маңызды. Сонымен қатар отырыста қаланың рухани және мәдени орталығында қойылатын ортағасырлық тас мүсіндер бойынша бірқатар ұсыныстар талқыланды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей абаттандыру Түркістан облысына қарасты аумақтардың барлығында жоспарлы түрде жүзеге асуда. Сарыағаш ауданының орталығы – Сарыағаш қаласын дамыту жоспарына сәйкес абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, аудан әкімі Арман Абдуллаев қала аумағындағы гүлдер отырғызу, қураған ағаш бұталарды ретке келтіру, жол жиегіндегі ағаш қоршауларды ауыстыру, аяқжолдарды жаңарту, жарықшам жүйелерін күтіп ұстау, көшеттерге суғару жүйелерін тарту жұмыстарымен танысты. Аралау барысында қала тазалығын үнемі бақылауда ұстауды және биыл қала аумағындағы орталық көшелердегі істен шыққан жарықшамдарды толығымен жаңартып, өзге де ішкі көшелердегі жарықшам жүйесінде орын алған ақаулықтарды ретке келтіруді ескертті.
Сонымен қатар абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшыларына жұмыстарды сапалы, белгіленген мерзімде аяқтауды міндеттеп, қала әкіміне жүріп жатқан жұмысты ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.
– Қала аумағында жыл өткен сайын тұрғын үйлер саны көбейіп, құрылыс жұмыстары да қала тазалығына өз әсерін тигізіп отырғаны рас. Дегенмен, біз қала тұрғындарының таза әрі әдемі табиғат аясында демалысын тиімді өткізулері үшін бар жағдайды жасауымыз қажет. Ол үшін көше бойларын абаттандыру керек. Қала тұрғындары мен сырттан келетін қонақтардың түнгі мезгілде де қауіпсіз жүруі үшін көше шамдарын уақтылы ауыстырып отыру керек. Қала тазалығын сақтау – тұрғындардың ортақ міндеті, – деді аудан басшысы. Сондай-ақ, ауданда инвестор тарту арқылы спорт кешенін салу жоспарлануда.
Осыған дейін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласына спорт кешенін салу үшін инвесторлар тарту мәселесі бойынша кездесу өткізді. Аталған кездесуде спорт кешенін салуға инвестор тарту мәселесі жан-жақты талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. М.Асилов спорт кешенін салуда инвестор болуға келісім берген азаматтардың бар екендігін айтып, спорт кешенінің дайын жобасымен таныстырды. Жоба бойынша спорт кешенінде заман талабына сай жатақхана, асхана, спортпен шұғылдануға арналған арнайы зал қарастырылған. Спорт кешенінің жобасымен танысқан аудан әкімі қала әкімі мен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысына спорт кешеніне арнайы жерді заңдастырып беруді тапсырды.
Айта кетсек, ауданға инвесторлар тартылып, жаңа нысандардың ашылуы аудан бюджетінің ұлғаюына алып келеді. Сонымен қатар, ашылған нысандарда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, жұмыссыз мәселесін шешуге де өз септігін тигізеді.
Жыл басынан бері Түркістан аумағында 100 мыңға тарта ағаш көшет отырғызу жұмыстары жоспарланған болатын.
Түркістан қаласын көгалдандыру жүйелі жүзеге асып келеді. Былтырғы жылдың нәтижесінде облыс орталығында 200 мыңнан аса ағаш отырғызылып, 60 пайызға жуығы өнген болатын. Ал биыл жыл басынан бері шаһарда 99 847 ағаш көшеті отырғызылды. Қалада 11 нысан бойынша абаттандыру жұмыстары атқарылып жатыр. Аталған нысандарда жұмыс жүргізуші мердігер мекемелер жерсінбеген ағаштарды өз есебінен қайта отырғызып, жаңартуда.
Бұдан өзге Түркістан қаласындағы мазараттарда тазалық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, мазарат маңы қоқыстан тазартылып, қоршаулары ретке келтірілді. Жалпы тазалық жұмыстары барысында «Қаракөз», «Қарашық», «Батыс», «Христиан», «Шойтөбе» мазараттарынан жарты тоннадан аса қоқыс жиналды. Әр мазаратты тазалау жұмысына 10 қызметкер, екі техника күші жұмылдырылған.