ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АГРАРЛЫҚ САЛАҒА 19,8 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ

Жуықта ғана Түркістанда ауылшаруашылық саласына қатысты өзекті түйткілдер талқыланған болатын. Жалпы аграрлық сала ел экономикасына едәуір өзгерістер әкелетін бірден бір сала болып табылады. Осыған орай Түркістанда Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен еліміздегі көкөніс шаруашылығының қазіргі жағдайы мен болашағы, суармалы егіншілік мәселелері талқыланды. Жиынға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Сауда және интеграция министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты тұлғалары, Табиғи монополияларды реттеу саласындағы уәкілетті органдардың жауапты қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ салалық қоғамдық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
– Бүгінгі жиынымыз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін, оның ішінде халықты жергілікті көкөніс және жеміс-жидек өнімдерімен қамтамасыз ету, көкөніс бағасын қолжетімді ету, маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдері бағасының шарықтауын болғызбау, суармалы егіншіліктің қазіргі жай-күйі мен өзекті мәселелеріне арналады. Ең бастысы, көкөніс шаруашылығының өнімдерін өндіруден тұтынуға дейінгі толыққанды циклін қалыптастырудың, жіктеп айтқанда – өндіру, сақтау, өткізу мен өңдеудің оңтайлы жолдарып қарап, нақты шешу жолдарын ұсыну көзделіп отыр. Көшпелі отырысты Түркістан облысында өткізуге бірнеше фактор негіз болды. Біріншіден, Түркістан облысы республика бойынша жүзімнің – 76 %-ын, бақша өнімдерінің – 64 %-ын, жеміс-жидектің – 40%-ын және көкөністің 25 %-ын өндіреді. Екіншіден, республикадағы суармалы жерлердің 25 %-ы облысқа тиеселі. Сонымен қатар республика халқының 2 миллионнан астамы осы өңірде тұрады. Кеше біз облыс аумағындағы шаруашылық нысандарында болып, олардың жұмысымен таныстық. Халқымызды жергілікті көкөніс өнімдерімен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін шешімін таппай отырған бірқатар проблемалар бар екенін аңғардық. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты – заң шығарушы, атқарушы билік өкілдері, сала мамандары мен шаруалар бірлесе отырып, осы проблемалардың шешу жолдары мен әдістерін талқылау, – деді Серік Егізбаев.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға, жоспарларға тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысы – ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеуде, өңірдің 1 миллионға жуық тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауларында ауыл шаруашылығына баса назар аударып, елімізде аграрлық саланың әлеуеті өте үлкен екендігін атап өтуде. Осы тұрғыда, Түркістан облысы құрылғалы бері ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты даму үстінде. Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеден асты. Өздеріңіз кеше танысып өткендей, мемлекет тарапынан «Ауыл аманты» жобасы аясында биылға 19,8 млрд. теңге бөлініп, ауыл шаруашылығы жобаларын жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен несиелендіру жұмыстары басталды. Бұл ауыл тұрғындарының әл- ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты серпіліс беретіндігі сөзсіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Отырыста көкөніс саласын дамытудағы проблемалар мен тежеуші факторлар атап өтілді. Мысалы, көкөніс қоймалары көлемінің болмауы және жеткіліксіздігі, өндірісті дамытуға және кеңейтуге субсидиялар алу мәселелері, саланы жеткіліксіз қаржыландыру, қайта өңдеудің төмен үлесі, өндірістің жоғары шығындары және баға мен сапа бойынша көкөніс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі қозғалды. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаның өсуі инфляцияға теріс әсер ететіні және көкөністер мен жемістердің жекелеген санаттары бойынша импорт үлесінің ұлғаюына әкелетіні атап өтілді. Ағын су тапшылығын шешудің резервтік барлық мүмкіндіктерін пайдалану, жаңа құрылыстар, тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру мәселелері де айтылды. Жиынға қатысушылардың барлық сындарлы ұсыныстары мен тілектері алдағы Үкімет сағатының ұсынымдар жобасына енгізіледі.
Айта кетейік, Түркістан облысына сапары барысында депутаттар бірқатар ауыл шаруашылығы нысандарына барды. Көкөніс өсіру бойынша «Аделя» жылыжай кешені, алма және басқа да жемістерді өсіру, сақтау және өңдеу бойынша «Dala Fruit» компаниясы, сүт өнімдерін өндіру бойынша «Бөрте Милка» кешені, ірі қара мал өсіру бойынша «Nurym Group» кәсіпорны және өзге де нысандарды аралады.
Сонымен қатар Түркістан облысында ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы қолға алынды. Жоба аясында Түлкібас ауданына қарасты Мичурин ауылдық округінде құлпынай шаруашылығын дамыту көзделіп отыр.
Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аталған жобаның іске асу барысын бақылау мақсатында округке қарасты «Клубничный рай» шаруа қожалығында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Шаруа жалпы 2 гектарға жуық жерге құлпынайдың «Альбион», «Черный принц», «Азия», «Клери» сұрыптарын егіп, мол өнімге қол жеткізуге ниетті. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, кәсібін өрлетуді көздеп отыр. Бүгінгі таңда өнімдерді сақтайтын қойма құрылысын бастап кеткен. Алғашқы өнімін алып үлгерген кәсіпкер, алдағы уақытта құлпынай келісін 1500 теңгеден саудалауды жоспарлауда.
Аудан басшысы аталған шаруашылық төрағасымен сұхбаттасып, аудан әкімдігі тарапынан заң аясында барлық қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізіді.
Айта кетейік, биылғы жылы Түлкібас ауданынан мемлекеттік «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына Мичурин және Балықты ауылдық округтері еніп, ауқымды жобалар іске асырылмақ.
Айта өту керек елімізде бірінші маусымнан бастап  «T0rttulik» мобильді қосымшасы енгізілмек.
Жобаны Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК-тегі экономикалық саясатты талдау орталығымен бірлесіп әзірледі.
Қосымша Ауыл шаруашылығы жануарларының базасын кеңейтуге көмектеседі, ол әрбір мал иесіне (ШҚ, ЖШС, ЖҚШ т.б.) өз малын түгендеуге көмектеседі. Қосымшаның арқасында ветеринарлық дәрігерлер ветеринарлық-профилактикалық іс-шараларды уақтылы және толық көлемде жүргізуге де мүмкіндік алады.
Қосымша смартфонда онлайн режімде жұмыс істейді. Интернет болмаған жағдайда, бағдарлама желіге қосылғаннан кейін деректер жаңартылады. Бағдарлама арқылы ветеринарлық төлқұжат алуға болады және болашақта малды сатып алу-сату, жоғалтқан таңбаны ауыстыру, сондай-ақ сойғаннан кейін жануарды есептен шығару рәсімдерін жасауға мүмкіндік бар.
«TortTulik» ауыл тұрғындары үшін ақпараттық хабқа айналады. Мобильді қосымшада саланың соңғы жаңалықтарын тарату мүмкіндіктері, алдағы вакцинация туралы хабарламалар бар. Қосымша жаңартылған сайын ет сатып алушыларға арналған бөлім енгізілетін болады. Ел тұрғындары «sogym.kz» қосымша бетінде тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден жануардың ветеринарлық бақылауынан өткен тұтас етіне тапсырыс бере алады», делінген министрлік хабарламасында.
Әзірге «TortTulik» қосымшасын Playmarket-тен жүктеуге болады. Әзірлеушілер қосымшаның кейін iOS-тағы смартфондарға бейімделетінін айтады. Айта кетейік, бүкіл ел бойынша 1,5 млн мал иесі мобильді қосымшаның әлеуетті пайдаланушылары болады деп көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу міндетін қойды. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осыған орай, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында Түркістан өңірінде ерте пісетін көкөністерді өзге облыстар мен қалаларға жөнелтуге форвардтық келісімшарт жасақтау жөнінде көшпелі жиын өтті. Осы келісім арқылы көкөністер тиімді бағада саудаланады.

Көшпелі жиналыста ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің мелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігерұлы, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметов, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев, облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары, қаржы мекемелері, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, ірі сауда желілерінің басшылары және кәсіпкерлер қатысты. Жиында Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуда еліміздегі ең қолайлы өңір екені айтылып, мүмкіндіктері сараланды. Облыста көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай бұрын жиналады. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес, облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе және қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі. Яғни Түркістан облысы диқандарының республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте мезгілдік картоп, пияз, сәбіз өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында биыл Түркістан өңірінде ерте пісетін картопты 9,02 мың гектарға, пиязды 2 мың гектарға, сәбізді 1,24 мың гектарға және қырыққабатты 7,54 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Нәтижесінде 186,3 мың тонна картоп, 55,5 мың тонна пияз, 30,4 мың тонна сәбіз және 187,2 мың тонна қырыққабат алу көзделуде. Көшпелі мәжіліс барысында Түркістан облысы әкімдігі мен облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы тұрғыда облыс әкімдігі тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Осы ретте, Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов мәлім етті. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы өңірімізден орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатыса алады деп жоспарланып отыр. Жиын барысында «Аталған жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Олар — өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау. Бастама арқылы тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар» деді Нұрбол Бекмұратов.
Сондай-ақ брифингте сөз алған «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Нұрлыбек Исаев несие шарттарымен таныстырды. Нақтырағы «Бұл бағдарлама негізінен ауыл шарушылығын өркендетуге басымдық береді. Несие алу үшін ауыл тұрғындары ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Ауыл әкімдіктері тұрғындар несие алғанша толық сүйемелдеу жүргізеді. Несие алушылар – ауылдық елді мекен тұрғындары және зейнет жасынан аспауы тиіс. Кәсіпті ашуға оқыту жұмыстары тегін жүргізіледі. Әрі несиесін толық жауып, кәсібін дамытатын болса, жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізуге болады» деді ол.
Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін. Брифинг барысында жауапты сала өкілдері несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігудің пайдасы көп екенін атап өтті. Себебі бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды пайдалануға мүмкіндік береді. Бастама 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Бүгінде аталған бастама арқылы кәсіп ашып, онысын дамытқысы келетіндердің қатары қалың. Қалың оқырманның есінде болса, аталған жоба аясында Ордабасы ауданы бойынша Шұбар және Бадам ауылдық округтері пилоттық үлгіде таңдалған болатын. Басты себептердің бірі — Шұбар ауылдық округінде мал бордақылау бағытына басымдық беріледі. Қазірдің өзінде 70-тен астам шұбарлық азамат тиісті қаржы ұйымына несие рәсімдеу үшін құжаттарын өткізіп үлгерген. «Ауыл аманатының» артықшылығы — берілетін несие пайызының аздығы, әрі ауылдық жердегі үйді кепілдікке қоюға болатындығы, кез-келген жұмыссыз ауыл тұрғынының қатыса алатындығында.
Ал Бадам ауылдық округінің тұрғындарына 2,5 пайызбен сүтті бағыттағы ірі қара алуды несиелеу жүзеге асырылмақ. Себебі онда «Бөрте милка» сүт фермасы орналасқан. Қазіргі таңда ферма 30% ғана көлемде өнім шығаруда. Толық қуатқа өту үшін қосымша шикізат, яғни сүт қажет. Оның бір ғана жолы -тұрғындардан белгіленген бағада сүт жинау. Бұл жоспарға жоба аясында қол жеткізуге болады.

Сарыағаш ауданына қарасты Жарты төбе ауылдық округінде ашық егіс алқабынан қырыққабаттарды жинап, еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтіп жатыр.
Биыл ауданның шаруалары 10,5 мың га жер учаскесінде көкөністің бірнеше түрін өсіріп, оның ішінде 1,7 мың га жерде жылына 1 алқаптан 2-3 өнім алу бойынша жұмыстар атқарып жатыр.
Түркістан облысында биыл ерте пісетін көкөністер 20 мың гектарға жуық алқапқа егілді. Атап айтқанда, 9 мың гектар жерге ерте пісетін картоп, 7,5 мың гектарға қырыққабат, пияз 2 мың гектарға, сәбіз 1,3 мың гектарға орналастырылды. Егіс алқаптарынан 460 мың тоннаға жуық көктемгі өнім жинау жоспарланған.
Сәуір айында 8 мың тонна қырыққабат жиналып, жоспар 40 пайызға артық орындалған. Алдағы үш айда 450 мың тоннадан астам өнім жинау жоспарланған. Нәтижесінде маусымаралық кезеңде республикалық қажеттілік қырыққабат бойынша 95 пайызға қамтамасыз етіледі. Егілген сәбіз, пияз және картоп көлемі де артты. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоспарына сәйкес биыл 860 мың гектар жерге дақылдар егіледі.
Түркістан облысы, Сайрам ауданында ««Dala Fruit.kz» ЖШС-нің бау алқабында «Егістен сөреге дейін» жобасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту жөнінде республикалық семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңеске ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, қаржы мекемелері, ірі сауда желілерінің басшылары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер қатысты. Мақсат – ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жаңа тәсілдер мен технологияларды енгізу жолдарын талқылау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы тапсырмасымен дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспары бойынша «Егістен сөреге дейін» пилоттық жобасы елімізде кеңінен жүзеге асырылуда. Бұл ретте семинар-кеңеске қатысушылар Түркістан облысы диқандары мен аграрларының жетістіктері мен тәжірибелерін жоғары бағалады. Сонымен бірге диқандардың өнімін тікелей нарыққа ұсынатын «Экобазардың» салаға оң серпін беретінін атап өтті. Түркістан облысының әкімі қатысушыларға өңірде қолға алынған жұмыстармен таныстырды.
Түркістан облысында жаңа піскен көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай ерте жиналады. Биыл ерте пісетін 200 мың тонна қырыққабат облыс қажеттілігін 12 есеге артық қамтамасыз етеді. Жалпы Түркістан облысы республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте пісетін мезгілдік картоп, пияз, сәбізбен қамтамасыз етуге қауһарлы. Енді осы өнімдерді сату және тасымалдау жеңілдейтін болды. Себебі семинар-кеңес барысында Түркістан облысы әкімдігі мен облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қол қойылды. Осы арқылы шаруалардың өнімді сатудағы жұмысы жеңілдемек. Сонымен бірге бағаны тұрақтандыруға да оң әсерін тигізеді деген жоспар бар.

Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласы өнімділігін арттыру үшін 3 негізгі бағытты дамытуға басымдық берілген. Бірінші бағыт – жеке қосалқы үй шаруашылықтарын дамыту. 2021 жылы жаңадан 525 отбасылық шаруашылық құрылса, оның ішінде 162 үй шаруашылығына «Еңбек» бағдарламасы арқылы гранттық қолдау көрсетілген.
Екінші бағыт – «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы арқылы былтыр 8 мыңнан астам гектарда 3 мыңға жуық жоба жүзеге асырылып, 280 мың тонна өнім жиналды.

Үшінші бағыт – агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, өндіріске заманауи озық технологияларды енгізу бойынша «Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру» жобасы қолға алынды. Жалпы құны 35,1 млрд. теңгені құрайтын 6 серпінді инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 11 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиясы ендіріледі. Бүгінде 3 кооператив негізінде 2,2 мың гектарға 65 дана жаңбырлатып суғару қондырғылары орнатылды. Технологияның тиімділігі: дақыл түріне қарай ағын суды 2 есе үнемдеумен қатар, өнімді 3 есеге дейін арттырады.

Сонымен қатар биыл мемлекет 5 млн ға жуық бос жатқан ауыл шаруашылық жерлерді қайтаруды жоспарлаған еді.  ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қазақстандықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, ҚР Жер балансына сәйкес жайылымдық жерлер 183,4 млн га құрайды, оның ішінде:

– 82,4 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер;

– 63,9 млн гектар босалқы жерлер;

– 21,2 млн гектар елді мекендерге іргелес жерлер;

– 15,9 млн гектар басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері).

Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген талдау мен әкімдіктердің деректеріне сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жайылатын 5,7 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормативтері бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жайылым қажет.

Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Мысалы, соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7%-ға өсті. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16%-ды құрады. Сонымен қатар ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 млн гектарды құрауы мүмкін.

Республиканың 17 облысының ішінен жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста жайылымдардың тапшылығы байқалады, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында.

«Жайылымдардың жетіспеушілігі орын алып отырған уақытта елдің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері бірінші орында тұруы тиіс. Осыған байланысты, өткен жылы мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Аталған көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп», — деді Е. Қарашөкеев.

Ведомство басшысы осы жұмыстың маңызды аспектісі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 9 тамыздағы жер қатынастары саласындағы тексерулерге мораторийді алып тастауы, сондай-ақ жерлерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдірудегі жұмыстар екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының 2023 жылдың соңына дейін қосымша 5 млн гектар пайдаланылмайтын жерлерге қатысты шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындауға кірісті.

Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ғарыштық мониторинг деректері негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша 2023 жылға арналған жоспарды әзірледі және осы жоспарды аудандар бөлінісінде облыстар бекітті.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп осыы жылдың 16 қаңтарында мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисті әзірлеп, іске қосты. Осылайша, жалпыға қолжетімді интерактивті карта азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар болады. Және де жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысу үшін тұрғындарды қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге негіз болады.

Сонымен қатар интерактивті картаны енгізу айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсер береді, жер учаскелеріне қатысты алаяқтық процестерді азайтады және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппараттың жүргізіп жатқан жұмысына халықтың бағасын алуға оң әсер етеді деп күтілуде. «Жергілікті халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында кешенді шаралар қабылдау қажет. Бүгінгі таңда жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге деген немқұрайлықтарынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 млн гектардан асады, оның 29,3 млн гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жемшөп алқаптарын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізілуде», — деді Е. Қарашөкеев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 млн гектар алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жүргізілді, бұл республиканың 272,5 млн га аумағының 75%-ын құрады. Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлерін қамтиды, контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтермен толтырылып, жергілікті халықтың жайылымдарға байланысты проблемалық мәселелерін шешу үшін жерлердің жемшөп сыйымдылығы туралы ақпаратты қамтитын болады. «Қажетті ақпарат көлемі бар цифрлық ауыл шаруашылығы картасы 2024 жылдың соңында аяқталады және ауыл шаруашылығы жерлерін одан әрі қайта бөлуге мониторинг жүргізу үшін негіз болады», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Жергілікті атқарушы органдар жергілікті халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін жайылымдармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңы шеңберінде ұйымдасқан шаруашылықтардың жүктелмеген жайылымдарын қайта бөлуге бағытталған 1 немесе 2 жыл мерзімге Жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды әзірлеуде және бекітеді. Бүгінгі таңда жоспарланған 188 Жайылымды басқару жоспарының 148-нің күші бар. Осылайша, қазіргі уақытта Жайылымдарды басқару бойынша 40 жоспардың мерзімі аяқталып, оларды қайта бекіту бойынша әкімдіктермен жұмыстар жүргізілуде.

Халықты жеке ауладағы жайылымдық жерлермен қанағаттандыру мақсатында 2022 жылы жергілікті атқарушы органдар мынадай шаралар қабылдады:

  • іргелес жатқан босалқы жерлерді елді мекендердің жерлеріне қосу арқылы жалпы алаңы 421,2 мың гектар елді мекендердің шекаралары кеңейтілді;
  • босалқы жерлерден 2,4 млн гектар жергілікті халыққа қайта бөлінді;
  • 22,7 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын жайылымға трансформациялау жүзеге асырылды;
  • 325,5 мың гектар халықтың жайылымдардағы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін алып қойылды;
  • 1,2 млн гектар жер резервке қойылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі Заң жобасы әзірленді, ол қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында және ағымдағы жылдың 18 қаңтарында екінші оқылымға шығарылады.

Заң жобасы бірқатар елеулі түзетулер енгізуді көздейді, мәселен:

– жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту;

– меншігінде жайылымдық және шабындық алқаптары бар адамдардың елді мекендердің жерлерінде заңсыз шөп шабу және мал жаюы мәселесі бойынша жауапкершіліктерін белгілеуі және т. б.

Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі осы түзетулерді осыжылдың 1 жарты жылдығына дейін қабылдау үшін барынша күш салуда.

Жалпы республика бойынша ауыл тұрғындарының мал басын жайылымдармен қамтамасыз етуде оң динамика байқалады.

Соңғы 2 жылда прокуратура органдарымен және әкімдіктермен бірлесіп атқарылған шаралар, жергілікті тұрғындардың жайылым тапшылығын 8,9 млн гектарға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрінің пікірінше, әкімдіктерге:

  • осы бағыттағы жұмысты күшейту және қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шаралар қабылдау;
  • Жайылымдарды басқару бойынша 40 жоспарды бекіту жұмыстарын жеделдету және оларды жергілікті жерлерде сапалы іске асыруды қамтамасыз ету;
  • жердің одан әрі тозуын болдырмау үшін, оның ішінде біржылдық және көпжылдық дақылдарды егу арқылы жайылымдарды түбегейлі және үстірт жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізу;
  • жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту және реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыстың республиканың аграрлық өңіріне жататынын айтты. Осы орайда, «Жайылымдар туралы» ҚР Заңының талаптарын орындау облыс үшін өзекті мәселенің бірі болып табылады. Өңірде 3,5 млн бастан асатын ауыл шаруашылығы жануарлары бар, олардың 1,3 млн басы жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Облыстың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым жерлерінің жалпы ауданы 3,7 млн га құрайды.

«Халықтың және шаруашылықтардың қолда бар мал басын ескере отырып, жайылымдардың тапшылығы бойынша талдау жүргізілді. Ауыл шаруашылығы жануарларының қолда бар мал басын ескере отырып, жеке аулаларда 1 407,2 мың га жайылымдық жерге тапшылық бар», — деді облыс әкімі.

Осы қажеттілікті жою мақсатында жергілікті атқарушы органдармен келесі жұмыстар жүргізілуде.

2022 жылы пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 112 мың га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар елді мекендерге ерікті түрде қайтарылған жалпы көлемі 585,0 мың га жайылымдар қосымша бекітіліп берілді. Бұдан бөлек, жер қорында 979,5 мың га, орман қоры жерінде 429,4 мың га жайылымдық жерлер бар.

«Атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша халықтың жайылымдарға мұқтажы толығымен қанағаттандырылды (Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандары және Қонаев қаласы). Қарасай, Іле және Талғар аудандары халқының жайылымдарға мұқтажын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатын болады», — деді облыс әкімі.

Жайылымдарды ұтымды пайдалану, азыққа қажеттілікті тұрақты қамтамасыз ету және жайылымдардың тозу процестерін болдырмау мақсатында Жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту жөніндегі жоспар қабылданды.

Қазіргі уақытта облыс бойынша 1 қала мен 8 ауданның 2023-2024 жылдарға арналған жайлымдарды басқару және оларды пайдалану туралы жоспарлары бекітілді.

Халықтың жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін жайылымдық жерлерге мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында аудан және қала әкімдіктерімен мемлекет мұқтажы үшін 78,2 мың га жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын жайылымдық алқаптарды қайтару туралы тапсырмасын орындау үшін қазіргі уақытта 285,5 мың га жайылымдық алқаптарды пайдаланбауына байланысты мемлекет меншігіне қайтару бойынша жер ресурстарын басқару департаментімен жұмыстар жүргізілуде.

Өз кезегінде Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев өңірдің жер көлемі 11 млн 846 мың гектарды құрайтынын айтты, бұл жерлердің 4 млн 634 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, оның ішінде 3 млн 847 мың га жайылымдық. Облыс бойынша 358 елді мекен тұрғындарының ауладағы жануарларын жаю үшін барлығы 719,4 мың га жайылымдық алқап бекітілген.

Қазіргі таңда, алдын ала есеп бойынша бұған қосымша 688 мың гектар жайылымға қажеттілік бар. Бүгінгі күні бұл қажеттілікті нақтылау мақсатында елді мекендер бойынша аналық мал басына түгендеу жүргізілуде.

Сонымен қатар аэроғарыштық зерттеулер арқылы анықталған пайдаланылмай жатқан 857,2 мың га ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің өткен жылы мемлекет меншігіне қайтарылғаны 128,5 мың гектар, оның ішінде 121,3 мың га жайылымдық алқаптар. Ауыл маңына жақын орналасқан алқаптар картаға енгізіліп, халық мұқтажы үшін берілетін болады.

Жайылымдық басқару жоспарларына сәйкес, халық мұқтажын қанағаттандыру үшін сыртқы және ішкі шекаралары белгіленген жайылымдардың карталары әзірленді. Картаға түскен жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарылады және заңды тұлғаларға берілмей, ауыл тұрғындарының малын жаю үшін бекітілетін болады. Халықтың жайылымдық жерге деген сұранысын қанағаттандыру мәселесі тұрақты бақылауда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *