Түркістан облысы аумағында тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьердейлерді қазуда өткен жылы 343,4 млрд теңгеге өнім өндірілді. Осы тұста жұмыспен қамтылғандар саны – 8 401 адамға жетті. Республикада облыстың тау-кен өндіру саласының үлесі 19,0%-ды құрайды. Бұл салада жұмыс істейтін кәсіпорындар «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты еншілес кәсіпорындары болып табылады. Сонымен қатар Уран өндіру бойынша Түркістан облысы бірінші орында, фосфориттер мен темір кендері бойынша — Қазақстанда үшінші орында келе жатыр.
Биыл алғашқы тоқсанда Түркістан облысының өнеркәсіп өнімінің көлемі 209,4 млрд. теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық отырысында осылай деді. Бірақ аудан, қалаларда бірқатар бекітілген индикаторлардың орындалуы деңгейі төмен. Сондықтан өңір басшысы жауаптыларға ішкі жалпы өнім мен кірістер көлемін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Осы орайда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жұмысына ерекше тоқталу керек. Компания 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өте күшті қаржылық нәтижелер көрсетті, бұл өткен жылдағы уран нарығы конъюнктурасының айтарлықтай жақсарғанын көрсетеді. Кіріс 2021 жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда екі есе өсті және өткен жылды шамамен 500 млрд теңгені құрады. Кірістің өсуі, өз кезегінде, операциялық пайданың 182%-ға артуына және түзетілген таза пайданың үш есе дерлік 167,4 млрд теңгеге дейін өсуіне әкелді. Бұл нәтижелер нарықтық жағдайдың жақсаруына және осы жылдың бірінші жартыжылдығында клиенттердің жеткізу сұраныстарының артуына байланысты сатылымның жоғары көлеміне байланысты болды. Операциялық көрсеткіштерге келетін болсақ, өткен жылдың бірінші жартыжылдығындағы өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңінен төмен болды.
Металлургия өнеркәсібі саласында былтырғы жылдың 10 айында 83,8 млрд теңгеге өнім өндірілді. Салада жұмыс жасайтын кәсіпорындар «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тиесілі. Сонымен қатар қара металлургия саласында шағын «KARLSKRONA LS AB» ЖШС және «Гульсан» ЖШС кәсіпорындары жұмыс атқаруда. Металлургия саласы өңдеу өнеркәсібі саласының 25,7%-ын құрайды.
Бұдан бұрын Түркістан облысында металлургия комбинатын салу жоспарланған болатын. Жоба Абай кен орнында жүзеге асырылды. Жалпы құны – 36,8 млрд теңге. Ақпаратқа сәйкес, теміржол тұйығы мен газ құбырына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Айта кетейік, кен орнында бастапқыда 31 млрд теңгеге темір рудасын өндіру мен байытуды ұйымдастыру жоспарланған болатын. Оның жобалық қуаты жылына 250 мың тонна кенді өндіру тиіс еді. Бұдан басқа, 7,8 млрд теңгеге бағаланған тікелей қалпына келтірілетін темір өндіру зауытының құрылысы жүргізіледі.
Кентау- өнеркәсібі дамыған қала. Кентау – Қазақстандағы машина жасау, металл өңдеу және тау-кен өнеркәсібі орталықтарының бірі. Қала экономикасындағы ірі кәсіпорындар: «Трансформатор зауыты» ААҚ – еліміздегі трансформатор жасайтын жалғыз зауыт, «Экскаватор» ААҚ – металл өңдеп, машина жасайды. Барий өнімдерін, түсті металл концентраттарын өндіретін «Оңтүстік түсті металл» ЖАҚ-қа Кентау байыту фабрикасы, Ащысай металлургия цехы, темір жол цехы кіреді. Мақта-мата өнімдерін шығарады.
Бүгінде Түркістан облысы 17 адам/км2 құрайтын Қазақстанның ең тығыз қоныстанған аймағы болып табылады. Облыс мақта, тері шикізаты, өсімдік майы, жеміс-жидек, көкөніс, жүзім, бақша дақылдары, макарон өнімдері, темекі өнімдері, алкогольді және алкогольсіз өнімдердің негізгі өндірушісі және жеткізушісі болып табылады. Облыста сонымен қатар уран кендері, цемент, мұнай өнімдері, қуат трансформаторлары, май ажыратқыштар, шұлық бұйымдары, тігін бұйымдары, жиһаздар шығарылады.
Облыста полиметалл кен орындары бар (Кентау қаласы ауданындағы Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейі, Ащысай, Байжансай, Мирғалымсай кен орындары және т.б.). Қаратау жотасының темір кен орындары үлкен өндірістік қызығушылық тудырады. Облыста құрылыс материалдарын (әктас, гипс, кварц құмдары, отқа төзімді қыш және бентонит саздары, минералды бояулар, ұсақ тастар) өндіруге арналған минералдық-шикізат ресурстары бар. Аймақ барит, темір және полиметалл кендері. Бентонит саздары, вермикулит, тальк, әктас, гранит, мәрмәр, гипс, алтын, көмір, ванадий, кварц құмдары сияқты пайдалы қазбаларға бай.
Жалпы тау-кен ісі – ғылым мен техниканың жер қойнауын игеру, пайдалы қазбалар өндіру жұмыстарын қамтитын саласы. Ол жер қыртысына техногендік әсер етудің барлық түрін қамтиды. Тау-кен ісі негізінен жер қойнауындағы пайдалы қазбаларға барлау жүргізу, құрамы мен сапасын анықтау, өндіру жүйесін тағайындау, алынған пайдалы қазылымдарды алғашқы өңдеуден өткізу және тау-кен технологиясы саласында ғылыми-зерттеуші жұмыстарын жүргізумен айналысады. Содан кейін ғана кен қазу үшін дайындық жұмыстары (кенді ашу, дайындық қазбалар жасау, жер астылық және жер үстілік қажетті құрылыстар тұрғызу, т.б.) орындалып, кен белгіленген жүйемен қазыла бастайды.
Тау-кен ісі адамзат қоғамы пайда болуымен байланысты тым көне заманнан басталды. Тау-кен ісінің алғашқы өндірген шикізаты кремний болды. Темір кенін қазу және өңдеу туралы алғашқы жазба мәліметтер 3-мыңжылдықтың орта шенін меңзейді. біздің заманымыздан бұрынғы 6 – 5 мыңжылдықтарда мыс, алтын, қалайы, күшәла, қорғасын өндіріле бастаған, 9 – 8 ғ-да темір кендері, антиквар кезеңде және орта ғасырларда мұнай мен көмір, ал 20 ғ-да – радиоактивті кендер мен газ ерекше маңызға ие бола бастады. Антиквар кезеңдегі елдерде (Ежелгі Грекия, Ежелгі Рим мен Жерорта т. елдерінде) 100 м-ден астам тереңдіктен кенді көтеріп шығаратын күрделі механикалық тетіктер, су төгетін механизмдер пайда болды.
Қазақстан кен байлықтарының қоры, елдің даму стратегиясын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Қазақстан кен байлықтарының қоры мен әр алуандығы жағынан Жер шарындағы бай аймақтардың бірі. Минералдық шикізат қорлары Қазақстанның ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Қуатты минералдық шикізат базасының қазіргі жай-күйі республиканы шет елдердің кен қазбаларына тәуелділіктен толық арылтып, Қазақстанның дүниежүзілік рынокқа минералдық шикізат қорлары мен оның өңделген өнімдерін шығаруына мүмкіндік берді.
Осыған дейін Қазақстанның оңтүстігінде боксит кенін іздеу кезінде Түркістан облысынан мұнай табылды. Облыс аумағындағы Шоқпақ учаскесінде палеозой дəуіріндегі жыныстан, Үлкен Қаратау тауаралық ойысында алғаш рет таяу тереңдікте орналасқан мұнай табылған.
Іздеу-түсіру экспедициясы Үлкен Қаратау Леонтьев ойысындағы геофизикалық ауытқуларға боксит кені жəне онымен байланысты қорғасын, мырыш іздеу үшін зерттеу жүргізген. Осы мақсатта 300 метрге дейінгі тереңдіктегі ұңғыма бұрғыланды. Бұрғыланған түрлі тереңдіктегі 39 ұңғыманың 11-інен қоңыр түсті реңктегі сұйық-тамшылы мұнай табылған.
Шоқпақ учаскесінде мұнайдың табылуы Қазақстанның таулы жерінде алғаш рет орын алып отыр жəне Сырдария мен Шу-Сарысу ойысындағы мұнайгаздылықты болжауда маңызды мəнге ие.
Бұдан бұрын Шу-Сарысу ойысында бірнеше ұсақ газ кен орны ашылған болатын. Оның ішіндегі Амангелді жəне Придорожный кен орындары көпке белгілі. Енді Сырдария жəне Шу-Сарысу ойыстарында мұнай іздеудің келешегіне жол ашылып отыр.
Жалпы Түркістан облысына қарасты тау-кен орындары:
Абайыл темір кен орны — Түркістан облысы Түлкібас ауданы Абайыл станциясынан солтүстікке қарай 15 км жерде орналасқан. Кен орны сақ заманынан белгілі болған. Кенді барлау жұмыстары 1942 жылы басталған.
Кеннің басты минералдары – гидрогетит, гетит, турьит; құрамындағы темірдің орташа мөлшері 45%, байытуды қажет етпейді. Тотыққан белдемнен тереңге қарай кен сидерит, анкерит және пириттен тұрады. Осы тереңдіктегі кен құрамында 31,65% темір, аз мөлшерде мыс, күшәла, кобальт, қорғасын, молибден кездеседі. Кеннің жалпы қоры 55,9 млн. т. оның ішіндегі тотыққан кеннің мөлшері 23,24 млн. т. Тотыққан белдемдегі қошқыл түсті кен ашық әдіспен өндіріліп, бояғыш зат ретінде пайдаланылады.
Ащысай қорғасын-мырыш кен орны — Түркістан облысы Кентау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 24 км жерде орналасқан. Полиметалл кендеріне жатады.
Бадам барит кен орны — Түркістан облысы Шымкент қаласының оңтүстік-шығысында, Бадам өзені бойында орналасқан кен орны. 1926 жылы ашылған. Онда 20 ғасырдың 60-жылдары барлау, шикізат сапасын бағалау жұмыстары жүргізілген. 210 м-ге дейінгі тереңдіктегі барит қоры есептелген.
Байжансай қорғасын кен орны — Түркістан облысы Бәйдібек ауданында орналасқан. Кен орны алғаш 1904 жылы орыс зерттеушілері В.Н. Вебер мен М.М.Бронниковтың мәліметінен белгілі болған. Геология барлау жұмыстары 1930 жылы басталған.
Иірсу темір кен орны — Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы кен орны.
Ленгер көмір кен орны – Шымкент қаласынан шығысқа қарай 35 км жерде. Дербес Ленгер кен орнынан (ауданы 25 км2) басқа, ондағы өнеркәсіптік кен екі көмірлі (Тоғыз және Оңтүстік) және болашақта өнім алуға мүмкіндігі мол 4 алаңға (Оңтүстік (10 км2), Георгиевка (80 км2), Шымкент (60 км2) және Қазығұрт (30 км2)) бөлінеді.
Мырғалымсай жер асты су кен орны — Түркістан облысы Түркістан қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 45 км жерде, Кіші Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінен бастау алатын Байалдыр және Біресек өзендері аралығында орналасқан. Кентау қаласын шаруашылықтық, ауыз су және техникалық сулармен қамтамасыз етуге байланысты барланған.
Орталық газ кен орны — Шу-Сарысу шөгінді алабының Қақпансор ішкі ойысындағы газ кен орны. Жезқазған қаласынан оңтүстікте 220 км жерде орналасқан. 1976 жылы 1-ші іздестіру ұңғымасын бұрғылау кезінде газ бұрқағы атқылады.
Қаратау ванадийлі алабы — Түркістан облысында, Қаратау жотасының солтүстік-батыс бөлігіндегі ванадийлі кендері шоғырланған өңір. Мұнда алғашқы бақылау жұмыстары 1941 жылы, ал зерттеулер 1943-1951 жылдары жүргізілген.
Құлан тұзды кен орны — Түркістан облысы Отырар ауылдық округі аумағында. Отырар ауылынан солтүстікке қарай Шошқакөлдің батысына қарай 16 км жерде орналасқан.
Пайдалы қазылымдар өнеркәсіптің, тасымал көліктің, ауыл шаруашылығының, құрылыстың таптырмайтын шикізаты болып саналады. Сондықтан да Тау-кен ісі дүниежүз. экономикада өнеркәсіп өндірісінің ең маңызды салаларының бірі болып саналады. Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстанда Иірсу (қоры 327,7 млн. т) мен Абайыл (28,3 млн. т) кен орындары барланған. Батыс Қазақстанда (Солтүтік-Шығыс Арал маңы) ең ірісі – баланстан тыс оолитті қошқыл теміртас кентасты Көкбұлақ кен орны (1,9 млрд. т), сонымен қатар титан-магнетитті кентастарының болжамдық қоры 1 млрд. т болатын Великов ірі кен орны бар. Қазақстан хромит кентасының қоры бойынша әлемде екінші орында. Балансқа алынғаны 21 кен орны (шамамен 230 млн. т). Қорлардың барлығы Кемпірсай кенді ауданында (Мұғалжар тауында) шоғырланған. Аса ірі хромит кен орындарының қатарына Алмас-Жемчужина кен орны жатады (қоры 100 млн. т-дан асады).