ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ 100-ГЕ ТАРТА БІЛІМ ОРДАСЫ САЛЫНБАҚ

Биыл Түркістанда 190 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтылады. ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар лагерлерінің жай-күйі, білім саласындағы өзекті мәселелерге қатысты өткір сұрақтар қойылды. Өңір басшысы білім саласын қолдау басты назарда тұрғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар биыл 41 597 балаға қала сыртындағы лагерлер, 153 000 балаға мектеп жанындағы лагерлер ұйымдастырылды. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет есебінен тегін демалады. Қазір 15 мыңға жуық бала ата-аналар есебінен ақылы демалуда. Сонымен қатар «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Облыста 7 мемлекеттік және 10 жекеменшік лагерь бар. Демалыс лагерлерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған. Кәсіпкерлерге тиісті талаптар қойылған. Әлеуметтік желіде кейбір ата-аналар жазғы сауықтыру лагері жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізіп, ата-аналарға ұл-қыздарын алып қайту жөнінде жариялаған. Осыған байланысты ата-аналар арасында түсініспеушілік туындаған.
– Аталған мәселені зерделеу үшін тиісті комиссия құрылып, құзырлы органдар тарапынан балаларды қабылдайтын лагерлер тексерілді. Әлеуметтік желіде жарияланған балаларды ұрып-соғу, ашыған сүт беру, екінші қабаттан құлауы жөніндегі деректер жалған екені анықталды. Аймақта лагерлер тұрақты қадағалауда. Балалардың жазғы демалыс мәселесі өзімнің жеке бақылауымда болады, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, өңірдегі бастауыш сынып (1-4) балаларын мектепте тегін тамақпен қамту қолға алынғанын жеткізді. Қыркүйек айынан бастап облыста бастауыш сыныптағы 190 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылады. Асханасы жоқ мектептерде де тамақтандыруды үйлестіру жұмыстары жүруде.
Түркістан облысында алдағы 3 жылдықта 100-ге тарта мектеп бой көтермек. Түркістан облысында білім саласына қатысты бірнеше өзекті мәселе шешіліп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Ол ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында білім саласына баса көңіл бөлініп жатқанына тоқталды. Өңір басшысының айтуынша, облыста білім беру саласында 2511 ұйым қызмет көрсетеді. 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ды құрайды. Облыста жалпы 1000 мектепте (мемлекеттік – 907, жеке – 93) 515 мың оқушы білім алады.
Облыста 5 жылда жаңа 86 мектеп салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы 34 мектептің құрылысы аяқталды (бюджет – 21, жеке инвестиция – 13). 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынуда. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүруде. Биыл 20 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылады. Арнайы күзет қызметімен қамтылады. 1-4 сыныптағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.

Осыған дейін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков білім беру саласына ерекше тоқталған болатын. Және Жайлы мектеп жобасы аясында тағы 7 мектеп салынбақ еді.  Оның сөзіне қарағанда, Түркістан қаласындағы мемлекеттік бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарының саны – 34, ал жеке мектеп – 26.  Жалпы оқушы саны 50 841-ге жеткен. 2 ауысымда 30 мектеп болса, 4 мектептің оқушылары 3 ауысымда оқып жатыр екен. Олар: Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектебі, М.Жұмабаев атындағы №15 жалпы орта мектебі, Изатуллаев атындағы жалпы орта мектебі, №23 жалпы орта мектебі. Өз кезегінде қала әкімі 3 ауысымға өту қауіпі бар мектептерді де жасырмай айтты. Олар: Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебі, мұндағы орын тапшылығы — 183, Жамбыл Жабаев атындағы №11 жалпы орта мектебі, мұндағы орын тапшылығы — 151, Нәзір Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебі, мұндағы орын тапшылығы — 520.

Өткен жылы 2 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Олар: Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебі және М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебі. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Бірлік» шағынауданында 1  жеке мектеп салынуда. Алдағы уақытта 9 мемлекеттік мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр екен: 2023 жылы республикалық бюджет есебінен 2 мектеп бой көтермек (Әмір Темір – 300 орындық, Баянауыл — 600 орындық).

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 7 мектеп салынады. (Әкімшілік-іскерлік орталығында 3 мектеп  — 6000 орындық, Яссы шағынауданында 2 мектеп – 2100 орындық, Отырар шағынауданында 1 мектеп – 1200 орындық, Бекзат шағынауданында 1 мектеп — 1200 орындық).

«Жайлы мектеп» демекші, биыл оқу жылында еліміз бойынша 7600 мектеп  3 миллион 700 мыңдай балаға білім беруге кірісіп кетті. Алайда, бұған дейін қаншама бағдарлама қабылданып, мектеп пен балабақшаларда орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге атсалысса да, түйткіл әлі де өзекті.

Cоңғы жылдары ел үкіметі білім саласына шындап көңіл бөле бастады. Себебі, елімізде әлі күнге үш ауысымды мектептердің саны азаймай тұр. Бұл тұрғыда президент арнайы тапсырма беріп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеуді жүктеді. Сәтін салса, жоба бойынша 2025 жылға дейін 840 мың бала жаңа әрі соңғы үлгіде жабдықталған мектепте білім алады. Мұндай білім беру ұялары қала мен  ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты азайтуына әкеледі деген үміт бар. Айтпақшы, қала мен ауыл мектептерінің оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, орын жетіспеушілін түпкілікті жою, қауіпсіз, жайлы білім беру мәселесі «Білімді ұлт» сапалы білім беру жобасында да көтерілген. Бірақ бір емес, екі жобаның арқалар жүгіне айналған мәселе қалай шешімін таппақ? Бұл тұрғыда мемлекет басшысы мынадай ұсыныс айтты. Егер жемқорлық дерегі бойынша сотталған шенеуніктердің заңсыз ақшасы мемлекетке өтсе, бұл қаражат толықтай мектеп құрылысына көзделуі тиіс.

«Жайлы мектеп» – бұл пилоттық жоба ретінде жүзеге асады. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, жобаның мақсаты жас ұрпақтың сапалы білім алуын қамтамасыз ету. Яғни, балабақша, мектептерде орыс жетіспеушілігі мәселесі туындамауы үшін қолға алынған жобаның аясында бірталай білім беру мекемесі салынуы тиіс.

Айта кету керек, былтырдан бері елімізде 674 балабақша есігін айқара ашса, 326 мектеп қолданысқа берілді. Одан басқа 1436 білім ұясына қайта жөндеу жүргізілген. Ал «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға дейін 840 мың орын болатын мектеп салу жоспарланып отыр.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында білім беру мәселесіне кеңірек тоқталды. Ұлттың сапалы болуы әуелі денсаулығы мен біліміне байланысты екенін айтқан президент бұл істі мектепке дейінгі тәрбие жұмысынан бастау керектігін жеткізді. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың көбі балабақшаға барады. Алайда, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі толыққанды шешілмей келеді. Тіпті, балабақша тәрбиешілерінің жалақысы да өзгеріссіз қалып жүр. Президент балалардың тәрбиесі отбасы мен балабақшада қалыптасатынын ескеріп, тәрбиешілердің де мәртебесі мен еңбекақысын көтеру керектігін қадап айтты. Бұл тұрғыда тәрбиешілердің жүктемесін азайтып, аттестациядан өткізу қажеттігін ұсынды.

Оқу-ағарту министрлігі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мектептерде орын тапшылығы үлкен мәселеге айналғалы біраз жыл. «2021 жылы 277 мектеп пайдалануға берілді. Биыл 260 мектепті салып жатырмыз. Бізге 2025 жылға дейін мың мектеп салу тапсырмасы жүктелген. Алайда, бұл жоспар ойдағыдан да жылдап жүзеге асып жатыр. 1 мың мектеп салынса, миллион бала оқып, үш ауысым толық жойылады» деген болатын. Демек, үш ауысымды мектеп мәселесі шешілетін уақыт та алыс емес. Бастысы мектеп пен балабақша салу – Үкімет пен жергілікті әкімдіктің назарында болуы тиіс.

Егер «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы толығымен іске асырылса, еліміздегі мектептердегі орын тапшылығы мен үш ауысымдық мектептердің де мәселесі шешілетін еді. Бұл туралы оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетов кездесулерде былай деп пікірін білдірді. Оның айтуынша, еліміздегі үлкен мәселелердің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Бірақ аталмыш мәселе өзінің уақытымен шешіледі. Осыған орай, біз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 277 мектепті іске қостық. Ал «Жайлы мектеп» жобасы жөнінде айтатын болсақ, жоба бойынша салынған мектептер жай мектерден өзгеше болатыны анық. Әрі осындай заманауи мектептер көптеп салынса, әр ата-ана балаларын сол мектепке беруге асығады. Әрі балаларда заманауи тұрғыда ерекше білім алып шығуына үлкен мүмкіндік болады. Сондай-ақ жоба бойынша салынған елордадағы мектеп заманауи, әрі балаларға қолайлы болғандықтан, ол мектеп лезде оқушылармен толықты. Ал ондағы жасалған жағдайлар қандай? Деген сұраққа келсек, біріншіден, онда робототехника, физика, химия, мектептері орналасқан. Сонымен қатар заманауи құрылғылармен толығымен жабдықталған. Алдағы уақытта осындай мектептерді көбірек саламыз. Және ол мектептерде бастауыш сыныптарға арналған арнайы блок болады. Әрі оның жеке асханасы мен дәретханалары да жоғары сыныптан бөлек орналасады. Осындай жоба бойынша салсақ, мектептегі әлімжеттік мәселесі де шешіледі», – дейді министр.

Сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасымен қатар, мектеп формалары жайында да мәселелер қозғалған болатын. Бұл туралы Президент: «Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімделген жөн», – деген ойымен де бөлісті. Бұның өзі ата-аналар мен мектеп мұғалімдері үшін жағымды жаңалықтардың бірі саналады.

Тағы бір айта кетерлігі, «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 2,6 триллион теңге бөлінген. Бұл туралы Мәжілісте Қаржы вице-министрі Татьяна Савальева хабарлаған болатын. Вице-министр аталмыш мәселе туралы: «Жолдаудағы «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы бойынша жоғары іс-шаралары 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасында көрініс тапты. Жоба әзірленіп, келісу сатысында тұр. Оны іске асыруға үш жылдық кезеңге арналған бюджет жобасында 2,6 триллион теңге көзделген» — деп түсіндірді.

Қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің бірқатар ірі өңірлерінде жоба бойынша жұмыстар басталып кетті. Мәселен, Түркістан облысы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына Түркістан облысынан 63 мектеп енгізіліп, бекітілді. Бұл жөнінде түнегүні облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды. Өңір басшысы аймақтағы мектеп тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді әрі ширатуды тапсырды.

– Бюджетке енгізіліп, жобалық-сметалық құжаты әзірленген әрбір нысан уақтылы әрі сапалы салынуы тиіс. Жауапты басқарма басшыларына өңірдегі құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды зерделеп, қадағалауды тапсырамын. Әсіресе, бүгін талқыланып отырған білім ұяларының құрылысын қатаң қадағалау керек. Бұл ретте аудан, қала әкімдері өз аймақтарыңыздағы нысандардың құрылысын тиісті басқармалармен бірге күнделікті бақылауда ұстаңыздар. Екіншіден, сәулетке жауапты басқарма өңірдегі мектеп ғимараттарын салуда бір үлгіні ұсынсын. Қыруар қаржыға салынған кейбір нысандардың сәулеті талапқа сай емес. Үшіншіден, тапсырысты алып, жұмысты бастамаған немесе сапасыз атқарған мердігерлер тізімі әзірленіп, жосықсыз мердігерлер қатарына енгізілуі тиіс. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша да жер телімдері мен құжаттарын жедел әзірлеу қажет. Жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Т.Үсіпәлиевтің мектептер құрылысы бойынша баяндамалары мен есептері тыңдалды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің (жобалық қуаттылығы – 57300 орын) құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде: 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 16 мектеп, 900 орындық 17 мектеп, 1200 орындық 8 мектеп, 1500 орындық 5 мектеп, 2000 орындық 6 мектеп салынбақ. Қазіргі таңда 55 мектеп салынатын жер учаскесіне меншік құқығын беретін мемлекеттік актісі алынған, қалған жер телімдері бойынша жұмыс жүріп жатыр. 2024 жылы жалпы 29 мектептің, 2025 жылы 34 мектептің құрылысын аяқтау межеленген. Білім нысандарының құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай операторы арқылы жүзеге асырылады. Д.Амангелдіұлы аталған нысандарға қажетті жерді, инфрақұрылымды, газ, электр, су мәселелерін жедел шешіп, құрылысқа дайындықты бастау жөнінде тапсырма берді.

Жиында өңірдегі құрылысы жүріп жатқан мектептер мәселесі де қаралды. Сонымен бірге жұмыстары кешеуілдеп жатқан нысандардың жай-күйі сарапталды. 2022 жылы Түркістан облысында 54 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20,3 миллиард теңге қаржы қаралған. Жыл соңына дейін 22 мектепті (5100 орын) пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 8 мектеп (Мақтаарал, Сарыағаш-2, Келес, Төлеби-2, Түлкібас-1, Бәйдібек аудандарында) ел игілігіне берілді. Қалғандары жыл соңына дейін тапсырылады деп көзделіп отыр.

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов: «Қазір салынатын мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандартпен салынатын болады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше олардың өз оқу кабинеттері, өз әжетханалары, өз спортзалдары болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл секілді қауіпсіздікті қарастырдық» — дейді.  Өз кезегінде Нұрбол Тұрашбеков Түркістан қаласындағы балабақшалар саны 108-ді құрап отырғанын, олардың 21-і мемлекеттік болса, 87-сі жекеменшік нысан екенін жеткізді. Жалпы балабақшадағы балалар саны – 15 144. «Сонымен қатар қаламызда мектептен тыс 7 мекеме бар. Үйірмелерге қатысатын оқушы саны – 4 556. Қазіргі таңда қалада күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 11 мектеп бар» — дейді Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *