Ел көлемінде еңбек шартының өз деңгейінде орындала бермейтіні белгілі. Осы ретте аталған мәселе Түркістан облысының тұрғындарын да айналып өтпейтінін айтқымыз келеді. Мұндай мәселеге мән беру қажеттігін азаматтар көп жағдайда кейін түсініп жатады. Соған орай Түркістан облысының тұрғындарына заң кеңесі ретінде төмендегі жайларды ұсынамыз.
Нақтылап айтқанда кейбір азаматтар еңбек келісімшартын көрмей, жұмыс берушінің талап-міндеттерімен таныспай жатып жұмысқа араласып кетеді. Мұнысын олар арнайы кәсіп меңгермеуімен, көп уақыт жұмыс таппай
жүргенімен түсіндіреді. Ал еңбек келісімшарты — азаматтың еңбек алаңындағы қауіпсіздігінің, құқығының жан-жақты қорғалуының кепілі. Қолында келісім-шарты жоқ азамат жалақы ала алмаған жағдайда өзінің еңбек еткенін
дәлелдей алмауы, айлығын қысқартса, ешқандай уәж келтіре алмауы, жұмыс барысында оқыс жағдайға душар болып денсаулығына зиян келсе, ол үшін ешқандай өтемақы талап ете алмай қалуы әбден мүмкін. Өкінішке орай, еліміздің соттарында еңбек дауларына қатысты мұндай арыз-шағымдар аз емес.
Бұл жерде бір басы ашық мәселені айта кеткеніміз дұрыс. Күнделікті статистика көрсеткендей, ірі өндіріс ошақтары, кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер еңбек дауларына жол бере қоймайды. Мемлекеттік мекемелерде қадағалау басым. Ал ірі кәсіпорындар жылдар бойы жинаған абырой-беделінен ажырағысы келмейді. Олардың табысы қоғамның бағасына байланысты
болғандықтан, жұмысшыларына мейлінше жағдай жасап, құқығын таптамауға барынша назар аударылады. Осы ретте жұмысын енді бастаған шағын кәсіпорындардың беделден бұрын табысты көбірек ойлайтыны аңғарылады.
Заңды түрде тіркелмей, табысын жасыратын, жұмысшылар санын нақты
көрсетпейтін, еңбекақыны жұмыстың көлемі мен күніне қарай төлейтін мұндай
жұмыс берушілерді қарауындағылардың денсаулығы, қауіпсіздігі қызықтырмайды. Олардың еңбек келісімшартын жасамай жұмыс істеуінің бір себебі де осы мәселелерге байланысты болса керек.
Десек те, еңбек келісімшартын жасамаған жұмыс берушілер үшін жауаптылық бар. Ол үшін құқығы бұзылған азаматтар қол қусырып отырмауы керек. «Мен ештеңені дәлелдей алмаймын» деп шарасыздық танытпай, жанындағы жұмысшыларды куәлікке тарта отырып, өз мүддесін қорауы тиіс. Заң алдында кез келген азаматтың құқығы теңдей. Еңбекке қатысты қарым-
қатынасты реттеуде де осы мәселеге ден қойған жөн. Әсіресе, қызмет барысында азаматтардың денсаулығына келтірілген зиян міндетті түрде өтелуі тиіс. Бұл тақырыптың өзектілігі соңғы жылдары арта түсті. Өндірістік жарақаттар мен кәсіби ауруға шалдыққан жұмысшылардың денсаулығына байланысты зиянды өтеу тәртібі еліміздегі Азаматтық кодекс пен Еңбек кодексін басшылыққа ала отырып жүргізіледі. Залал көлемін есептеуде «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым
оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» деп аталатын заң да назарға алынады. Азаматтық кодекстің 917-бабына сәйкес зиянның болуы; зиян келтірілген әрекеттің заңсыздығы; әрекет пен пайда болған нәтиже арасындағы себептік байланыс; зиян келтіруші кінәсінің аражігі заңға сәйкес анықталады. Кодекстің 917-бабының 1-тармағы зиянды толық көлемде өтеу қағидатын
бекіткен.
Қоғамды нарық билеген заманда заң әрбір адамның тіреуі. Заңды білген, өз құқығын қорғай алатын адам ешқашан сергелдеңге түспейді. Әсіресе, еңбек қарым-қатынастарын реттеуде заңға бағынудың, заң талаптарын басшылыққа ала отырып қадам жасаудың маңызы өте зор. Қандай жағдайда да азаматтар заң шеңберінде әрекет еткені абзал.
Қызметкердің өміріне және денсаулығына келтірілген зиян қалай есептеледі? Бұл жалпы үлкен талас тудыратын мәселе. Сот денсаулыққа келтірілген зиянды есептегенде кеткен шығын мен шеккен зардапты ескере отырып ақылға қонымды сома белгілейді. Жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы Еңбек кодексінің 122-бабында толық көрсетілген. Яғни,
қызметкердің жұмыс барысында денсаулығын жоғалтып, зақым келгені дәлелденсе, табыс және денсаулыққа зақым келтіруден туындаған шығыстар жұмыс берушіден өндіріледі. Жәбірленушінің емделуге, дәрі-дәрмек сатып
алуға, протез салғызуға, санаторий курорттық емделуге, басқа кәсіпті меңгеруіне кеткен шығын толықтай жұмыс берушіден өндіріледі. Ал егер жәбірленуші көмек пен күтімге мұқтаж болса және оларды тегін ала алмаса,
мұның шығыны да кінәсі дәлелденген жұмыс беруші тарапынан өтелуге
жатады.
Сөз соңында азаматтарға жұмысқа орналасу кезінде қандай мәселелерді ескеру қажеттігін төмендегі үлгіде ұсынамыз:
Жаңа жұмыс орнына орналасу барысында жұмыс берушімен еңбек қарым-қатынастарының еңбек шартының жасалуы арқылы рәсімдеуі шешуші сәт болып келеді.
Бірінші. Еңбек шартының жасалуы
Еңбек шартын жасасу үшін келесі құжаттар керек:
жеке куәлік немесе төлқұжат (он алты жасқа толмаған тұлғалар үшін туу туралы куәлік);
азаматтығы жоқ тұлғаның ықтияр хаты немесе куәлігі (ҚР территориясында үнемі тұрып жатқан шетелдіктер үшін және азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты);
тиісті білімдерді, ептілікті және икемділікті талап ететін жұмысқа орналасу кезінде білім, мамандық, арнайы білім немесе кәсіби дайындықты растайтын құжат;
еңбек қызметін дәлелдейтін құжат (еңбек өтілі бар тұлғаларға);
әскери есептің құжаты (әскери міндеттілерге және әскери қызметке шақырыліға тиісті тұлғаларға);
алдын ала дәрігерлік куәландырудан өту туралы құжат (Қазақстан Республикасының осы күнгі Кодексі және заңнамасына сәйкес бұндай куәландырудан өтуге міндетті тұлғаларға).
Екінші. Еңбек шарты нені қамту керек?
- Тараптардың деректемелері:
жұмыс берушінің – жеке тұлғаның ататегі, аты, әкесінің аты (егер ол тұлғаны растайтын құжатта көрсетілсе), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұратын жері бойынша тіркелу жайлы мағлұматтар, тұлғаны растайтын құжаттың аталуы, нөмірі және берілу күні;
жеке сәйкестендірме нөмірі (бизнес-сәйкестендірме нөмірі);
жұмыскердің ататегі, аты, әкесінің аты (егер ол тұлғаны растайтын құжатта көрсетілсе) оның тұрақты мекендеу орнының адресі және тұрғылықты жері бойынша тіркелу жайлы дәйектер, жеке тұлғасын растайтын құжаттың аталуы, нөмірі, құжаттың берілу күні, дербес сәйкестендіру нөмірі;
жұмыс берушінің – заңды тұлғаның есімі, оның орналасқан жері, жұмыс берушінің – заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуінің нөмірі және датасы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі).
- Еңбек міндеттері (белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмыс).
- Жұмыстың орындалу орны.
- Еңбек шартының мерзімі.
- Жұмыстың басталу күні.
- Жұмыс уақытының және демалу уақытының тәртібі.
- Жұмысты төлеудің көлемі және басқа да жағдайлар.
- Жұмыс жағдайларының мінездемесі, кепілдер және жеңілдіктер, егер жұмыс қиын жұмыстарға қатысты болса және (немесе) залалды және (немесе) қауіпті жағдайларда орындалса.
- Жұмыскердің құқықтары және міндеттері.
- Жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері.
- Еңбек шартының өзгертуінің дәне тоқтауының тәртібі.
- Тараптардың жауапкершілігі.
- Дәйектеменің мезгілі және реттік нөмірі.
Үшінші. Жұмыскердің қандай құқықтары сақталуы тиіс
Жұмыскердің келесідей құқықтары бар:
Еңбек Кодексінде көзделген тәртіппен және жағдайларда еңбек шартын жасасуға, өзгертуге, толықтыруға, тоқтатуға және бұзуға;
жұмыс берушіден еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындауды талап етуге;
еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға;
еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы толық және анық ақпарат алуға;
еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарына сәйкес уақтылы және толық көлемде жалақы төленуіне;
бос тұрып қалғаны үшін осы Кодекске сәйкес ақы төленуіне;
тынығуға, оның ішінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына;
егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кәсіптік одақ құру, сондай-ақ оған мүше болу құқығын қоса алғанда, өзінің еңбек құқықтарының берілуі мен оларды қорғау үшін бірігуге;
өз өкілдері арқылы ұжымдық келіссөздерге және ұжымдық шарт жобасын әзірлеуге қатысуға, сондай-ақ қол қойылған ұжымдық шартпен танысуға;
еңбек міндеттерін орындауға байланысты денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
міндетті әлеуметтік сақтандырылуға;
еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандырылуға;
кепілдіктерге және өтемақы төлемдеріне;
өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға;
бірдей еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз бірдей ақы алуға;
жеке еңбек дауын шешу үшін осы Кодексте көзделген тәртіппен рет-ретімен келісім комиссиясына, сотқа жүгінуге;
еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жабдықталған жұмыс орнына;
Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген талаптарға сәйкес жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен, арнайы киіммен қамтамасыз етілуге;
өзінің денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін ахуал туындаған кезде, бұл туралы тікелей басшының немесе жұмыс берушінің өкілін хабардар ете отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға;
еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттiк органға және (немесе) еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жағдайларын зерттеп қарауды жүргізу туралы өтініш білдіруге, сондай-ақ еңбек жағдайларын, қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды жақсартуға байланысты мәселелерді тексеру мен қарауға өкілдік етіп қатысуға;
жұмыс берушінің еңбек және онымен тікелей байланысты қатынастар саласындағы әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
біліктілігіне, еңбектің күрделілігіне, орындалған жұмыстың саны мен сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына сәйкес еңбегіне ақы төленуіне;
осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен, ереуілге құқықты қоса алғанда, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге;
жұмыс берушіде сақталатын дербес деректерінің қорғалуын қамтамасыз етуге құқығы бар.