
Құқықтық нақтылықты, құқықтың және құқық жүйесінің дамуына ықпал ететін факторларды ерекше түрде тану құқықтық сана болып табылатындығын Түркістан облысының тұрғындарына бөлісудеміз. Осы бағытта тағы да біраз ақпараттарды түркістандықтарға ұсынамыз.
Құқықтық сана құқықтық реттеу механизмімен тығыз байланысты. Біріншіден, ол заң нормаларын жасаудың алдында жүреді, өйткені, ол нормалар әрқашанда субъектінің санасы мен еркіне туелді; екіншіден, олармен қоса өне бойы іс-әрекет жасалады, өйткені құқық нормалары әрқашанда оларды субъектінің түсінуіне, оның санасы мен еркіне есептелген; үшіншіден, құқықтық сана құқықтағы олқылықтарды түсіндірумен анықталады, заңдарды жетілдіру мен дамытуды қамтамасыз етеді. Құқық теориясында құқықтық сана өзара байланысты 3 міндетке: танымдық, бағалаушылық, реттеушілік міндеттерге бөлінеді. Танымдық міндет құқықтық шындық құбылыстарын субъектінің құқықтағы мәнділігі мен тиістілігі туралы түсініктері тұрғысынан ой елегінен өткізуден тұрады. Бағалаушылық міндет құқықтық шындық құбылыстарын ұқсастыруда, оларды реттеудің нақты ережелерімен сәйкестендіруде болып табылады. Құқықтық сананы иеленушіге байланысты құқықтық сананың жеке, топтық (ұжымдық) және қоғамдық құқықтық сана түрлері туралы айтуға болады.
Жеке құқықтық сана адам күнделікті қатысатын алуан-түрлі әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың ықпалымен, сондай-ақ өзінің психикалы-физиологиялық ерекшеліктерінің әсерімен қалыптасады. Жеке адамның мәдениеті мен білімі деңгейінің әртүрлі болуы, адамдардың әлеуметтік жағдайы мен қабілетінің бірдей болмауы жеке құқықтық сана деңгейінің әртүрлі болуына себепші болады. Құқықтық сана деңгейін көтеру үшін адамдардың санасы мен мінез-құлқына нысаналы идеологиялық ықпал жасаудың, азаматарға құқықтық тәрбие берудің де маңызы аз емес.
Топтық құқықтық сана тиісті әлеуметтік топтар мен оларға кіретін жеке адамдардың ерекшеліктерімен анықталады. Құқықтық құндылықтар әрбір топта бірдей танылмайды. Олардың ішінде топтық құқықтық сана заңдылық пен әділеттік идеяларын мүлде құрметтемейтіндерінде топтық құқықтық сананың әлеуметсізденуі, қоғамда бар құқықтық идеологиядан шеттеу, құқықтық нигилизмнің ескі түрін консервациялау, тіпті криминогендік жағдайлардың қалыптасуы мүмкін.
Қоғамдық құқықтық сана құқыққа және құқықтық өмір шындығының жалпы қоғамда қалыптасқан құбылыстарына көзқарасты бейнелейді. Қоғамдық құқықтық санада қоғамда жеке адамның бостандығына және жеке меншікке ешкімнің тиіспеушілігіне кепілдік бере алатын теңдесі жоқ әлеуметтік құндылық ретінде құқық түсінігі орнығады. Құқық болмайынша, оның екеуі де жоқ.
Заңдардағы барлық уақытта дер кезінде жаңартыла бермейтін жаңсақтықтар мен жетілмегендіктің қоғамдық құқықтық санадағы құқық бейнесінің көрінуіне теріс әсер етеді. Тыйым салушы нормалар мен қызметтік көзқарастың басым болуы оған бүлдірушілік ықпал етеді. Соның салдарынан қоғамдық құқықтық санада құқықтың мәнін қажеттіліктің пен әділеттіктің шоғырланған көрінісі ретінде емес, қайта күштеу ретінде қабылдау мен түсіну сақталып келеді. Сондықтан да құқық нормаларын сақтауға азаматтан гөрі, мемлекет көбірек мүдделі деген пікір таралып кеткен.
Мазмұнының толықтыққа жақындау деңгейіне немесе дәрежесіне қарай құқықтық сана құқық теориясында дағдылы, кәсіби(заңгерлердің құқықтық санасы) және ғылыми болып бөлінеді.
Дағдылы құқықтық сана дегеніміз адамдардың жаппай түсініктері, олардың күнделікті және өмірлік тәжірибесінің ықпалымен туындайтын құқық пен заңдылық жөніндегі сезімі мен көңіл-күйі болып табылады. Бұл- құқықтық сананың ең жылжымалы түрі, толық емес және үздік-создық, фрагментарлық болған соң ол сонымен бірге құқықтағы жаңалыққа мейлінше сезімтал және құқық қолданудың кемшіліктерін байқауда “қырағы” болып келеді.
Кәсіби құқықтық сана бір түр ретінде кәсіби заңгерлер арасында қылыптасады, норма шығаруда, құқықты түсіндіруде және құқық қолдануда өзекті рөл атқарады. Ол екінің бірінде белгілі бір стереотиптермен (күдікшілік, “айыптауға бейімдік”, дәлдік және формалдылық, ілеспе заң нормаларын, іс-әрекеттің секторын немесе тіпті негізгі құқықтық өрісін көру) белгіленген, жазудан ерекше стилі мен заң тілін қалыптастырады. Бұл- құқықтық сананың біршама толық түрі.
Ғылыми құқықтық сана құқықты және құқықтық өмір шындығының құбылыстарын теориялық тұрғысында ой елегінен өткізу арқылы қалыптасады, ол қоғамның құқықтық идеологиясын әзірлеуде, мемлекет пен заңдарды дамыту жолдарын негіздеуде белсенді рөл атқарады. Құқықтық сананың осы ең толық түрін иеленушілер құқықтанушы және мемлекеттанушы ғалымдар болып табылады. Құқықтық санамен тығыз байланысты және оның туынды құбылысы құқықтық мәдениет болып табылады. Ол құқыққа белгілі бір көзқарас қана емес, қайта, құқықтық білімнің, тұрақты құндылық- құқықытық бағдардың және соларға сәйкес заң жүзінде маңызды мінез-құлықтың бірлігі ретінде көрінеді.
Құқықтық мәдениет қолданылып жүрген құқық нормалары білімінің жоғары деңгейімен сипатталады. Оған субъектінің құқыққа құрметпен қарауы тән. Ол адамдардың мінез-құлқы олардың құқықтық сенімдеріне, сондай-ақ олардың басқа адамдар қылықтарының заңдылығына баға беруіне және құқықбұзушылықтың жасалуына бастамашылықпен кедергі жпасауына сәйкес келуін анықтайды. Құқық өз нормаларына сәйкес мінез-құлыққа оң көзқараста болады. Алайда егер жеке адам заңды бұзбаса, құқық нормаларын жазалаудан қорыққандықтан немесе өзінің комформизмі салдарынан, яғни жұрттың бәрі сияқты істеймін принципі бойынша бұзбайтын болса, бұл әлі де оның қажетті құқықтық мәдениеті бар екендігі білдірмейді.
Сол сияқты жеке адамның немесе топтың кез-келген құқықтық белсенділігін құқықтық мәдениетке жатқызуға болмайды. Заңдарды білуге және оларды өздері қызмет етіп жүрген мақсаттарға зиян келетіндей етіп пайдалануға болады. Өмірде құқықтарды, сөз бостандығын қоғам мүдделеріне нұқсан келтіре отырып, қиянат жасау да сирек кездеспейді. Керісінше, заңсыз әдістермен ізгі мақсаттарға жетуге тырысатын кездер де болады. Демек, әлеуметтік-құқықтық оң белсенділік қана жеке адамның немесе ұжымның жеткілікті құқықтық мәдениетінің компоненті деп танылуы мүмкін.
Заңды мінез-құлықты оның мотивтері бойынша әлеуметтік-құқықтық оң белсенділікке; конформистік мінез-құлыққа және маргиналдық мінез-құлыққа жіктеумен қатар, юриспруденцияда заңды мінез-құлықты оның қоғамдық маңыздылық дәрежесіне қарай да бөлу жүргізіледі.
Осы өлшем бойынша заңды қажетті мінез-құлық; заңды қалағанындай мінез-құлық; заңды жол берілетін мінез-құлық болады.
Сонымен, құқықтық сана дегеніміз адамдардың, әлеуметтік бірліктердің қоғамда бар және олардың тілек-ықыластарына сай келетін құқыққа қатыстылықтарын білдіретін көзқарастарының, идеяларының, түсініктері мен сана –сезімдерінің жиынтығы.
Құқықтық сана – Қазақстан Республикасы азаматтарының жүзеге асырылып жүрген заңдарға, оларды қолдануға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына және қалаулы құқыққа, басқа да құқықтық құбылыстарға құқық сезімдерінің, көзқарастарының, пікірлерінің бағаларының жүйесі. Құқықтық сана – қоғамдық сананың бір түрі. Құқықтық сананың деңгейін жүйелендіретін факторлар арқылы анықтауға болады. Ал ғылыми құқықтық сана – құқықтық теорияларды игеру процесінде қалыптасады. Құқықтық сана мемлекетте ресми қолданыста жүргізіліп отырған құқық идеологиясымен тікелей өзара байланыста болып отырады.
Құқықтық сана саяси санамен де тығыз байланыста дамып отырады. Билікке келген және саяси лидерлікке ұмтылған қоғамдық топтар құқықтық жағынан өз идеяларын, ойларын тиімді құқықтық жүйе түрінде бейнелеуге тырысады. Сондықтан дүниежүзілік практикада саяси топтар өздерінің мүддесіне жақын етіп Конституцияның, заңдардың өз варианттары үшін күресіп отырады. Қай кезде болсын, кез келген саяси партиялар мен біріккен саяси топтардың өзіне тән, өздерінің болашаққа деген көзқарасына сәйкес идеологиясы болады. Кеңес үкіметі дәуірінде коммунистік идеология үстемдік еткені баршаға айқын.
