САУРАН: АУДАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр. Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді.

Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есеп-шотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады», — деген болатын.

Осыған орай, Сауран ауданында соңғы үш жылда атқарылған ұланғайыр жұмыстарға тоқталғым келеді. Өздеріңізге белгілі, Сауран ауданы құрылғанына биыл үш жыл толып отыр. Осы уақытта аудан өзінің жаңа келбетін қалыптастырып үлгерді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім байқалады. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері тұрақты жалғасын тауып келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай мен жақында барлық ауылдарды аралап шықтым. Бүгін сіздерге Сауран ауданы бойынша ағымдағы жылдың бес айында атқарылған жұмыстары-мызбен және алдағы жос-парларымыз туралы баяндайын.

ӨҢІРЛІК ӨНІМНІҢ ӨСІМІ ЖОҒАРЫ

Өткен жылы облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен өткізілген 2 кездесу барысында 29 мәселе көтерілген болса, бүгінгі таңға оның 22 мәселесі өз шешімін тапты, 7-уі орындалу үстінде.

2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 120,4 млрд. теңгені құраған болса, ағымдағы жылы 132,4 млрд. теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда 13,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағытының 84%-ы ауыл шаруашылығына, 9,2% өнеркәсіп саласына және 4,7%-ы құрылыс жұмыстарының, 1,4% тауар айналымының үлесінде.

Әкімдердің негізгі жұмысы барлық салаға инвестиция тартуымен бағаланады. Соған орай 2023 жылы ауданға 34,6 млрд. теңге инестиция тартылған болса, ағымдағы жылы 42,0 млрд. теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, 5 айда 9,8 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды.

Оның ішінде жеке инвестициялар 6,8 млрд. теңге, бюджеттік инвестициялар 2,9 млрд. теңге болып отыр.

Аудан бойынша 2024-2025 жылдар аралығында жалпы құны – 61,4 млрд. теңгені құрайтын 102 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз.

Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба, жиһаз жасау бағытында – 12 цехті іске қосуды жоспарласақ, бүгінгі таңға 9 цех іске қосылды және 3 цехты жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Санамалап айтатын болсақ, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін бір цех, трансформатор құрастыратын және жөндейтін бір цех, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында екі цех, жаңбырлату қондырғыларын өндіретін бір цех іске қосылды. Тері өңдейтін бір цех, мақта және мақта шитін өңдейтін 2 цех, жылыжай жабдықтарын өндіретін 1 цех, 2 тігін цехы іске қосылды. Өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін 1 кәсіпорын алдағы уақытта іске қосылады. Демалыс аймағы және қоғамдық қызмет көрсету бойынша – 22 нысан жоспарланып, 2 нысан іске қосылды. Қалған 20 нысан 2025 жылы іске қосатын боламыз. Әлеуметтік салада кәсіпкерлер есебінен – 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласында — 41 жоба жоспарланып отыр. Сy ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында 1051 гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару құрал-жабдығын орнату бойынша 5 жоба жоспарланып, орнатылды. Тамақ өнімдері бойынша — 3 жоба, сүт тауарлы фермасы бойынша — 3 жоба жасалуда. Мал бордақылау және мал сою алаңдары бойынша — 18 жоба жүзеге асырылмақ. Құс фермасын салу бойынша — 3 жоба, балық шаруашылығы бойынша — 5 жоба, мал азығын дайындайтын комбикорм цехы бойынша бір жоба жасалуда. 4 гектарға өнеркәсіптік жылыжай және 1,7 гектарға фермерлік жылыжайды салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда осы аталған жобалар бойынша барлығы 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды.

АУЫЛДАРДА АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАР ҚҰРУДАМЫЗ

Мен ауылдарды аралау және тұрғындармен кездесу барысында әрбір ауылдық округ әкімдеріне ауылдың инфрақұрылымы әзірленген он гектар жерді арнайы экономикалық аймақтарға бөлу туралы тапсырдым. Бұл жұмыс қазірдің өзінде бірқатар ауылдарда жүзеге асырыла бастады.

Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Оранғай ауылдық округінен «Turan» арнайы экономикалық аймағы және Шаға ауылдық округінен 30 гектар жерге өндірістік парк құрылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік паркті индустриалды аймаққа айналдыру үшін қосымша 70 гектар жер бөлінді. Сауран ауданы, Шаға ауылдық округіндегі өндірістік паркке тоқталатын болсақ, «UBC Group» ЖШС — Тоңазытқыш жабдықтарын өндіру және машина жасауды қолға алды. Жоба құны — 2 млрд.теңге тұрады. Жоба толық жүзеге асқан кезде 250 адамға жұмыс орындары ашылады. «BNK Group Ltd» ЖШС — Жаңбырлату қондырғыларын өндіруде. Бұл жобаның жалпы құны — 5 млрд.теңге тұрады. Жоба толық жүзеге асқан кезде 80 жұмыс орны ашылады. «World Medicine İlaç Sanayi ve Ticaret Anonim Şirketi» ЖШС — Фармацевтикалық өндірісті бастауда. Жоба құны — 5 млрд. теңге тұрады. Мұнда 50 адамға жұмыс орындары болады. «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» Қоғамдық Ұйымы — Металл және мектеп жиһаздарын өндіруде. Жоба құны — 2,3 млрд.теңге болса, онда 70 адам жұмыспен қамтылатын болады. «Жаңа Арна Құрылыс» ЖШС — Дәрі өндірісін бастады. Жоба құны – 3млрд.теңге тұрады. Мұнда да 80 адамға жұмыс табылады. «GEN GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС — Жылыжай жабдықтарын өндіруді бастады. Жоба құны – 2,4 млрд.теңге болса, болашақта 70 адам жұмыс табады. «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» қоғамдық ұйымы — Әскери шатыр өндірісі жасауда. Жоба құны – 2,5 млрд.теңге болса, 100 адам жұмыс істейтін болады. «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» қоғамдық ұйымы — корпустық, жұмсақ және медициналық жиһаз шығарады. Жоба құны – 3,5 млрд.теңге. Жоба толық жүзеге асқан кезде 100 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Аталған жобалардан бөлек, Қарашық ауылдық округінен 10 гектар жер телімі бөлініп, 21 цехты салуды жоспарлап отырмыз. Дәл осы бағытта Иассы ауылдық округінен 8 гектар, Оранғай ауылдық округінен 13 гектар жер бөліп кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде.Бұдан бөлек, Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер Абишов Ықпал меншігіндегі 8 гектар жерден өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысын бастады, қалған жерлерге инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

ЖҮЗ МЫҢ ГЕКТАР ОРТАҚ ЖАЙЫЛЫМҒА ҚАЙТАРЫЛДЫ

Ауданның экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – ауыл шаруашылығында 2023 жылы 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 112,1 млрд. теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бес айда нақты 9,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.

Ағымдағы жылы аудан бойынша 43 396 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Ауданда мал басы саны – 682,7 мың басты құрайды. Есепті кезеңде етті және сүтті бағыттағы ауыл шаруашылығы жануарларынан 3 780 тонна ет және 14 696 тонна сүт өндірілді. Құс саны – 147,9 мың басты құрайды. Есепті кезеңде құстардан 2,9 млн-нан астам жұмыртқа алынды.

Ауданның жалпы аумағы 646 мың гектар болса, оның ішінде суармалы жерлер – 56 мың гектар және жайылым жерлер – 248 мың гектарды құрайды. Бүгінгі таңға «ЖЕР АМАНАТЫ» бағдарламасы аясында 104 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылса, жыл соңына дейін 6 мың гектар жерді қайтаратын боламыз.

2024 жылға бюджетіміздің шығыс бөлігі 10,5 млрд.теңгені құрап отыр. Ал, кіріс бөлігіне 2 млрд. 822 млн. теңге түсімдер жоспарлануда.

Биыл аудан бюджетінің кірістер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 378 млн. теңгеге ұлғайтылды.

АУДАННЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТА ТҮСУДЕ

Ауданның әкімшілік іскерлік орталығына 38 гектар жер бөлінген. Қазіргі таңда әкімшілік пен прокуратура ғимараттары пайдалануға берілді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, полиция бөлімінің және аумақтық органдар ғимараттарының құрылыстары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

1 маусымға дейін тұрғын үй кезегіне 1 379 адам тіркелген. Әкімшілік іскерлік орталығынан 24 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Алдағы уақытта қосымша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізетін боламыз.

Сонымен қатар, аудан орталығынан 1 гектар жерге рәміздер алаңын, 2,1 гектар жерге орталық балалар саябағын салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда белгіленген аумақтың 1-ші кезеңінде 25 мың көшет егілді. 2-ші кезең құрылысы 2025 жылы аяқталатын болады.

Ауданда экономикалық белсенді халық саны — 39 903, жұмыссыздар саны — 1 974 адам, жұмыссыздық деңгейі – 4,9 %-ды құрап отыр. Жұмыссыздық пен кедейлікті төмендету мақсатында ағымдағы жылы 6 840 тұрғынды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, 5 айда 2 654 азамат жұмыспен қамтылды.

Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс жасайды (12 жекеменшік). Білім беру мекемелерінде оқушылар саны — 25 519 оқушыны құрайды. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданымызда 5 мектеп жоспарланып, қазіргі таңда 3 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, С.Қожанов елді мекенінде 300 орындық, Еңбекші дихан елді мекенінде 600 орындық, Аша елді мекенінде 600 орындық мектеп салынуда. Ынталы және Құмтүйін елді мекендеріндегі 600 орындық мектеп құрылысы және облыстық бюджет есебінен Абай елді мекеніндегі 300 орындық мектеп құрылысы ағымдағы жылы басталатын болады. Сонымен қатар, Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды, жаңа оқу жылына ашуды жоспарлап отырмыз.

Ағымдағы жылы әкімшілік іскерлік орталықтан 500 адамға қызмет көрсететін емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, 3 медициналық фельдшерлік акушерлік бекеттің құрылыс жұмыстары басталады. («Шаға», «Құсшы ата» ФАБ және «Жалантөс» МБ).

Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер есебінен «Ойық» медициналық бекеті және «Шекербұлақ» фельдшерлік-акушерлік бекеті құрылысы жүргізілуде.

АУЫЛ ЕЛ БЕСІГІ ЕКЕНІ РАС

Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы жылдарында ауылдар тозып, жастар қалаға қашқан болса, қазіргі таңда қаладан ауылдарға келушілер қатары күн санап артып келеді. Жергілікті әкімдіктердің басты міндеті тұрғындарды жайлы тұруына барынша қолайлы жағдай жасау. Осы ретте «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Бабайқорған ауылында 120 орындық клуб және кітапхана ғимаратының құрылысы басталды. Ескі Иқан ауылындағы мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтуде.

Аудан орталығынан 500 орындық Мәдениет үйі мен Жастар орталығын салу үшін жобалық сметалық құжаттар әзірленіп республикалық бюджетке өтінім жолданды. Жоба құны – 1,9 млрд. теңге.

Бабайқорған ауылындағы спорт зал ғимаратының құрылысы аяқталса, аудан орталығынан жаңа үлгідегі спорт кешені құрылысы басталды.

Сонымен қатар, Ибата, Теке, Ынталы, Абай ауылынан спорт кешенінің жобалық сметалық құжаттары дайын, «Орталық стадионның» жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, кәсіпкерлер есебінен 4 елді мекенде Жаңа Иқан, Иассы, Шаға, Оранғайда спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде. Балаларды спортқа баулу мақсатында 5 елді мекенде спорт алаңшасы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілсе, қосымша жыл соңына дейін 3 елді мекенде балалар ойын алаңшасы салынады.

Аудан бойынша аудандық маңызы бар жолдар 119,3 шақырымды және елді мекен көшелері 731,9 шақырымды құрайды.

2024 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 39,7 шақырымды құрайтын 29 ішкі көшелерге және облыстық бюджет есебінен 9 шақырымдық «Бабайқорған – Абай» жолына, 15 шақырымды құрайтын «Шорнақ – Ескі Сауран» жолына және 9 көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғанда, елді мекен жолдарының жағдайы 5,4% жақсарып, жалпы көрсеткіш 70 % жетеді.

Ағымдағы жылы «Кар-Тел» ЖШС-гі мен «Кселл» АҚ-ы операторлары тарапынан келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 8 елді мекенге (Бабайқорған, Ынталы, Аша, Шорнақ, Ибата, Ескі Иқан, Жүйнек, Қарашық) жаңа базалық станцияларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта қосымша 5 елді мекенде жүргізетін болады.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында, аудан бойынша 53 ауқымды іс-шара жүргізілді. 8 мыңға жуық адам қатысты. Нәтижесінде 32 мың дана көшет, 12 мыңнан астам гүл егілді. 50 мыңға жуық ағаштар бұталанып, 48 аялдамалар мен басты көшелер бойында тозығы жеткен 450 үйдің қоршаулары мен қасбеттері ретке келтірілді, 7,5 шақырымды құрайтын иригация жүйелері тазаланып 1 084 тонна қоқыс шығарылды. Полиция тарапынан Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-505 бабтарына сәйкес 364 хаттама толтырылып, 3 млн. 636 мың теңге айыппұл салынды.

Аудан бойынша 1 елді мекен ауыз су жүйесімен қамтылмаған және 12 елді мекенде ауыз су кестемен берілуде. Аталған елді мекендерге 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету 12 елді мекеннің ауыз су жүйелерін жөндеуге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ Қазақстанның 30 жылдығы, А.Үсенов, Жүйнек, Қарашық, Шаға, Нұртас, Шойтөбе, Бершінтөбе, Достық, Қаражон, Құмтиын, Қосқорған ауылдары.

Бес елді мекеннің оның ішінде Шорнақ, Қосмезгіл, Ескі Иқан, Еңбекші Дихан, С.Қожанов ауылдарындағы жаңадан қоныстанған аумақтарына ауыз су жүйесі тартылмаған Қазіргі таңда жоба әзірленіп жатыр. Жоба құны — 8,6 млрд. теңге құрайды.

Аудандағы елді мекендердегі электр желілері мен бағаналарының тозығы жеткен. Қазіргі таңда, осы мақсатта 36 жоба әзірленіп, 27 жобаның сараптама қорытындысы алынды, жоба құны 12 млрд. теңгені құрап отыр. Елді мекендердегі электр жарықтарының қуаттылығын арттырып, қысымын реттеу бағытында аудан тарапынан 53 дана трансформатор орнатылды.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында, ағымдағы жылы 102 дана электр бағанасы ауыстырылып, 17 шақырым электр желілеріне қайта құру жұмыстары жүргізіледі. 4 елді мекенге жаңа трансформатор орнатылады.

Ауданда 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту үлесі 43 пайызды құрады.

Ағымдағы жылы Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын салуға республикалық бюджеттен қаржысы мақұлданып, құрылысы басталатын болады.

Ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 10 жоба әзірленді, жоба құны – 21 млрд. теңгені құрап отыр.

Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне баратын магистральды газ құбыры және Қосқорған, Бостандық, Еңбекші Дихан елді мекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылысына жоба әзірлеудеміз.

Алдымызда Сауран ауданын дамыту бағытында ауқымды жоспарлар тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында кешенді жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамыту бағытында қарқынды жұмыс атқаратын боламыз.

Мақсат ТАҢҒАТАРОВ,

Сауран ауданының әкімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *