Түркістанда Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың мәжілісі өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық жасап, жүргізіп отырды.
Мәжілісте Облыстық полиция департаментіне қарасты басқарма бастығының орынбасары А.Бұрханов әлеуметтік желілерде есірткі құралдарын насихаттау және жарнамалаумен айналысатын аккаунттарды жедел бұғаттау бойынша атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Сонымен бірге нашақорлық пен есірткі қылмыстарына қарсы іс-шаралар, арнайы «Көкнәр», «Допинг» тағы басқа алдын-алу операцияларының нәтижелері туралы да айтты. Ал Түркістан облысында халық, оның ішінде жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің 2022-2023 жылдарға арналған медиа-жоспарының орындалуы жайлы Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары К.Мырзабеков баяндама жасады. Сонымен бірге кәмелетке толмағандар арасындағы есірткіге қатысты құқықбұзушылықтарының жолын кесу жөніндегі кешенді шаралар бойынша Облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Ж.Маханбетов айтып өтті.
Облыс әкімінің орынбасары есірткіге қарсы күрес бағытындағы алдын алу шараларын күшейтіп, жұмысты жүйелеу керектігін ескертті. Жұмысты нашар атқарған жауапты тұлғаларға сын-ескертпе айтты.
– Штабтың жұмысы жүйелі емес. Немқұрайлылық бар. Есірткіге қарсы ақпараттық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуі керек. Әр басқарма, құқық қорғау органдары өз құзіреттері шеңберінде ұсыныстар беріп, жұмысты ширатқаны жөн, – деген Бейсен Тәжібаев жауаптыларға міндеттер жүктеді. Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 2024 жылдың 8 айында облыс аумағында есірткімен байланысты 401 дерек тіркелді. Оның ішінде, қылмыстар – 205, қылмыстық теріс қылықтар 196 деректі құрады. Заңсыз айналымнан 1 тонна 151 килограмм түрлі есірткі заттары тәркіленді.