
Экономист, сарапшы мамандар азаматтардың қаржылық сауатын арттырмай мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес екенін алға тартады. Осы орайда экономист Мақсат Халықтан тұрғындар несие алуда басты ескеру керек маңызды мәселелерді тізбектеп, түсіндіріп беруді сұрадық.
«Сізге несие берді дегенде, көзін жұмып тұрып келісімшартқа қол қойып шығады…»
Экономист Мақсат Халық несиені қайтарарда артық ақша төлемеу үшін ескеру керек 5 маңызды мәселені егжей-тегжей түсінідіріп берді:
- Қаржы менеджерімен кездескенде қанша пайызбен несие берілетінін біліңіз.
Әдетте осы сұраққа қаржы менеджерлері номиналды пайыздық мөлшерлеме 16-18 пайыз деген секілді жауап береді. Мұны атаулы пайыздық мөлшерлеме деп те атайды. Асылында бізге негізгі керекті пайыз жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме. ГСВ деп тұрады. Годовая эффективная ставка вознаграждение. Тұтынушы осы мөлшерлеменің пайызын білу керек. Ол заң бойынша 2-ші деңгейлі банктерге 10 пайызды 56 пайызға дейін қою рұқсат етілген. Бұл комиссия сынды барлық қызметті қамтығандағы пайыздың формасы. Біздің елде ГСВ 40-50 пайыздан жоғары беріліп жатады. Ол өте жоғары пайыз. Азаматтар осындай жоғары пайызбен несие алса, өзінің қаржылық жағдайын нашарлатады. Қарыздың шырмауына кіріп, несиесін өтей алмау тәуекелі жоғары. Осы пайыздық мөлшерлеме қай банкте төмен сол банкпен келісімшарт жасауға болады. Бұл несие аларда бірінші мән беру керек дүние.
- Келісімшартты оқып шығу керек.
Бізде көбінесе азаматтар сізге несие берді, «одобрение» алдыңыз дегенде қуанып кетеді де, келісімшарттың әр бетіне көзін жұмып тұрып қол қойып береді. Бұл дұрыс емес. Кей келісімшарттарда мынадай бөлім болады: «егер жылдық инфляция 10 пайыздың үстінде болса онда банк несие пайыздарын қайта қарастырады». Сізге ескертпестен «рефинансирование» жасайды деген жолдар бар. Мәселен, өткен жылы инфляция 20 пайыздың үстіне шықса, несиені автоматты түрде қайта қаржыландыруға жібере салады. Нәтижесінде пайыздар өседі. Қайтарып жүрген несиенің негізгі қаржысы да ұлғайып кеткендей болады. Осындайда азаматтар арасында «мен қанша төледім, неге менің негізгі қарызым азаймаған» деген секілді түсінбестік туындайды.