
Жаңа технологиялар қарқынды дамыған ғасырда жаңалыққа ілесу маңызды. Қарапайым тілмен айтқанда, қазір кеңсе жағалап, қағаз құжат арқалағандар жоқтың қасы. Алақандағы смартфон арқылы талай шаруаның түйіні шешіліп жатыр. Алайда цифрландыру заманында үйренгенімізден үйренеріміз көп. Жаңа технологияны меңгеру арқылы жасанды интеллектіні жұмсап, елдің жайын біліп отыруға да болады.
Жалпы цифрландыру ісінде елдің жеткен жетістіктері аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында жаңа технологияны кеңінен қолдану орасан зор мүмкіндіктерге жол ашатынан атап айтты.
– Азаматтарымыз мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді цифрландыру ісінің артықшылықтарын жақсы біледі. Электронды үкімет сайтындағы қолжетімді қызметтердің тізімі үнемі толықтырылып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Қазақстан Е-government-ті дамыту көрсеткіші бойынша әлемде 24-ші орын иеленді. Бұл – тәуір нәтиже, бірақ оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайды. Көрсеткіштерді барынша жақсарту керек. Мен мұны Үкіметке жиі айтып отырамын. Бұдан бөлек, еліміздегі банктер де адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін едәуір жеңілдете түсу үшін өздерінің цифрлық экожүйесін қалыптастырып жатыр.
Қазақстанның экспортталатын ІТ-қызметтер саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Astana Hub табысты жұмыс істеп тұр. Бұл технопарк бір жарым мыңнан астам компанияның басын біріктіреді. Оның үштен біріне жуығы – шетелдік компания. Осылайша, еліміз жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келеді, – деді ел Президенті.
Азаматтарға белсенді қызмет көрсету бағытында әл-ауқат деңгейі, экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайлары, денсаулық сақтау, білім саласы бойынша тиісті жұмыс жүргізуде. Қалай айтқанда да жаңа технологиялар өмірімізге дендеп енуде. Оны игілігімізге пайдалану біліктілікті талап етеді. Жаңа технологияны ел игіліне тиімді пайдалана білу – адамның міндеті.