Түркістан облысындағы Созақ ауданы бойынша инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда аудан көлеміндегі 10 ауылдық округ пен 2 кентке қарасты 29 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.
Олардың ішінде 25 елді мекенге ауыз су тәулік бойы, ал 4 елді мекенге – Созақ, Қарақұр, Қаратау және Қозмалдақ ауылдарына кесте бойынша беріледі.
Ауыз су сапасын арттырып, барлық елді мекендерді тәулік бойы сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, Созақ, Шақырық және Қаратау елді мекендерінің су жүйелерін қайта құру үшін бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Жоспарға сәйкес, Созақ және Шақырық ауылдарындағы жобалар биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Қаратау елді мекеніндегі ауыз су жүйесін жаңғырту 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жалғасын табады.
Ауыз сумен қамту – халықтың өмір сапасын арттырудағы басты бағыттардың бірі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
