Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлына редакциямыздан арнайы хатпен сұрақтар жолдадық. Мақсатымыз – шаһар басшымен қағаз бетінде сұхбаттасу. Жауап келді. Сұрақтар мен жауаптарды қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Түркістан қаласы көгалдандыруға және оны күтіп-бартауға қатысты қандай мәселелер бар. Шілденің аптап ыстығынан өттік. Осы жұмыстарға жыл сайын қазынадан қанша қаржы бөлінеді?
Бүгінгі таңда қала аумағындағы 300 нысанда, соның ішінде 36 саябақта (342 га), 80 аллея мен скверде (169 га), 168 көше бойында (134 га) және 16 жасыл алқапта (127 га) көгалды аймақтарды күтіп-баптау жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда. Жалпы жасыл желектердің көлемі 772 гектарды құрайды.
2019 жылдан бері Түркістанда 1,4 миллионнан астам ағаш пен 410 мыңнан аса бұталы өсімдіктер отырғызылды. Қураған көшеттер мердігер мекемелердің кепілдік міндеттемесіне сәйкес маусым сайын қайта отырғызылып отырады. Суару жұмыстары 230 ұңғыма, «Арыс–Түркістан» арнасы және «Қос қорған» су қоймасы арқылы жүзеге асырылады.
2025 жылы қала аумағына қосымша 238 131 түп ағаш егу жоспарланған, оның ішінде 214 625 түп – табиғи ресурстар басқармасы тарапынан, ал 23 506 түп – жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, аэропорт жолы мен Б.Саттарханов даңғылында, сондай-ақ жаңа «Лаванда алқабы» мен көпжылдық гүлдер композицияларын орнату жобалары қарастырылған.
Түркістан қаласын көгалдандыру және жасыл аймақтарды күтіп-баптау жұмыстарына жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Биыл бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 5,7 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Ал негізгі келісім-шарт бойынша жалпы сома 6,9 млрд теңге көлемінде белгіленген. Бұл қаржы қала аумағындағы саябақтар мен гүлзарларды абаттандыруға, жаңа көшеттер отырғызуға және жаздың аптап ыстығында суару жүйелерін күшейтуге бағытталып отыр. Қазіргі таңда 113 нысан бойынша келісім-шарттар жасалып, жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Түркістан қаласын руханиятымыздың діңгегі деп санайды көпшілік. Осы бағытта алда қандай жаңа бастамалар бар?
Түркістан – еліміздің рухани және мәдени орталығы ғана емес, түркі әлемінің киелі ордасы ретінде де ерекше маңызға ие қала. Соңғы жылдары мұнда руханият пен мәдениетті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығы, «Қолөнершілер қалашығы», «Ұлы Дала Елі» орталығы сияқты нысандар арқылы ұлттық дәстүр мен рухани мұра жаңаша сипатта жаңғыртылды. Түркістанда ұйымдастырылған халықаралық қолөнер фестивальдері, мәдени форумдар мен көрмелер қаланың беделін арттырып, түркі әлемінің мәдени астанасы ретіндегі мәртебесін нығайтты.
Қазір бұл бағыттағы жұмыстар «Түркістан облысында туризм саласын дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» аясында жаңа қарқынмен жалғасуда. Аталған жоспар бойынша 2029 жылға дейін өңірге келетін туристер санын 1 миллион адамға жеткізу көзделген. Оның ішінде орналастыру орындарында тоқтайтын туристер саны – 550 мың адам, табиғи аумақтарға келетіндер – 200 мың, ал емдік-сауықтыру орындарын пайдаланушылар – 250 мың адам болуы жоспарланған. Бұл көрсеткіштерге жету үшін облыстың туристік инфрақұрылымын жаңарту, жаңа бағыттар мен қызмет түрлерін енгізу, сондай-ақ табиғи, мәдени және тарихи байлықтарды тиімді пайдалану бағытында кешенді шаралар қабылдануда.
Туризм саласын дамыту үш негізгі бағытта жүзеге аспақ: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Этнокластер аясында дәстүрлі қолөнерді, ұлттық тағамдар мен мәдени шараларды насихаттау көзделсе, экокластер бағытында табиғи аймақтарда экотуризм орталықтары құрылады. Ал курорттық кластер арқылы емдік-сауықтыру демалыс орындары заманауи деңгейге көтерілмек. Сонымен қатар, жаңа агротуризм, спелеотуризм, экстримдік және сафари туризм түрлерін дамыту, өңірде жаңа мұражайлар ашу жоспарланып отыр.
Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында алдағы уақытта «Turkistan City Pass» атты электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе мұражайлар, қонақүйлер, мейрамханалар мен такси қызметтерін біріктіріп, жеңілдіктер ұсынатын бірыңғай қызмет түрін қамтамасыз етеді. Мұндай бастамалар Түркістанның рухани орда ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтып, оны түркі әлемінің заманауи мәдени және туристік орталығына айналдыруға зор мүмкіндік береді.
