ҚАЙТАР ЖОЛДЫҢ ҚАСІРЕТІ
Эйбов Бинали Якияұлы 1960 жылы 9 қыркүйекте Түркістан қаласында дүниеге келген. Түрік ұлтының ұлы, білімді отбасының тұңғышы. Никитин атындағы орта мектепті тәмамдап, Автомобиль жолдары институтында жоғары білім алған. Әкесі Якия мен анасы Набат бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, Биналиге өмірлік тәрбие мен батылдық дарытқан жандар.
1979–1981 жылдары Бинали Ауғанстанның Кандагар қаласында мотоатқыштар әскери бөлімінің рота старшинасы қызметін атқарды. 1980 жылдың наурызында батальонмен Мазари-Шариф провинциясына рейдке шығып, құрамында арнайы техника мен авиациясы бар 350 адамнан тұратын операция екі тәулікке созылады. Бинали басқарған бөлімнен алты жауынгер ауыр жарақат алып, әр сәт өмір мен өлім арасында өтеді.
— Бізге дұшпанның шегінуіне жол бермеу тапсырылды, — деп еске алады Бинали аға. — Дұшпандардың әр шабуылы — өмірге сынақ. Құтылудың әртүрлі амалын қарастырған дұшпандар жиі-жиі шабуылдаумен болды. Біз д қасырысып бақтық. Ақырында тапсырманы абыроймен орындап, Кандагарға қайту бұйрығын алдық. Қайтар жолда тау жақтан дұшпандардың екінші шоғыры шығып, оқ жаудыра бастады. Екі қапталдан қысқан жау жолды қоршап алып, БТР колоннасы мен танктер тоқтап қалды. Үш сағатқа созылған атыста әртүрлі тәсілдерді қолданып қоршаудан шықтық. 5-6 шақырым ұзаған соң мен отырған БТР машинасы әккі дүшпандар қойған минаға түсіп, аударылды. Жарылыстан өзім және серіктерім жарақат алып, госпитальда 11 күн емделдім. Содан соң қызметке қайта оралып, әскери борышымды соңына дейін адал атқардым, — дейді Бинали Якияұлы.
Ерлігі үшін Бинали аға СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «За боевые заслуги», «От благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане» медальдарымен марапатталған. Бүгінде Бинали Якияұлы мен жұбайы Нағима отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
ҚАНДЫКӨЙЛЕКТЕРДІҢ ҚАЙСАРЛЫҒЫ
Ахметов Арыстан Қалиұлы 1960 жылы 3 ақпанда Түркістан қаласында дүниеге келген. 1967 жылы М.Мәметова атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, кейін отбасылық жағдайға байланысты Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы №163 мектепті тәмамдаған.
1979–1980 жылдары Арыстан Қалиұлы Ауғанстанның Кабул қаласында 180-ші полктің 2-батальоны, 1-ші барлаушылар взводында әскери борышын өтеді. Айтуынша, 1980 жылдың қыркүйегінде жоғары командирлік тапсырма бойынша блокпостқа қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізу керек болған. Блокпостқа барар жолда тасқыны күшті өзеннен өтіп, межеленген жерге заттарды жеткізіп болған сәтте жан-жақтан дүшпандар атқылай бастаған.
— Әлгінде ғана босаңсып отырған едік, қас пен көздің арасында кәдімгі жауынгерлерше қырағы қалыпқа ене шықтық, — дейді Арыстан аға. — Біз де қарсыласқа шабуылдап, жан-жақтағы достарымызбен көзден таса жерлерге жасырына отырып көрінген жауды сұлатып жаттық. Жаудың бекінісін бұзуға талпындық. Содан жауларымыз өздері құрған тұзаққа өздері түсіп, ал біз тапсырманы ойдағыдай орындап шықтық. Алайда соғыс ортасында әр қадам — сынақ. Достарымыздың біреуін көз алдымызда жоғалтудың ауыр сәттері мені де сынады. Бірде дұшпандардың қоршауында қалып қойып, тапсырманы орындауға әрекеттеніп жатқанымызда оң жақ өкпеме оқ тиіп, ауыр жарақат алдым. Қаруластарымның жедел көмегімен тікұшаққа жетіп, ауруханада емделіп, аман-есен туған жерге оралдым, — деп еске алды ағамыз.
Ерлігі үшін Арыстан Ахметов КСРО Президиумы жарлығымен «Қызыл жұлдыз» орденімен, «70 лет вооруженных сил СССР», «От благодарного Афганского народа», «Воину-интернационалисту», «15 лет вывода советских войск из ДРА», «Ветерану войны в Афганистане 1979–1989 гг.» сияқты мерекелік медальдармен марапатталған.
Бүгінде жұбайы Гүлжаханмен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
ҚАҺАРЛЫ КҮНДЕР ЫЗҒАРЫ
Омаров Бақтияр Османұлы 1968 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Сунак ауылында дүниеге келген. Әкесі Осман мен анасы Әмина екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, Бақтияр үшінші болып өседі. Орта білімді Қызыл әскер мектебінен тәмамдаған ол Түркістандағы орта кәсіптік-техникалық училищеде оқиды.
— 1986 жылы әскер қатарына шақырылдым, – деп еске алады Бақтияр аға. — Тәжікстанның Яван қаласында дайындықтан өтіп, Самарқаннан ұшақпен Ауғанстанға алып барды. Онда баратынымызды ұшаққа мінгенді бір-ақ білдік. Бізді Ауғанстанның Құндыз қаласындағы 149 мотоатқыштар полкіне орналастырды. Ротада пулеметші болып, старшина шенінде қызмет атқардым. Біз орналасқан жерге дұшпандардың шабуылдары жиі болып тұрды. Соның ішінде бір сәтте 23 жауынгер мен 2 офицердің қаза тапқан ұрысы есімнен кетпейді. Барлығы жас, өмірге жаңа қадам басқан қыршындар еді. Қимылсыз жатқан достарымның бейнесі әлі көз алдымда. Ауған жерінде біз небір қиямет күндерді бастан өткіздік. Сол сәттерді еске түсірудің өзінен жүрегім түршігеді. Бізге тек бір тілек қалды — заман тыныш болсын, балаларымыз біз көрген соғысты көрмесін! — дейді ол.
Бақтияр ағаның ерлігі СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, «За боевой заслуги», «От благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане» медальдарымен бағаланды. Бүгінде Бақтияр мен жұбайы Айзада төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Айбынды ер теміржол саласында еңбек етіп, өмірлік тәжірибесін отбасына және жас ұрпаққа үлгі етіп келеді.
БЕКІНІСТЕГІ БЕС САҒАТ
Байменов Сырлыхан Асылханұлы 1967 жылы 13 қазанда Түркістан қаласы, Абай ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасының үшінші перзенті. Сырлыхан Асылханұлы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, әскери-техникалық мектептен білім алған. Ол 1986–1987 жылдары Ауғанстанның Ташкурган провинциясында мотоатқыштар полкінде танкіге қарсы батареяның жүргізушісі қызметін атқарды.
— 1986 жылы ақпанда Ауғанстан шекарасынан 130 шақырым қашықтағы 122-полкке жүргізуші болып түстім, — дейді Сырлыхан аға. — Міндетіміз — Кабул қаласына тартылған жанармай құбырының 45 шақырымын қарауылдап, күзету. Бір күні дұшпандар құбырды жарып, біздің көлігімізге оқ жаудырды. Бес қаруласымыз ауыр жарақат алды. Дұшпандар тұс-тұстан шабуылдап, қоршауда қалдық. Қоршауда қалғанымызда біз айналадағы бекіністерге көшіп, қосымша көмек келгенше жаумен ұрыс жүргіздік. Көмек бас сағаттан соң келіп, қарсыластардың бетін қайтардық. Атылған құбырдың май аққан жерін жөндеп, қайта іске қостық. Заставаға келгенде ондағылар бізді жерлеп қойғандарын жасырмады. Ауған жерінде өткізген екі жылымда оннан аса жорыққа қатысып, жиырмадан аса әскери тапсырманы абыроймен орындадым. Өмірдің әр сәті сынақ болды, бірақ бір мақсат — борышымды адал атқару еді, — дейді Сырлыхан аға. Осындай жанкештілігі мен ерлігі үшін ол СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, «От благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане» сияқты медальдармен марапатталған. Жұбайы Ғалия екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр.
Сонымен, Ауған жерінде талай боздақты жалмаған, талай отбасын азапқа салған он жылдық майдан тарихымыздың ауыр әрі тағылымға толы беттерінің бірі. Сол сынға толы шақта жаужүрек ағалардың қайсарлығы мен батылдығы бүгінгі ұрпақ үшін өлшеусіз өнеге болып қала береді. Түркістан жерінен аттанып, жат жерде өмірін тәуекелге тігіп, ауыр жарақаттардан аман оралған ағаларымыздың ерлігі тек медальдар мен наградалармен емес, олардың өнегелі өмірімен, елге адал қызметімен, отбасына деген махаббатымен айқындалды десек артық айтпаған болармыз. Әрбір естелік жауынгерлік рухтың, Отан алдындағы адалдықтың белгісі. Бүгінгі бейбіт заман осы азаматтардың есепсіз еңбегі мен ерлігі арқасында келді. Бұл ерліктер — мәңгілік естелік, мәңгілік үлгі…
Дәурен ТІЛЕУХАН.
