ТҮРКІСТАН: ҮЛКЕНДЕР ЖОЛЫ — ҰЛЫЛЫҚ

 

«Үлкендер жолы — ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып». Неткен даналық! Алдымыздағы аға ұрпақ ұлылығын таныта білсе, соңынан ерер, ұғынар ұрпағы да болары сөзсіз. Қаламыздағы ашылғанына 5 жылдың жүзі болған №28  мектеп-лицейінің Жақсыбек қажы Бейсенов атындағы  кітапханада  өткен іс-шараның тәрбиелік тағылымы да  осында. Қаламыздағы ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, еңбек ардагерлері, қазыналы қарттарымыз, қоғам белсенділері, жалпы мектеп ұжымы  мен кітапхана қызметкерлері қатысқан жиынның түпкі мақсаты да — ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, асыл мұрамызға адалдық таныту, жастарға  аманаттау. Басты кейіпкер — Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген тыл және еңбек ардагері, қаржы саласының білгірі, Түркістан қаласының құрметті азаматы Жақсыбек қажы Абылайұлы Бейсенов өмірбаяны жазылған «Алтын кітап» пен кілемге тоқылған суретін салтанатты жағдайда мектеп-лицей ұжымына сыйға тартты. Кілемге тоқылған портрет авторы — Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі — Дәулет Ділдәбекұлы. Тамырын тереңге жайған бәйтеректей жайқалып, өсіп-өнген,  өзінен тараған ұрпақтарының құшағында бақытқа бөленген тоқсанның толқынындағы Жақсыбек ата әрбір ісімен жастарға үлгі-өнеге қалдырғысы келеді. Ұрпағының да білімге құштар, зейінді болғанын қалайды. Жақсыбек қажы Абылайұлының өзі де бала күнінен білімге құштар, кітапты өзіне серік еткен зерек жан. Негізгі мамандығы қаржыгер-есепші болғанмен, әдебиет — өмірінің мәні. Сондықтан да, шаңырағында шағын бір кітапхана қоры жиналғанына таңдануға болмайды. Төргі бөлменің бір қабырғасын тұтас алып тұрған кітап сөрелерін көріп кезінде өзім де таңғалған едім. Енді сол құнды байлық аталмыш мектептің кітапханасынан орын алыпты. Ол  кісінің өнегелі ісі туралы мектеп-лицейдің 5 жылдығына арналып жарық көрген «Алтын көпір» кітабында былай деп жазылыпты:

«Мектебіміз  алғаш ашылған сәтте барлық бағыттағы материалдық-техникалық база біртіндеп қалыптасып жатқан болатын. Соның ішінде мектеп кітапханасының да қоры әлі толық жиналып үлгермеген еді. Дәл осындай кезеңде рухани қолдау мен өнегенің үлгісін көрсеткен ұрпақтар үніндей бір игі іс жүзеге асты. Түркістан қаласындағы ардагер-ақсақалдар алқасы, Бейсенов Жақсыбек Абылайұлы бастаған ардагер қазыналарымыз №28  мектеп-лицейінің қорына «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында 107 дана құнды кітап тарту етті. «Бұл жәй ғана кітап емес, бір дәуірдің рухани мұрасын, өмірлік тәжірибесін, тәрбиелік тағылымын бойына жинақтаған жәдігерлер еді» деп жазылыпты. Жақсыбек қажы Бейсенов бұл игі қадамын одан әрі жалғастырып, Түркістан қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Өнегелі өмірдің жалғасы — ұрпақтар сабақтастығы» атты облыстық семинар аясында мектеп кітапханасына  өзінің жеке кітапханасынан тағы да екі мың құнды  кітап тарту етті. Бұл тарихи сәт — кітапханаға Жақсыбек Бейсеновтың есімі берілу рәсімімен жалғасқан еді. Міне, сол күннен бастап Жақсыбек ата мектеп ұжымының бір мүшесіндей оқушылар өміріне тығыз араласып келеді. Кітапханада өткен кездесу-сұхбаттарға қатысады. Өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жас ұрпақты жақсылыққа үндейді. Бұл күні тапсырылған жәдігерлер де кітапхана төрінен орын алды. Кешке қатысқан Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Түркістан қаласының құрметті азаматы, медицина ардагері Шора Исмолдаев, еңбек ардагерлері Сәбит Мүлкібаев, Е.Сейсембеков, «Бітімгер» медиация қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы тағы басқа да Жақсыбек қажының үзеңгілес достары пікірлерін айтып, ойларымен бөлісті. Естелік суретке түсті. Оқушылар орындауындағы концертті тамашалады. Мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Замира Базарбайқызы, кітапханашы Әсемгүл Жақсылықова сөз сөйлеп, алғыстарын білдірді.

Роза НАРЫМБЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *