ТҮРКІСТАН: МАЙДАНГЕР ЖАЗУШЫ – КӘМЕН ОРАЗАЛИН

 

Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, майдангер жазушы, ұлағатты ұстаз Кәмен Оразалиннің туғанына 105 жыл толып отыр. Абай рухының асыл шырақшысы болған Кәмен Оразалиннің өмірі мен шығармашылығы — тұтас бір дәуірдің шежіресі. Шәкәрімнің қолынан дәм татқан, Мұхтар Әуезовпен сыйлас болған, Абайдың мұрасын өмірлік темірқазық еткен жазушының балалық шағы Абай елімен біте қайнасып өтті. Ол жастайынан Абай, Шәкәрім, Көкбай, Шәкір сынды дала даналарының сөздерін бойына сіңіріп өсті. 1939 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Осы кезеңде қалам мен қаруды қатар ұстап, болашақ жазушының азаматтық һәм әдеби қалыптасуы жүріп жатты. Соғыстағы ерлігі үшін «Даңқ» орденімен және басқа да медальдармен марапатталған.

Соғыстан оралған соң 1947 жылы мұғалімдер институтын тәмамдап, туған ауылындағы Абай атындағы мектепте ұзақ жыл ұстаздық етті. Кәмен Оразалин әдебиеттегі сапарын 1950 жылы жарық көрген «Жексен» повесімен бастады. Кейін «Ақ жазық», «Көктем салқыны», «Кең байтақ» сынды романдары арқылы тың игеру мен ұжымдастыру тақырыбын көркемдікпен бейнеледі. Алайда жазушының қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік еңбегі — төрт томнан тұратын «Абайдан соң» роман-эпопеясы. Жазушының осы бағыттағы шығармашылық жолы кейін «Абайдан соңғы арыстар» атты трилогиямен жалғасын тапты. 2008 жылдың наурыз айында дүниеден озғанымен, оның есімі ел жадында, шығармалары халық жүрегінде мәңгі сақталады. Бүгінгі ұрпақ үшін Кәмен Оразалин – ерлік пен елдік, білім мен руханияттың алтын көпірі.

Қаламы – қару, сөзі – шындық болған қайраткерге мың тағзым!

Матишева Гульнора Балтабаевна,

«Фараб» кітапханасының ақпараттық библиография бөлімі-библиограф.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *