ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БЕСЖЫЛДЫҚ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫ ТҰРҒЫНДАРҒА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

 

Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстыруға арналған кездесу ұйымдастырылды. Жиынға партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов, штаб мүшелері және қала тұрғындары қатысты. Басқосуда алдағы бес жылда өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған басым міндеттер мен жоспарлар кеңінен сөз болды.

Кездесу барысында Алмас Салимов партияның облыстық сайлауалды бағдарламасының негізгі мазмұнына тоқталып, құжат өңірдің даму ерекшеліктері мен халық арасында жиі көтерілетін өзекті мәселелерді ескере отырып жасақталғанын жеткізді. Оның айтуынша, бағдарламада Түркістан облысының экономикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, әлеуметтік салаларды жетілдіру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы нақты бастамалар қамтылған.

Штаб жетекшісі 2031 жылға дейінгі кезеңге жоспарланған жұмыстардың қатарында жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау маңызды орын алатынын атап өтті. Сонымен бірге ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, жолдардың сапасын жақсарту, инженерлік-коммуналдық желілерді жаңарту және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселелері де назардан тыс қалмаған.

Бұдан бөлек, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының сапасын көтеру, жаңа мектептер мен медициналық мекемелер салу, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту және бұқаралық спортты қолдау міндеттері белгіленген. Цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру және экологиялық ахуалды жақсарту да бағдарламаның маңызды құрамдас бөлігі болып саналады.

Алмас Салимов өз сөзінде партия бағдарламасының тоғыз негізгі басымдығына жеке-жеке тоқталды. Олар – «Заң мен тәртіп», «Тиімді институттар», «Қуатты өңірлер», «Әділ экономика», «Цифрлық мемлекет», «Әлеуметтік ынтымақтастық», «Адам әлеуеті», «Жаңа мәдениет» және «Таза Қазақстан». Аталған бағыттар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және өңірлердің тұрақты дамуына негізделген.

Жиында халықты жұмыспен қамту және тұрақты табыс көздерін қалыптастыру мәселесіне де ерекше мән берілді. Бұл бағытта 2031 жылға дейін Түркістан облысында 105 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын өркендетуге басымдық берілмек. Жоспарланған жобалар жаңа өндіріс орындарын ашуға, өңірдің экономикалық айналымын кеңейтуге және мыңдаған тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда тұрғындармен ашық диалог орнатудың маңыздылығын да атап өтті. Алмас Салимов халықтың ұсыныс-пікірлерін ескеру, қоғамдық бақылауды күшейту және мәслихат депутаттарының өз жұмысы бойынша тұрақты есеп беруі бағдарламаның нәтижелі орындалуына ықпал ететінін жеткізді. Оның пікірінше, өңірдің дамуына қатысты шешімдер қабылдау кезінде тұрғындардың талап-тілектері мен нақты қажеттіліктері басты назарда болуы тиіс.

Басқосу соңында қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, өңірдің болашағына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар партияның алдағы бес жылға арналған бастамаларымен танысып, бағдарламаның негізгі бағыттарын қолдайтындарын білдірді. Өз кезегінде штаб мүшелері қойылған сұрақтарға жауап беріп, айтылған ұсыныстарды назарға алды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *